Ұлттық өрлеу ұстыны
Ұлттық өрлеу ұстыны
Қалыптасқан әлемдiк тәжiрибеде iрi қалалардағы миграциялық өсiм 2%-дан көп аспайды екен. Ал Қазақстанда жыл сайын тұрақты қоныс тебу үшін елордаға 60-100 мыңдай немесе қала тұрғындарының жалпы санының 6%-ынан көп адам келетін көрінеді. Яғни, жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласына шағын бір қала «кө­шеді». Осы тұрғыдан алғанда, астана демографияның да драй­вер, локомотивіне айналды. Бұрын жалғыз-ақ қазақ мектебі болған, мемлекет құраушы ұлт өкіл­дерінің үлесі 10 пайыздан ас­паған Ақмола қаласының өңіне қазақы қан жүгірді. Осы­дан кейін бүкіл Солтүстік  пен Орталық Қазақстанның барлық өңірлері қазақылана бастады. Қала әкімдігінің дерегінше, өт­кен 23 жылда елорда халқының ауқымы үш есе ұлғайыпты. «20 жылдан астам уақыт ішін­­де тұрғындарының саны жө­­нінен елорда көптеген елдің ас­таналарын, соның ішінде АҚШ астанасы Вашингтонның өзін басып озып, бүгінде «мил­лио­­нер қалаға» айналып та үл­гер­ді» деп мәлім етті Нұр-Сұлтан қаласының  әкімдігі. Нақтылай кетсек, астана мәр­­­­тебесін иеленген 1997 жылға дейін Целиноград (кейінірек Ақ­мола) 300 мыңнан астам адам ға­на тұратын ортанқол облыс ор­­талығы болатын. Қалалықтар са­ны көп өспейтін. Демогра­фия­лық көрсеткіш қала Қазақ­стан­ның жаңа астанасы атанған­нан кейін серпін алып, күрт өсе бас­тады. Салдарынан, 23 жыл ішін­де халық саны 3 есе өсіп, 2020 жылдың мамыр айында 1 мил­лион 149 мың 947 адамға жет­ті (2020 жылдың 1 қаңта­рын­да – 1 млн 136 мың болған). Осы­лайша, 1997 жылғыдан 849 442 адамға артты. Мынадай қызықты дерек бар: 1999 жылдың басында қала­да 1 жастағы – 3 853 бала, ғасыр­дан артық жасаған 8 адам ғана бо­лыпты. Қазіргі кезде елорда тұр­ғындарының арасында жасы бойынша ең үлкен контингент – дәл осы бір жастағы сәбилер, олар­дың қатары – 29 516. Ал «100+» жас санатындағылар са­ны 100-ден асады! – Соңғы жылдары Қазақ­стан­ның бас қаласы тұрғындар са­ны бойынша әлем астаналары­ның көбін, оның ішінде Ва­шинг­­тонды (705 мың адам тұра­ды) басып озды. 1999, 2000, 2001 жыл­дары қала халқы жыл сайын 50 мыңға жуық адамға өсіп отырды. Соның өзін рекордтық көр­сеткіш деп айтуға болады. Оған ішкі көші-қон да, сондай-ақ табиғи өсім де үлес қосты. Бі­рақ нағыз дүмпу 2016 жылы бол­ды: сонда қала халқы бірден 100 мың адамға көбейді» деп мә­лімет берді Нұр-Сұлтан қа­­лалық Статистика департа­менті.  Тағы бір елең еткізерлік де­рек: статистикаға сүйенсек, бас қалада ер-азаматтарға қарағанда нә­зік болмыс иелері көбірек. Осы жылдың мамыр айының ба­сындағы жағдай бойынша қа­лада 598 009 әйел және 551 938 ер адам тұрады. Елордада қазіргі уақытта 4 ау­дан бар, бастапқыда соның тек екеуі – «Алматы» және «Сары­арқа» аудандары ғана құрылып еді. Солардың ішінде, ең тығыз қоныстанған аумақ – «Сарыарқа» ауданы, онда 340 мыңнан астам адам тұрады. Одан кейін «Ал­маты» ауданы келеді: онда 299 мың адам қоныстанған. Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкім­шілік орталықты тегіс қамтып жатқан «Есіл» ауданын небәрі 272 мың тұрғын мекен етеді. 