Президент баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли #Абай175 челленджіне қатысты.
– Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай оның өлеңдерін оқу эстафетасына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен мән беріп, осы бастаманы жалпыхалықтық деңгейге көтерді. Өзі де Абай Құнанбайұлының өлеңінен үзінді оқыды, оны жақсы білесіздер. Осы эстафетаны Президенттің кеңесшісі Ерлан Қариннен, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов мырзадан және павлодарлық достар Нұржан мен Русланнан, сондай-ақ, сыныптасым Айраттан қабыл алдым.
Абай – күллі қазақтың темірқазығы, алты Алаштың рухани азығы! Сондықтан, әрбір қазақ баласы осы эстафетадан тыс қалмайды деп ойлаймын. Абай өлеңдерін оқу эстафетасын Парламент Сенатының депутаты, Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға, вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова ханымға және айтыскер ақын Ринат Зайытовқа, сондай-ақ, барша әріптестеріме жолдаймын. Қазақты руxы әрқашан биік болсын! – деп жазды Берік Уәли.
Айта кетейік, Абайдың өлеңдерін оқу эстафетасын 9 жастағы оқушы Ләйлім-Шырақ бастап, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын. Президент ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып, эстафетаны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған болатын.