Бас банктің бас қалаға көшуі нені өзгертеді?
Бас банктің бас қалаға көшуі нені өзгертеді?
168
оқылды
Мақсат Халық, GSB UIB директорының орынбасары: – Ұлттық банктің бас қалаға көшуі жайында екі жақты пікір айтылуда. Бірі қолдаса, екінші тарап, қазіргі дағдарыс экономиканы екі өкпеден қысқан тұста банктің көшуі белгілі бір шығындарға алып келуі мүмкін дегенге саяды. Бұған қоса, екінші деңгейлі банктердің шоғырланған ортасы − Алматы қаласы. Бас банктің көшуі Алматының қаржылық жағдайына қиындықтар туғызбай ма деген пікірлер айтылуда. Алдымен, Ұлттық банктің көшуі бұған дейін сан мәрте айтылып, жоспарланып, бекітіліп қойған мәселе. Демек, шығындары да алдын ала жасақталған болуы тиіс. Бұл жағдай Алматы шаһарының экономикасына айтарлықтай әсер етпейді. Осы ретте, екінші деңгейлі банктер де қараусыз қалады деп айта алмаймыз. Өйткені, бұл қалада Қаржылық қадағалау агенттігі қалады. Алматыдағы банктерді аталған агенттік қадағалайды. Ең маңыздысы, көшу, көшпеуде емес. Ұлттық банк жүргізетін ақша-несие саясатының тиімді жүзеге асуында.   Сапарбай Жұбаев, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университеті аға оқытушысы: – Алматы Өңірлік қаржы орталығы болып қалыптасуы тиіс еді. Кезінде биржа түзіліп, инвестициялар ағыны да қалыптасқан болатын. Қаржы жүйесін қадағалау агенттігі Ұлттық банктің қарамағына қосылып кетті. Сөйтіп, елдегі қаржылық ахуал оның ішінде шағын қаржы ұйымдары қараусыз қалды. Қазір қайтадан аталған агенттік өз жұмысын бастады. Еліміздегі қаржылық жүйені қалыптастыратын орталықтардың бірі Нұр-Сұлтанда, бірі Алматыда орналасқанын көріп отырмыз. Осы ретте, Ұлттық банк басшылығы үнемі Президентке, Парламентке есеп береді. Адами факторды ескере отырып, бас банктің Нұр-Сұлтанда отырғаны дұрыс шығар. Негізінде қаржылық орталыққа айналған қалалардың астана болуы шарт емес. Мысалы, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі Нью-Йоркте орналасқанымен, билігі Вашингтонда. Оларда арақашықтың мәселесі қиындық туғызбағанымен бізде жағдай басқаша. Алматы Өңірлік қаржылық орталық болып қалыптасты. Ал бас қаладағы Астана халықаралық қаржы орталығының жүйелі дамуы үшін Ұлттық банктің Нұр-Cұлтанға көшуі дұрыс шешім. Жалпы экономиканы алып қарасақ, еліміздің батыс өңірінде мұнай өндіргенімен, «ҚазМұнайГаз» басшылығы астанада отыр. Басшылықтың басқа қалада болуы батыстағы мұнайдың дамуына кері әсер етіп отырған жоқ. Ал Ұлттық банк жағдайында Алматыда орналасқан халықаралық валюта қорлары, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі де Нұр-Сұлтанға көшуі мүмкін. Бұл жағдай Алматының бюджетіне түсетін салықтың ортайып қалуына әсер етпейді.