2 жылдай бұрын «Алматы» ауданынан бөлініп шыққан жаңа «Байқоңыр» ауданы тұрғын­дары­ның саны қазірдің өзінде «Есілді» қуып жетуге таяу: мұн­да 237 мың адам тұрып жатыр. Бұл – Нұр-Сұл­танның перспек­тив­ті даму аумағы. Elorda Еліміздің бас қаласы өзге өңір­лердегі жастар үшін «тарту ор­талығы» саналады. Әкімдіктің дерегінше, 2020 жылғы 25 мау­сымдағы жағдай бойынша елор­далық еңбек жасағында 1,2 мың жас жұмыс істейді. Биыл елор­дада жастарды жұмыспен қамту үшін студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағына осынша жас қабылданыпты. – Елорда бойынша XVI еңбек маусымы өз жұмысын бастап та кетті. Өткен жылдардағы квота бойынша жылына 975 адам жұ­мыспен қамтылып келген. Енді жо­баның сұранысқа ие екені ес­керіліп, 3 жылда – 2020-2022 жыл­дар кезеңінде жыл сайын 1 200 жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді Жас­тар саясаты мәселелері бас­қар­масының бөлім басшысы Бақыт­жан Жүнісбеков. Еңбек жасағына 14-29 жас аралығындағы кез келген жастың қатысуына мүкіндік бар. Бұл ретте қолдау ретінде көпбалалы және аз қамтылған отбасы­лардағы бала­лар­ға басымдық беріледі. Жұмыс­шы жастар үш топқа бөлінген. Біріншісі – әлеу­меттік жағдайына байланысты іріктелген 14-17 жас­тағы ба­лалар, екіншісі – 17-22 жас­тағы колледж, ЖОО студент­тері. Ал үшінші ересек топ – жұмыссыз жастар арасынан таң­далған 18-29 жастағы азаматтар. Б.Жүнісбековтің айтуынша, кәмелетке толмаған балалар Ең­бек кодексіне сәйкес, денсаулы­ғына зиян келмейтіндей жағдай­да еңбек етіп жатыр. Олардың жұмыс уақыты 4 сағаттан, апта­сына 5 күн­нен аспайды. Бұл топ­тағы ба­лалар қаладағы сая­бақтарды та­залау, мектеп аула­сын көгал­дан­дыру секілді қыз­меттер атқарады. Екінші топтағы балалар қа­лалық саябақтарда «Астана кө­галдандыру құрылысы» мекеме­сімен бірлесіп, күніне 6-8 сағат әрекет етеді. Ал ересек топтағы жұмыскерлер толық жұмыс кес­тесімен құрылыс алаңдарында, не «Астана орманы» мекемесімен бірге іс тындыруда. – Құрылыс алаңдарына көбіне студенттер мен ересек топтағы жастар жіберіледі. Оларға жұмыс беруші жалақы төлейді, біздің тарапымыздан сыйақы да бері­леді. Барлық қатысушыларға ар­найы жұмыс киімі тігіліп, тара­тыл­ған, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы. Рас, биыл пандемия мен ка­рантин осы салаға өзгерістерін енгізді: «Санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында жастардың бір жерге шоғырла­нып жұмыс істеуіне жол беріл­мейді. Таза ауада, ашық кеңіс­тікте 2 метрден кем емес қашық­тықты сақтауы қажет. Осы жо­баға қа­ты­сушы жастар міндетті түрде бет­пер­де, қолдарына қол­ғап киіп жұ­мыс істейді. Ең бас­тысы, жас­тардың қауіпсіздігі сақ­талған. Әр адаммен жеке келісімшарт жаса­лады. Барлық талаптарымен та­нысып, жа­­ды­намаға қол қойы­лады», – дейді ол. Нұр-Сұлтан тұрғындарының баспанамен қамтамасыз етілу дең­гейі бойынша да жетекші орында. 2008 жылы бұл көрсет­кіш Астанада әр адамға шаққанда 21,5 шаршы метрден келетін. Кейін ол 25 шаршы метрге дейін артты. Өзге мемлекеттермен са­лыстыр­сақ, мәселен Испания­ның аста­насы Мадридте және ресейлік Санкт-Петерборда бұл көрсеткіш әр адамға шаққан­да – 24 шаршы метрге, Париж бен Лондонда  32 шаршы метрге тең. Елбасы бүкіл Қазақстан, соның ішінде елорда алдына да бас­панамен қамтылу көрсеткішін әр тұрғынға шаққан­да 30 шаршы метрге жеткізу міндетін қойды. «Тұрғын үй мәселесін шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Биыл тозығы жеткен үйлерден 800-ден астам адам қоныс аударады. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығын жаңғырту бағ­дарла­ма­сы аясында 2020 жылы 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй ке­шенін, 130-дан астам лифтті жөн­деп, кейбірін ауыстырамыз. Мем­лекет басшысының тап­сыр­ма­сына сәйкес, қолжетімді әлеу­меттік тұрғын үй құрыл­ы­сының көлемін ұлғайтамыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов. Айта кету керек, еліміздің бас қаласының жалпы ауданы 797,3 мың шаршы шақырымға созы­лып жатыр.  

АйханАйхан ШӘРІП