Елорда агломерациясының ертеңі қандай?
Елорда агломерациясының ертеңі қандай?
203
оқылды
Қазір қаланың «қолы өз аузына жетіп» тұр. Спутник қала салу ірі қала іргесіндегі агломерацияның дамуына жол ашады. Ал астана маңындағы агломерацияның ахуалы қандай? Келешекте Қосшы спутник қалаға айнала ала ма? Жаңа ғасырда адамзат біраз мәселенің басын қайырып, жол табуды үйренді. Технологияның қарыштап дамуы да бұған әсер етті. Бұл тіркесті не үшін қолда­нып отырмыз? Өйткені бұры­нырақта спутник қала тұрғызу, дамыту жайы қозғалғанмен, ше­шім XXI ғасырда табылған-ды.  

Әлемдік тәжірибедегі спутник қала үлгісі

Жоғарыда атап өткен Те-Вуд­ленс сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. АҚШ-тың Хьюстон қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан Те-Вудленстің іргесі XX ғасырда қаланған. Әу баста, бұл қала тұрғызудың мақсаты эко­логиялық таза әрі жайлы ме­кен салу болды. Сөйтіп, қала бір­тіндеп дами бастады. Әрине, спутник қаланың дамуы эконо­микаға тірелетіні белгілі. Те-Вуд­ленсте алпауыт компаниялардың филиалы ашылуы мен кей ме­кеменің көшіп келуі мұнда тір­шіліктің жанданғанын көрсетті. Жағдай өзге қалалардың мойын бұрып, кәсіпкерлердің инвес­тиция құюына әкелді. Қазір Те-Вудленс әлемдегі спутник қала терминінің жарқын үлгісі болып тұр. Деректерге мән берсек, әлем­дегі үлкен қалалардың іргесінде спутник қала орын тепкен. Мысалы, Лондонда (Базилдон), Мадридте (Трес-Кантос), Мәс­кеуде (Зеленоград), Парижде (Эври), Дели (Гургаон) мен Хель­синкиде (Вантаа) бар. Бір­қатары жанданып, өз алдына да­мып, мемлекетке табыс әке­летін жағдайға жеткен. Мұндайда Сеул маңындағы спутник қала­ларды мақалаға арқау етсек бо­лады. Кенгидо аймағында орна­ласқан спутник қалалар Сеулдің өсуіне ықпал етіп отыр. Ондағы халық саны да көп. Бір ғана Сувонның өзінде 1,24 млн-нан астам халық тұрады. Әрі Оңтүстік Корея астанасы маңындағы қалалар туристік орталыққа айналып үлгерді. Үлкен қаладағы өмір ағысынан шаршап, тірші­ліктен қажыған жұрт тынышын спутник қаладан тауып жүр. Өйткені ол жер астанаға жақын әрі бар жағдай жасалған. Кейбір қажеттілік үшін ғана Сеулге бар­маса, басқа жағдайға келгенде олар Кенгидоны таңдайды. Осындайда Cushman&Wake­field компания­сын­дағы стра­те­гиялық консал­тинг бөлімінің ди­ректоры Илья Кузнецовтың айт­қаны еске тү­седі. Оның ай­туынша, спутник қа­ланы үлкен қаланың қосым­шасы ретінде жоспарлау дұрыс емес. Қала дербес дамығанда да адамдар сонда өмір сүруді қалайды. Ша­ғын қалада жақсы жұмыс орын­дарын ашу жағы да күрделі мә­селе екенін алға тартады. Илья Кузнецов тағы бір фактіні естен шығармауды ұсынады. Ол – қала маңында тұратындардың жұ­мысы ірі қалада екені. Сондықтан көлік инфрақұрылымы мен үлкен қаламен байланыс жайы маңызды.  

Қосшыны болашақта не күтіп тұр?

