Оның үстіне соңғы күндері пневмониямен ауыратындардың да қатары көбейгені рас. Осындай қарбалас шақта түрлі жалған ақпарат таратушылардың да қатары азаймай тұр. Сондай ақпараттың бірі – шаһар қақпасының жабылуы туралы. Әйтсе де Алматы қаласының жабылатыны туралы мессенджерлерде таралған ақпарат жалған.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ағымдағы жылдың 30 маусымы сағат 00:01-ден бастап белгіленбеген мерзімге дейін қосымша шектеу шараларын енгізу, оның ішінде ірі сауда нысандарының және жаяу жүргіншілер аймақтарының, саябақтардың, скверлердің, қалаға кіріп-шығатын жолдардың жабылатыны туралы ақпараттың тарауына байланысты Алматы қаласының әкімдігі жанынан құрылған Коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі комиссия аталған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді.Алматыдағы Коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі комиссия қаланың ресми дерек көздерінде жарияланған ақпаратты ғана қолдануға шақырады. Сонымен бірге, жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертуде. Арнайы комиссия өз кезегінде, қала тұрғындарынан мегаполис аумағындағы эпидемиологиялық режимді: әлеуметтік қашықтықты, маска режимін ұстанып, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ жүруге шақырды. Мүмкіндігінше үйден шықпай, әсіресе, жасы 65 жастан асқан адамдарға сақ болған жөн екені ескертілді.