Той көбейсе, жан қайғы
Той көбейсе, жан қайғы
238
оқылды
Дерт жайлы ақпаратқа құлақ үйренді ме екен, соңғы кезде 30-40 адам жиналған тойды қауіпсіз санап, осы форматта жиын жасауға құлшынғандар көбейді. Сонда жұртшылықтың шағын той ұйымдастыра беруіне бола ма? Бұл жайлы жауаптылар не дейді, адам өмірін қайда қоямыз? Той тоқтағанда әуелі осы мәселені қозғап, бас көтерген тойхана иелері мен асаба, ән­ші­лер болатын. Олардың айтатын базынасы – табысынан қағылға­ны. Бұл жөнінде талай талқы­ланып, жиындар да өтті. Даудың ізі басылып, тынышталды ма дегенде, ауылдағы ағайын есік алдына той жасайтын әдет шы­ғарды. Басты сылтау – көп адам жиналмаса болды. Бірақ сол жиын-тойдан қауіп болмады деп айта алмайсыз. Мысалы, 21 мау­сым күні Қостанайда 70 адамға шақтап той өткізген мейрамхана иесі анықталды. Тойға қатыс­қандардың ішінде індет жұқтыр­ғандар бар ма, ол жағы әлі бел­гісіз. Бірақ Өзбекстанға тойға барамын деп 3 айлық сәбиі бар алматылық әйел вирус жұқтыр­ғанын ел біледі. Дәл осы көрші елде тойда 12 адам мен қалың­дықтан да індет анықталған болатын. Тойдан бөлек, қонаққа барып, вирусқа шалдыққан адам­дар да есепсіз. Ал Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жуық арада той жасауға рұқсат бере қоймайтыны анық. Соңғы дерекке қарасақ, Қа­зақстан аумағында корона­ви­руспен ауырғандардың саны 21 мыңнан асып кетті. 200-ге жуық адам көз жұмды. Індеттің екінші толқынының тигізген зардабы мол. Бірақ мамандар вирустың бірнеше толқыны қайталануы мүмкін екенін жасырмайды. Осындай қысылтаяң шақта той жасаудың не мәні болуы мүмкін? Бұған қатысты дәрігер маман мен той жүргізуші асабалар не айтады?   BatirБатыр АЙТЖАНОВ,  медицина ғы­лым­дарының докторы,  виру­­солог дәрігер: – Қазіргі ке­зең «байтал түгілі бас қайғының» кебі. Вирусолог ретінде бұл той­лардың өтуіне түбегейлі қар­сымын. Мейлі, сақтық шарасын орындасын, 30 адам ғана ша­қырсын, инфекция оған қара­майды. Көпшілік болса болды, вирус тарала береді. Кей кезде адам аз жиылған тойларға жер­гілікті Ішкі саясат басқарма­ларының рұқсат беріп жатқанын құлағым шалды. Ол дұрыс емес. Әкім экономист немесе заңгер болуы мүмкін, бірақ ол дәрігер бола алмайды. Сондықтан елдің бас санитар дәрігері вирус тү­бегейлі жойылсын десе, тойларға толығымен тосқауыл қойғаны абзал. Бір-бірінің тойы мен жа­назасына келмеді деп халықтың өкпелер жөні жоқ. Халық 2-3 ай бұрын коронавирус барына сенбеп еді, қазір ауырған адам көп, кейбірі көз жұмып жатыр. Байқасаңыз, төтенше жағдай кезінде вирус қарқыны бәсеңдеп, оңалып қалып едік. Артынша дертті қайта өршіттік. Меніңше, төтенше жағдай режимін ел аумағына қайта енгізген жөн. Философияда себеп пен салдар деген түсінік бар. Қазір пнев­­мониядан қайтыс болды деп жа­тады. Шынында, себеп – корона­вирус, салдары – тұмау, пнев­мония. Сондықтан тұмау болып қалсаңыз да, жай отыруға бол­майды. Мысалы, көрші Қы­тай шектеу арқылы жағдайын жақ­сартты, ал «біз адамдардың құ­қын шектемейміз» деген Швеция амалсыз адамдарды шектеуге енді ғана мәжбүр бо­лып жатыр.   MyxtarМұхтар ЖBКЕТ, той ұйымдасты­рушы, асаба: – Жуырда той­ға 5 жылға дейін тыйым салу жөнінде ұсыныс­тар айтыла бастады. Өз басым мүлдем келіспеймін. Халықтың басым бөлігі бұл ұсынысты қолдамайтыны анық. Әрине, той иелерінің шектен шыққан кез­дері болды. Үнем мен ысыраптың арасын бағамдай алмай жатты. Қазіргі індет жағдайын да түсініп отырмыз. Бірақ 30-40 адам жи­налған тойларға тыйым салға­нын құптамаймын. Сақтық шара­ларын ескерсе, өзін нашар се­зінген адам тойға келмесе, жет­кілікті болар. Осы мамыр айында Талдықорғанға қарасты ауылда той жүргіздім. Той иелері әкім­шілікке 40 адамнан көп жинал­майтынын, барынша сақтық ша­раларын орын­дай­тынын ай­тып рұқсат сұрап, келісімін ал­ған. Тойды өткіздік, кейін ешкім ауырмады. Мен де вирустан қор­қамын. Егер той­ға түбегейлі тыйым салып, жағ­дайды реттей­міз десек, сау­да орындары мен көшеде жүруді де тоқтату керек. Әйтпесе, авто­буста, дүкенде бет­перде тақпай, қоғам алдындағы жауапкер­шілігіне бейжай қарап жүрген­дерді көз көрді.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