Шу ауданы Шоқпар т/ж станциясында өткен түні екі вагон (60 тонна бензині бар бір цистерна және контейнері бар бір платформа, «Алматы-Ақтоғай» бағытындағы № 2950 жүк пойызы) рельстен шығып кетті, - деп хабарлайды Polisia.kz. Оқиға салдарынан мұнай өнімдері төгіліп, өрт тұтанған. Өрт 600 шаршы метр аумақты шарпып, 75 метр теміржол төсемі зақымдалған.
«Оқиға орнына Жамбыл облысы ТЖД бастығы Бағдат Данилов пен өрт сөндіру қызметінің бастығы Ермек Момбаев шықты. Шу, Алайғыр, Еспе темір жол станцияларында 10 жолаушылар пойызы тоқтады. ҚТЖ күштері жақын жердегі 10 тұрғын үйден 42 адамды эвакуациялады»,– делінген хабарламада.Өрт 5:20 шамасында толық сөндірілген.
«Дер кезінде қимылдаған Шу ауданы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамының алты қызметкері мен екі бірлік техникасы, Шу стансасының өрт сөндіру пойызының арқасында тұрғын үйлерге қауіп төнген жоқ»,– деп жазылған ақпаратта.