Ведомство басшысының байламынша, мемлекеттің іс-қимылы Қазақстанды бастапқы кезеңінде COVID-19 кеселінің жарылыс толқынындай лезде таралуынан қорғап қалды. – Қазақстанда өзге елдермен салыстырғанда өлім-жітім деңгейі жоғары емес. Алайда халықта әлеуметтік алшақтықты сақтау, індеттен қорғану дағдылары қалыптаспады. Карантин шаралары босаңсығанда инфекцияның жайылуы ірі қалалар мен облыс орталықтарында «елішілік» немесе «үйішілік» сипат алды, – деді министр. Оның айтуынша, осы індетке қарсы күрес бойынша ресми ұсынымдар мен тәсілдердің қайта-қайта ауыса беруі ақыры халықтың меморгандардың іс-әрекетіне сенімінің жоғалуына соқтырды. ДСМ-нің коронавирусты емдеу алгоритмін жиі өзгертуі салдарынан жұртшылық байыбына барып жатпай, ескі және жаңа тізімдегі барлық дәрілерді жаппай сатып ала бастады. Нәтижесінде, дертке шалдыққан және үйінде емделуге мәжбүр адамдар үшін жасанды дәрі тапшылығы туды. Министрлік қазақстандықтар жолығып отырған өзге де түйткілдерге талдау жүргізген екен. Ең бастысы, елде медициналық қызметтерді тұтыну көлемі артқан. Бұл медициналық-санитарлық алғашқы көмектің негізгі қызметтеріне, жедел жәрдем бригадаларына, ауруханалардағы орынға қатысты тапшылық туғызды. «Пандемия аяқталар мерзімнің белгісіздігі, КВИ-ді емдеудің және алдын алудың тиімді әдістерінің жоқтығы, ертеңге деген сенімсіздіктің күшеюі бұқараны да, медициналық қауымдастықты да алаңдатып отыр. Осыған орай, алдағы жылдары COVID-19 індетінің арамызда қалатынын мойындауға және халықпен ашық әңгімеге құрылған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру қажет деп санаймыз», – деді А.Цой.
Өзекті 10 шара
Ұлт денсаулығына жауапты меморган басшысы халықтың мұқтаждығына үн қату бойынша бірінші кезекті 10 шараны атады. Біріншіден, сырқаттарды үйде, амбулаторлық деңгейде емдеу бойынша қарапайым әрі түсінікті жадынама әзірленіп, таратылуы тиіс. Екіншіден, дәрілерді сатып алу және жеткізу рәсімдері жеделдетіледі, отандық тауар өндірушілер – фармкомпаниялар ынталандырылады. Үшіншіден, диагностикалау жұртқа қолжетімді бола түсуі керек. Бұл үшін COVID-19 анықтауда компьютерлік томографиямен шектелмей, цифрлы рентген-аппараттар да кеңірек қолданылмақ. Төртіншіден, тестілеу санын көбейту үшін лабораториялардың қуаты арттырылады, тест жүйелердің уақытылы жеткізілуіне мән беріледі. Бесіншіден, азаматтардан шақырулар түскенде олардан тестті мобильді-жылжымалы бригадалар жедел жәрдем көлігі ішінде алады. Алтыншыдан, медициналық көмекті сырқаттар үшін барынша қауіпсіз етіп, үйінде көрсету ұйымдастырылады. Жетіншіден, амбулаторлық, яғни емхана деңгейінде қашықтан кеңес беру-консультациялау енгізіледі. Сегізіншіден, аурухана-стационарлар өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталуы тиіс. Тоғызыншыдан, қайтыс болған адамдарды жерлеу тәртібі өзгертілуде. Оныншыдан, азаматтардың індетке қатысты сауаты арттырылады, сыртта әлеуметтік өзара алшақтықты сақтауға тәрбиеленеді.Билік пен халық бірге күреседі
