Әлемге жарқын да жас жұлдыздарды сыйлаған Baqytty bala ІІ ашық фестиваль конкурсының бас жүлдегерлері 2 000 000 теңге алды. «ДимашАли» продюсерлік орталығы ғаламдық деңгейдегі тағы бір жаңа да жас өнер жұлдызын танытты.
Ол, әрине, елордалық өнер иесі Айкерім Тілеубек. Нұр-Сұлтан қаласының кішкентай тұрғыны, жас вокалистің өнері «Голос. Дети» фестиваль конкурсының жеңімпазы, ресейлік Ислам Балкоевпен тең түсті. Яғни, екеуі де осы конкурстың жеңімпазы атанды.
Байқау алдында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қазылар алқасы мүшелерімен және фестиваль-байқауды ұйымдастырушылармен кездесті.
«Дарынды балалардың Baqytty bala атты өнер бәсекесі халықаралық мәртебеге ие болды. Соның арқасында қазақстандық өнер өлкесіндегі өрендер әлемге белгілі жерлесіміз Димаш Құдайберген сияқты есімдерін таныта бастады. Фестиваль-байқаудың ондаған, жүздеген жаңа жұлдыздарды танытатына сенімім мол», – деп атап өтті облыс әкімі.
Кездесу соңында аймақ басшысы қонақтарға естелік кәдесыйлар табыс етті.
Байқау болатын күн «Димаш Құдайберген гала-шоуға бір күнге ұшып келді» деген қуанышты хабардан басталды. Балалар қобалжығанын жасыра алмады. Олардың әрқайсысы үшін өздерінің сүйікті әншісімен кездесу – үлкен арман. Жеткіншектер ішкі сезімге толы толғаныстарын басып, сахнада үздік өнер көрсетуге жанын да, барын да салып бақты. Өз ана тілінде ән шырқауды талап ететін бірінші сайыстың өзінде көрермен үшін жеңіске үміткер анықталғандай болды. Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғаған Айкерім Тілеубек «Жұмақ мекен» әнімен тыңдарманды баурап алды.
«Балалар тамаша өнер көрсетті. Тамашасы сол, тіпті шын мықтыны таңдау мен анықтау аса қиынға соқты. Алайда байқау шарттары да орындалуы тиіс. Қазылар алқасы ешкімді алаламай, өз міндетін адал атқарды деп білемін. Соңында ерекше қорытынды шығарды», – деді байқаудың қазылар алқасының мүшесі Аида Николайчук.
Сөйтіп, тума талантымен елді тамсандырып, дауысы талайдың таңдайында кеткен жас әнші Айкерім Тілеубек Димаш Құдайбергенмен бірге оның келесі концертінде ән шырқау құрметіне ие болды.