Қазақстанда коронавирусты емдеу хаттамасына өзгеріс енгізілді
Қазақстанда коронавирусты емдеу хаттамасына өзгеріс енгізілді
© сурет интернеттен алынды
Коронавирус инфекциясын диагностикалау және емдеу клиникалық хаттамасына өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Facebook-парақшасында хабарлады. «COVID-19-ды диагностикалау және емдеу клиникалық хаттамасының 10-редакциясына коронавирус инфекциясын емдеуде айтарлықтай толықтырулар енгізілді. COVID-19 кезінде бактерияға қарсы терапияны бактериялық инфекция қосылған жағдайда ғана қолдануға баса назар аударылды. COVID-19 кезінде өкпенің вируспен зақымдануы эмпирикалық бактерияға қарсы терапияны бастау үшін көрсеткіш бола алмайды», - деді вице-министр. Оның айтуынша, хаттаманы әзірлеушілер COVID-19-дың ауырлық деңгейі орташа науқастарға вирусқа қарсы препараттарды стационарға жатқызғанға дейін амбулаторлық жағдайда қолдану ұсынысын құптаған. Бұл үшін хаттамаға амбулаторлық кезеңде емдеу сызбасы қосылып отыр: гидроксихлорохин және Лопинавир/ритонавир. «Бұған қоса, ендігі уақытта пациенттер стационар деңгейінде Жапония мен Ресейде COVID- 19-ды емдеуде кеңінен қолданылған Фавипиравир дәрісін ала алады», - деді Людмила Бюрабекова.