Сарапшылар коронавирус індетіне қарсы кең ауқымды «майдан» ашылды деп бағалауда. Ол күреске Үкімет пен қоғам қатар жұмылады. Баса-көктеп кірген «жау-вирусқа» тойтарыс беру 3 кезеңмен өрістетілмек. – Қоғамдық деңгейде еңбек саласында және әлеуметтік бейімделу құралдары енгізіледі, корпоративтік жауапкершілік жоғарылатылады, ақпараттық технологиялар әлеуеті іске асырылады. Үкіметтік деңгейде «Бірге COVID-19 қарсы» қағидатын жүзеге асыратын жүйелі шаралар дайындалуы қажет. Орталық органдардың және әкімдіктердің өкілеттіктерінің аражігін нақты анықтау, соның ішінде эпидемиологиялық қауіп-қатер жағдайына қаржылық резервтер қалыптастыру талап етіледі», – деді ДСМ-нің жаңа басшысы. «Бірге COVID-19 қарсы» қағидаты 3 кезеңнен тұрады. Оның дайындық кезеңі – 2 аптаны, карантин кезеңі – 4 аптаға дейінгі мерзімді қамтиды. Ал ІІІ кезеңде мемлекет аталған қағидатты толыққанды жүзеге асыруға көшеді.Жалпыұлттық локдаун
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, қазіргі кезде күн сайын өкпе дертін жұқтырған 2,5 мың адамға дейін тіркеле бастапты. «10 маусымнан бері COVID-19 нышандары бар, бірақ ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен пневмония оқиғасы санының елеулі түрде өскенін бақылаудамыз. Кейінгі күндері мұндай пневмонияның күніне 2,5 мың жаңа оқиғасы анықталуда. Біздің сарапшылар дерт жұқтыру оқиғалары және сырқаттарды емдеуге қажетті инфрақұрылым бойынша болжам жасап, эпидемиологиялық ахуалдың өрбу барысының негізгі 3 сценарийін құрды», – деді А.Цой. Бірінші сценарий карантин-локдаун тетігін пайдаланбай, жағдайды қазіргідей қалыпта қалдыруды көздейді. Мұндай жағдайда министрдің дерегінше, биылғы тамыз айына қарай күн сайын ауруханаға жатқызуды қажет ететін 27 мың коронавируспен ауырған адам тіркелетін болады. Онда инфекциялық және провизорлық ауруханаларда койка-орынға деген қажеттілік 300 мыңға жетпек. Екінші сценарий 2 аптаға ғана карантин енгізгендегі жағдайды бағалайды. Бұл сценарий кезінде күн сайын ауруханаға жатқызуға мұқтаж 7 мың сырқат тіркеледі. Ауруханалардағы орынға деген сұраныс тамыз айы соңында 80 мың орынды құрауы ықтимал. Үшінші сценарийде бүкіл елді 4 аптаға карантинге жабу ұсынылады. – Ондай жағдайда тамыз соңында күніне ауруханада емделуді талап ететін 2 500 оқиға тіркеледі. Қажеттілік 30 мың орынға дейін өседі. Бұл жалпы алғанда, ағымдағы жағдайға ұқсас. Дәл осы сценарийді барынша тиімді деп санаймын. Ол халық арасындағы инфекция жұқтыру тізбегін бұза алады. Сонымен қатар тиісті инфрақұрылымды әзірлеуге мұрша береді, – деді Денсаулық сақтау министрі. Үкімет 1,2 миллион коронавирус тестін 1 миллиард теңгедей сомаға шетелден сатып алып жатыр. А.Цой бұл жүк ұшақпен таяуда елге жеткізілетінін мәлім етті. Қазақстанда бүгінде 46 диагностикалық зертхана жұмыс істеуде. Тек елорданың өзінде күніне 10 мың сынама жасалады. Тамыз соңына дейін қосымша 20 ПТР-анализатор сатып алу жоспарлануда. Бұл тестілеуден өтетін халық санын арттыруға, ұлттық зертхананың қуатын 2,5 есеге ұлғайтуға жол ашпақ. Қазақстандық ғалымдар тобы індет ушыққан, өлім-жітімі көп 6 ірі қалада COVID-19 диагнозы расталмаған, бактериалды және вирустық пневмонияға ұшыраған сырқаттарды зерделеп жатыр. Бұл зерттеу вакциналарды қолдану арқылы дерттің ушығуын болдырмау үшін қажет көрінеді. Оның нәтижелері 2020 жылғы 3 шілдеде жарияланады.Айхан ШӘРІП