Арыстағы қоймалар тағы қайда бар?
Арыстағы қоймалар тағы қайда бар?

«Айдың-күннің аманында өз қаламызды бомбалап тастадыңдар!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев,

Арыстағы үш азаматтың қанын жүктеген жарылысқа жол берген Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне. Елдің қалқаны, қауіпсіздіктің алдаспаны болуға тиіс генералдар үшін бұдан асқан зілді сөз, ауыр айып болмаса керек. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев­тың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Арыс жағ­дайы жеке сөз болды. Бұл ретте төрт аптадай уақыт ішінде, алдағы айдың бірінші онкүндігінде қоғам бұл қыл­мыс үшін нақты кімдердің жазалана­тынын білетінге ұқсайды.

– Қазіргі кезде біз үшін Арыс қала­сын­дағы күрделі жағдай ең өзекті мә­селе саналады. Әскери қоймада болған жарылыс салдарын түпкілікті жою – шұғыл міндет. Менің тап­сырмам бойынша Үкімет қаражат­тар­ды бөлді. Қосымша шаралар қажет болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Уақыт өте тығыз, қысқа мерзімде бел­гі­ленген жұмыстарды түпкілікті орын­дап шығуымыз керек! – деді Мемлекет басшысы.

Ол қарапайым азаматтар, қоғам­дық ұйымдар, меморгандар, барлық өңір, отандық және бірқатар шетелдік инвесторлар зардап шеккендерге материалдық-моральдық қолдау көрсеткенін еске салды.

– Бұл – халқымыздың берекелі бірлігінің арқасы және біртұтасты­ғы­мыздың көрінісі. Сол үшін баршаға ризашылығымды білдіремін! – деді Қ.Тоқаев.

Президент Үкімет басшысына және әкімдерге Арысты қалпына кел­тіру мәселесін қатаң бақылауда ұс­тауды жүктеді. Бүгінде Қорғаныс ми­нистрлігі әскери қойманы көшіруде. Ведомствоға бұл жұмысты ұзаққа созбай, қысқа мерзім ішінде аяқтау тапсырылды.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың мәліметінше, Арыс қаласындағы ескі арсенал­ды – оқ-дәрі мен қару-жарақты басқа жерге қайта орналастыру жұ­мыстары белгіленген мерзім­нен бұрын басталған. Оның ішін­де қарулар мен әскери техника алып кеткен. Қазір мина, сна­ряд, патрон сияқтыларын Арыс­тан «аластау» жүруде.

– Негізі, 5 шілдеде қару-жа­рақ­тың бәрі 100 пайызға қаладан шығарылды. Ал оқ-дәріні тасу жұ­мыстары басталып кетті. Ал­ғашқы вагондар аттанды. Алайда оқ-дәрілерді шығару қарқынына бірнеше фактор ықпал етуде. Біріншіден, қауіпсіздікті сақтау үшін сақ қимылдау, оқ-дәрілердің, олар салынған жәшіктердің жай-күйіне толық тексеріс жүргізу, тиеу және жөнелту кезіндегі қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, оларды қабылдайтын Қазақстанның өзге өңірлерінде­гі жаңа орындарды дайындау ке­рек, – деген қорғаныс ведом­ство­сының басшысы арыстық арсенал қайта орналастырылатын ол орындар елдімекендерден қа­шықтықта екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, тасымал көлігіне қатысты да мәселелер туындауда. Кеңес тұсында Арыстағы әскери қоймаға дейін арнайы теміржол желісі тартылыпты. Алайда тә­уелсіздіктің алғашқы онжыл­дықтарында рельстер кесілген. Теміржол көлігі жүрген жол ор­нында қойма іргесіне дейін тұр­ғын үйлер мен басқа да нысандар бой көтерген.

– Қос әскери қойма арасында тартылған теміржол рельстері бірнеше жыл бұрын бөлшектеп алыныпты. Оның орнында мек­теп, жеке үйлер пайда болған. Сондықтан енді оқ-дәріні алды­мен автокөлікке тиеп, теміржолға дейін жеткізуге, ары қарай по­йызбен көзделген өңірлерге тасы­малдауға тура келуде, – деді Нұрлан Ермекбаев.

Тұтастай алғанда, осыған қа­тысты меморган егжей-тегжейлі және кешенді жоспар-кесте әзір­леген екен. Министрдің ай­туын­ша, Арыс қаласы маңынан жалпы алғанда, 28 мың тонна оқ-дәрі сыртқа шығарылуға тиіс! Мұның қанша­лықты алапат ауқым екенін түсіну үшін қарапайым мысалға жү­гінсек, бұл 4 700 пілдің салма­ғына тең жүк.

Осынша мина-снарядты та­сымалдау үшін 817 теміржол вагоны қажет болады.

