«Парламентке азаматтардан 10 мыңға жуық хат келген» – депутаттардың демалысы
«Парламентке азаматтардан 10 мыңға жуық хат келген» – депутаттардың демалысы
Фото: Интернеттен алынды
157
оқылды
Жиында депутаттар биыл 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады. Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясы заң шығару жұмысының көлемі бойынша да, сондай-ақ міндеттерді шешу тұрғысында да өте ауқымды болды. Атап айтқанда, өткен сессия барысында палаталардың бірлескен 3 отырысы өтті. Мәжілістің 41 жалпы отырысында 296 мәселе қаралса, Сенаттың 25 жалпы отырысында 165 мәселе қозғалды. Бесінші сессия кезінде қос палатаның қарауында 161 заң жобасы болды, оның 98-і қабылданды. Парламент қабылдаған заңдардың 86-сына Мемлекет басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.
«Осы сессияда депутаттар өздері бастамашы болып, 35 заң жобасын әзірледі, олардың 12-сі қазірдің өзінде қабылданып, 23-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Депутаттық бастама жасаудың мұндай жоғары көрсеткішіне бірінші рет қол жеткізіліп отыр. Парламент депутаттары бесінші сессия барысында өздері әзірлеген заң жобаларының саны алдыңғы төрт сессия ішіндегі көрсеткіштен екі есе дерлік көп» делінген Мәжілістің ресми хабарламасында.
Өткен сессияда Парламентте 13 Үкімет сағаты, 5 парламенттік тыңдау, 20 дөңгелек үстел отырысы, комитеттердің 27 көшпелі отырысы және 2 конференция өтті. Парламенттік тыңдаулар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, Қазақстанның су қауіпсіздігі, заң шығару процесін одан әрі жетілдіру сияқты мәселелерге арналды. Сессия жұмысы кезеңінде Парламенттің қос Палатасының депутаттары 308 депутаттық сауал (оның 204-ін – Мәжіліс депутаттары, 104-ін – Сенат депутаттары) жолдады. Осы сессия барысында Парламент депутаттарына азаматтардан шамамен 9733 хат келіп түсті, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.