Туристік автобус бағыты
Туристік автобус бағыты

Жамбыл өңірі – тарихи-мәдени құндылықтарға өте бай мекен. Бұған дейін көне жәдігерлер мен құрылыстардың маңызын ескерсек, оны аралаушылар есебінен ішкі туризмді дамытуға болатыны айтылып жүрген-ді. Осыған орай, және Жастар жылына байланысты облыс әкімдігі туризм басқармасының қолдауымен екі туристік автобус бағыты ашылды. Бұл – облыста бұрын соңды қолға алынбаған тың жоба.

Ал шараның ашылу салтана­тын­­да облыс әкімінің орынбасары Нұр­жан Календеров сөз сөйлеп, Елба­сы жариялаған Жастар жылы­ның маңызына тоқталды. Сондай-ақ ол аталған автобус бағыттары жастарға, оның ішінде студенттер мен оқу­шы­ларға  5 ай бойы тегін қыз­мет ететінін айтып, сәттілік тіледі. Бағыттармен ең әуелі Ұлы Отан соғысының ардагерлері және әлеуметтік қызмет көрсету орталы­ғы­ның қызмет алушылары, көп­ба­лалы отбасынан шыққан және тұр­мысы төмен отбасы­лар­дың балалары қамтылады. Бұл санатқа жататындар үшін республикалық тарихи маңызы бар ғимараттарға кіру тегін. Ал енді Тараз қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына тарифке сәйкес республикалық тарихи маңызы бар ғимараттарға кіру ақылы екенін ескерте кеткені­міз жөн. Әр аптаның демалыс күндері өңірдің брендіне айналған тарихи-мәдени нысандарды аралау екі бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт бойынша Көне Тараз – Қара­хан кесенесі – Дәуітбек кесе­несі – Ерте Ислам мешіті – Қали Жүніс моншасы – Төрткүл керуен сарайы – Қазақ хандығына – 550 жыл монументі – Айша бибі кесе­несі – Бабаджа хатун – Көне Тараз музейі аралығын жүріп өту қам­тыл­ған. Екінші бағыт аясында  Көне Тараз музейі – Тектұрмас кесенесі – Ақыртас сарай кешені – Көне Тараз бойынша саяхаттауға мүм­кіншілік туып отыр. Өткен ап­та­ның демалыс күндері алғашқы сая­хат сапары басталып кетті. Мұн­дай қолайлы жағдайдың жа­сал­­ғанына көпшілік дән риза. «Мен көпбалалы анамын. Пер­зент­­теріміздің бірі – студент, кейін­гілері мектеп, балабақша  жасында. Сондықтан оның бәрін қыдырту отбасымыз үшін біраз қара­жатты қажет ететін еді. Енді бүгін жасалып отырған мүмкіндік бойынша өңірдің тарихи-мәдени жерлерін тегін көлікпен аралап, те­гін тамашалауға мүмкіндік ал­дық. Осы жағдайды жүзеге асырған басқармаға, жауапты кісілерге алғы­сымызды айтамыз», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айман Шыныбекова.


Тараз қаласы