Барлық түйткілді ескере келе, Қорғаныс министрлігі арыстық оқ-дәріні толық көшіруді тек 2020 жылдың мамырында ғана аяқтамақ. Жоспар-кестеде де осы мерзім бекітілген.

Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Президент елдің «жүйелі олқылықтардың және қорғаныс ведомствосының бақылауды әлсіретіп алуының салдарларымен күресуге мәжбүр болып отырға­нына» өкініш білдірді.

Осы себепті де Қасым-Ж­о­март Тоқаев Қорғаныс министр­лігінің тізгінін қолына алғанына көп уақыт өтпегеніне (2018 жылғы 7 тамызда тағайындалған) қа­рамастан, жарылысқа жол бергені үшін Н.Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

– Нұрлан Байұзақұлы, сіз әс­кери салаға жақында ғана келген тұлғасыз. Бірақ министр ретінде саладағы ахуал үшін толыққанды жауапкершілік арқалайсыз. Мен Жоғарғы бас қолбасшы ретінде Қорғаныс министрлігіндегі істің жай-күйіне қанағаттанбаушылық білдіремін! Басқаша болуы да мүмкін емес. Өйткені қайғылы оқи­ғаның салдары өте ауыр. Қа­рабайыр тілмен айтсақ, қаланың көп бөлігін бомбалап таста­ды­ңыздар! – деді ел Президенті.

Ол оқиғаны зерттеу үшін ар­на­йы комиссия жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.

– Комиссия жұмысының қо­рытындысы бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесі кінәлінің бәрін қатаң жазалау жөнінде ұсыныс енгізуі қажет. Соның ішінде жазалауға қауіпті­лігі жоғары нысандардың дәл ір­ге­сін­де құрылыс жүргізуге рұқ­сат бер­ген, яғни жауапсыздық та­ныт­қан азаматтық мемлекеттік қыз­мет­ші­лер де ілігуге тиіс. Бұл жұ­мыс­тар шұғыл, 10 тамызға де­йін жа­са­луы ке­рек. Тиісті ұсыныс­тар­ды енгі­зіңіздер! Қайталаймын, кінә­лі­нің барлығы қатаң жауапқа тар­тылып, жазалануға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіне осыған ұқсас басқа да объектілерге егжей-тегжейлі талдау жасауды жүктеді. Талдау қорытындысы бойынша барлық ақпарат 20 тамызға дейін Пре­зиденттің қарауына берілмек.

– Бұл оқиға, сонымен бірге, мобилизациялық дайындықты ұйымдастырудағы жөнсіздіктерді, төтенше жағдайлар салдарларын жою шараларын жоспарлау және ұйымдастыру ісіндегі кемшілік­терді әшкереледі. Болған жайттан сабақ алу маңызды. Келешекте мұндай оқиғалар қайталанбауға тиіс! – деп нықтаған Қасым-Жомарт Кемелұлы төтенше жағ­дайлардың алдын алу мен жоюға жауаптылардың функционалдық дайындығын және қызметтің тиімділігін арттыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бұл бағыттағы ұсыныстарды Үкімет бір ай ішінде енгізуге міндетті.

Президент Арыстағы жары­лыс ала келген кесір-кесапатты жою жұмыстары өзінің жеке ба­қылауында болатынын ескертті.

Әрине, әскери қоймалардағы жарылыс дүркін-дүркін дамыған елдердің өзін де дүрліктіріп тұ­рады. 2018 жылғы 1 ақпанда Австрия­ның солтүстігіндегі «Жо­ғарғы Австрия» (Oberösterreich) федералдық жерінде оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, екі адам ауыр жарақат алған.

Өткен жылғы 19 шілдеде АҚШ-та Леттеркенни әскери қоймасы жарылыстан күл-тал­қаны шықты. Оқиға нәтижесінде бірнеше адам жараланған.


3 қыркүйекте Оңтүстік Афри­ка Республикасының «заңшы­ғарушылық астанасы» (законо­дательная столица) саналатын Кейптаун қаласының жанында Denel қорғаныстық-өнеркәсіптік компаниясының қоймасында оқ-дәрілері жарылып, сегіз адам қаза тапты.

Былтыр 9 қазанда Украина­ның Чернигов облысындағы әскери қойма жарылды. Шамамен 10 мың адам эвакуацияланған. 20 шақырым аумақта тіпті әуе кеңістігі де жабылды.

Алайда бір айырмашылығы сол, Арыста жарылыс алғаш рет болып отырған жоқ. Осыдан тура он жыл бұрын, 2009 жылғы нау­рызда Арыстан екі шақырым жерде, нақтылай кетсек, Қор­ға­ныс министрлігінің әскери бөлімі жанында орналасқан ғылыми-өндірістік бірлестік қоймала­рында кәдеге жаратуға арналған оқ-дәрілер жарылды. Соның кесірінен төрт адам мерт болып, 17 адам дене күйіктерімен ауру­ханаға түсті.

