Денсаулық сақтау министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дәрігер кеңесін онлайн режимде алуға арналған iDoctor.kz платформасын іске қосты, -деп хабарлады inbusiness.kz. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бұл сервисте тек дәрігер біліктілігін алған мамандар ғана қызмет көрсететінін айтты.
«Жаңа iDoctor.kz медициналық қызметіне келер болсақ, сервисті жасау үшін көп еңбек еттік. Әсіресе, азаматтардың жеке басына қатысты деректерді қорғау өте маңызды болды. Сондай-ақ, бұл қызметке тек сертификаты бар, дәрігер біліктілігін алған мамандар ғана қатысады. Жаңа қызмет арқылы участкелік дәрігер бейне қоңырау шалып, пациентін қарауға мүмкіндік алады», – дей отырып, вице-министр науқас туралы мәліметтер деректер базасында сақталып, ал видео жазба жойылатынын айтып өтті.Олжас Әбішев онлайн кеңес алу үшін кезекке тұру қалай жүргізілетінін түсіндіре кетті.
«Тегін дәрігер кеңесін алу кезекке тұру арқылы күнделікті жүзеге асады. Әр дәрігердің қабылдауына шектеу қойылады. Мысалы, дәрігер бір күнде 100 адам қабылдайтын болса, кезекке сыймаған адамға ертеңгі күнге жазылу ұсынылады. Науқасты дәрігер міндетті түрде қарайды. Ал ақылы түрде берілетін кеңесте кезек аз болып, пациент ақы төлеп қаралғысы келсе – таңдау құқы өзінде», – деді ол. Вице-министр Әбішевтің айтуынша, iDoctor.kz қызметі қазір Алматыдағы №4, Нұр-Сұлтандағы №10 және Шымкенттегі №5 қалалық ауруханада пилоттық режимде жұмыс істеуде. Ал республикадағы барлық емхана осы жүйеге екі аптадан кейін қосылмақ. «Қазіргі уақытта қызмет үш ауруханада сынақтан өтіп жатыр. Екі апта ішінде еліміздегі емханаларды 100% қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір емханаларда 85 мыңға жуық дәрігер жұмыс істейді. Қарантин салдарынан қазір оның 30%-ы үйінде оқшауланды. Сол дәрігерлер жұмысын жалғастыра алады. Сол себепті, iDoctor.kz және басқа да бағдарламалар арқылы азаматтарға көмек бергіміз келеді», – деп түсіндірді ол.iDoctor.kz басшысы Давранбек Ташбаевтың сөзінше, тегін онлайн-кеңес алу үшін азаматтар міндетті түрде ТМККК аясында жұмыс істейтін мемлекеттік медициналық мекемеге тіркелген болуы керек. iDoctor.kz компаниясының түсіндіруінше, тегін онлайн-кеңес алу үшін: 1. iDoctor.kz сайтында «Онлайн кеңес беру» бөліміне өту керек; 2. «Тегін кеңес беру» таңдау қажет; 3. ЖСН, телефон нөмірін және электрондық поштаны енгізіп, Қазақстан Республикасының азаматы екеніңізді және онлайн режимінде ақысыз кеңес алуға құқығыңыз бар екенін растау керек. 4. Берілген тізімнен қажетті дәрігерді таңдайсыз; 5. Қабылдауға жазылымды растап, кезекке тұрасыз;\ 6. Дәрігер кеңес беруге дайын болған кезде, пайдаланушыға SMS-хабарлама және онлайн-кеңеске сілтемесі бар электронды хат поштаға жіберіледі; 7. Консультациядан кейін маманның сапасын бағалап, ол туралы пікір қалдыруға болады. Айта кетсек, iDoctor.kz – ChocoFamily ІТ-холдингінің құрамына кіреді әрі медиицина саласындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бірегей іскерлік жоба. Президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусиннің сөзінше, ChocoFamily компаниясы бұл жобаны жасауға бюджеттен қаражат алмаған.