Коронавирусқа шалдыққандарға үйде көмек көрсетіледі - Цой
Коронавирусқа шалдыққандарға үйде көмек көрсетіледі - Цой
© © REUTERS / TATYANA MAKEYEVA
127
оқылды
Коронавирусқа шалдыққандарға үйде көмек көрсетіледі, тест жасалады, ем тағайындалады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Министр елде жедел жәрдем бригадасы мен көліктер тапшылығы қатты сезіліп отырғанын айтты. Соңғы уақытта республикада жедел жәрдем шақырту 1,8 есе өскен. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіпті 2-2,5 есеге артқан.
"Қазіргі таңда отандық өндірістегі 807 жедел жәрдем автокөлігін жеткізуге келісімшарт бекітілді. Сондай-ақ, медициналық емес ұйымдардың, автопарктердің көлігін тарту арқылы "корона-такси" енгізу мәселесі пысықталуда. Бұл әлем елдерінің тәжірибесі. Ұсыныстар ведомстоаралық комиссияның қарауына енгізілді, олар бізді қолдайды деген үміттемін", - деді Цой онлайн брифингте.
Министр халықты тестпен қамту мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, енді шақыртуға шыққан жедел жәрдем бригадалары да коронавирусқа тест жасайды. Бұдан бөлек, таяуда пациенттерді үйде емдейтін мобильді бригалар ұйымдастырылады.
"Қазіргі жағдайда пациенттерге үйде медициналық көмек көрсету ең дұрыс шешім деп санаймыз. Амбулаторлық-емханалық көмек қашықтан жұмыс істеу форматына ауысады. Учаскелер деңгейінде 3 мыңға тарта мобильді бригада құру жоспарланып отыр", - деді министр.
Дәрігерлер науқастың үйіне барып, коронавирусқа тест жасайды, кеңес береді, ем тағайындайды, еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақты рәсімдейді. Сонымен қатар  қашықтан пациенттердің денсаулығын бақылап отырады.