2014 жылы Арыста «Қазақ­жарылысөнеркәсіп» кәсiпор­нын­да оқ-дәріні жою зауытында жа­рылыс салдарынан екі жұмыс­шысы – ер адам және әйел адам оқиға орнында опат болды, тағы бір еңбеккер жараланды.

2015 жылғы 8 қарашада Арыс­та «Қазтехнология» ЖШС-нің жару алаңындағы полигонда сна­ряд-миналарды кәдеге жарату үшін бөлшектеу барысында ке­зекті рет жарылыс орын алып, тех­нолог маман қаза тапты.

Әскери сарапшы, Ауған со­ғысының ардагері Б.Смағұл оқи­ғалардың қайталана беруіне жауапсыздық және жазасыздық себеп болғанын айтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Арыстағы жарылысқа кінәлілердің барлығы қатаң жауапқа тартылып, жаза­лануға тиіс» деген тапсырмасын қолдаймын. Бұл – халық талабы. Әйтпесе, 2009 жылы да Үкіметтің арнайы комиссиясы жұмыс істе­ген, ол сол жылғы жарылысқа қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу себеп болғанын анықтады. Алайда биік лауазымдағы әске­рилердің біреуі де жазаға тар­тылған жоқ. Бәрін жылы жауып қоя салды. Сол жарылыстың себептерін анықтаумен емес, тек салдарларын жоюмен айна­лыс­қанның кесірінен, жарылыстар 2014 және 2015 жылдары қайта­ланды. Депутаттар сонда жанартау сияқты ұдайы жарыла беретін бұл ошақты жою мәселесін көтерді. Алдыңғы жарылыстардан не Үкі­мет, не әскери ведомство сабақ алмағандықтан, дұрыс нәтиже болмағандықтан, биыл, 24 мау­сымда Арыстың қайтадан астаң-кестеңі шығып отыр, – деп қын­жылады Бақытбек Смағұл.

Сарапшы Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау аясында жіті тексеру жүргізіп, өз ісіне салғырттық танытқан немесе бас пайдасы үшін қасақана са­ботаж жасаған жауапты гене­ралдар мен басқа да жоғары лауа­зым иелерін қатаң жазалау қа­жетін айтады.

Бақытбек Смағұлдың дере­гінше, Арыстағыдай әскери қой­малар Сарыөзекте, Приозерск қаласында, Отарда, Қарағанды­да, Аягөзде, сондай-ақ тағы басқа әс­кери гарнизондарда бар көрінеді.

Ал ресейлік әскери шолушы Павел Фельгенгауэр мұның бәрі қазақтарға Кеңес Одағынан қал­ған ауыр мұра екенін жеткізді. Бұл қоймалардағы ескі оқ-дәрілер сонау кеңес заманында өндірілген және сол бойы заманауи утили­зацияға ұшырамаған күйде жатыр.

«КСРО бомба, снаряд, мина және басқасының орасан зор қорларын жасады. Одақ күйреген соң, Ресей Кавказда екі рет со­ғысты, кейін Сирияда, Донбаста соғыс жүргізіп, қорларын пайда­ланды. Қазақстан бейбіт ел ре­тінде ешкіммен соғыспады. Сәй­кесінше, миллиондаған тонна оқ-дәрі еш шығындалмай, жи­нақталып қала берді. Кеңес өкі­меті, әсіресе, Қазақстанда алапат оқ-дәрі қорын қалыптастырды, өйткені Қытаймен соғысқа да­йындалды, шың елінің ғаламат ауқымдағы қарулы күштеріне қарсы сұрапыл шайқас жүреді деп күтті. Одақ күйрегенде оқ-дәрілер үрей тудырар үйінді күйінде қал­ды, олар тіпті арнайы бункерлерде емес, нашар жабдықталған жер­лерде жатыр. Бұл аса ауқымды проблеманы Қазақстанның жаңа билігіне шешуге, қыруар қаржы шығындауға тура келеді», – дейді ол.

Сарапшылардың байламын­ша, осынша мол оқ-дәріні ути­лизациялау – таудың тасын ірік­теуден де қиын әрі ұзаққа созы­латын шаруа. Әрбір оқ-дәрі түрін сұрыптау, сақтықпен көшіру талап етіледі. Оларды ары қарай да біраз жыл қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін заманауи қой­малар тұрғызу үшін инвестиция­лар қажет болады.

Демек, қазақ еліне қазір сабақ алу, сабыр сақтау, сақтық жасау керек болып тұр.