Иә, жоғарыдағы маман сөзін оқысаңыз, көз алдыңызға елорда маңындағы Қосшы ауылдық округі келеді. Қосшыны елорда іргесіндегі спутник қала ретінде дамыту жоспары бұрыннан бар. 2017 жылы қараша айында Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола об­лысы әкімдері астананың агло­мерациясын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойғаны есі­мізде. Оған Ақмола облысында­ғы 123 елді мекен енген. Оның іші­не Аршалы, Шортанды, Це­линоград ауданындағы елді мекендермен қатар, Ақкөл ауда­нындағы төрт округ кіреді. Де­ректерге сүйенсек, қала маңын­дағы аймақтың жалпы көлемі 256,5 мың гектар екен. Қазір 1 млн 200 мыңнан ас­там халық агломерация аумағын­да тұрады. Бұл көрсеткіш 2030 жыл­ға қарай 33%-ға өсіп, 1 млн 600 мың адамға жетеді екен. Де­мек, жоспар жасағанда келешекті бет­ке алып, кемшін тұсты дөп тапқан дұрыс. Осы жерден елор­да агло­мерациядағы майшам­мен қарай­тын мәселе халықтың тығыз ор­наласуы екені айқын көрінеді. lesnaia polana Қосшы ауылы елордадан 25 шақырым қашықтықта орна­ласқан. Әлемдік тәжірибені ес­керсек, тап спутник қаланың нобайына келіп-ақ тұр. Аталған ауылдық округ құрамына Қосшы ауылы, Лесная поляна тұрғын үй алабы мен Тайтөбе ауылы кіреді. Қазір мұндағы тұрғын саны 50 мыңнан асып кеткен деседі. Өйт­кені арманын астанамен бай­ланыстырған талай жас округтің ертеңіне сеніп әрі қал­тасы көтеретіндіктен осы жерді таңдайды. Округ Целиноград ауданына қарағандықтан ауылдың даму деңгейіне солар жауапты. Аудан әкімі Малғаждар Тәткеев бірне­ше мәрте ауылды округті жан­дандырудың жобасы дайын екенін айтқан-ды. Жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымды кө­теру керегін атап өткен. Бәсекеге қабілетті, тұрғындардың өмір сүру сапасы жоғары көпфунк­ционалды аумақ құруға бағыт­талған мекен екенін де бірнеше мәрте тілге тиек еткен. Осы мәселе төңірегінде елді мекенді сапалы ауызсумен, электрмен және жолмен қам­тамасыз ету мақсатында бірнеше жоба іске асып жатқан сыңайлы. Қосшы кентіне 1,8 миллиард теңгенің 200 шақырымды электр желісі тартылған. Халық санына байланысты су қайнарының қуа­тын арттыру қолға алынған екен. Дамыту жайы турасына кел­сек, еліміздегі ірі қалалар, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласы төңірегіндегі проблема­ларды шешуге 2019-2021 жыл­дары қосымша 90 млрд теңге бөлінген-ді. Осыған сай әр ау­мақ­тың бас жоспары түзіліп, әре­кетке көшкен. Болашақта Қосшы ауылында 9 балабақша салынады. Оның жетеуі 240 орынды және 200 орын­ды, 280 орында екі бала­бақша тұрғызу көзделген. Екі спорттық сауықтыру кешені, екі емхана мен бір аурухана бой кө­термек. Мектеп мәселесі ауылды округтің басты проблемасы саналатындықтан, мұны шешу де қарастырылған екен. Пре­зидент тапсырмасымен Қосшы ауылында 1 200 орынды екі мек­теп құрылысы басталады. Әрине, Қосшы спутник қа­лаға айналуы үшін аймақта әлеу­меттік нысан көбейіп, көлік инфра­құрылымы шешілуі тиіс. Осыған орай, округте сауда үй­лері мен ойын-сауық орталық­тарын салу қажет. Оған қоса, экономикалық ахуалды жақсарту үшін, әлемдік тәжірибені негізге алу жайы тағы бар. Бірақ Қос­шыда тұратын халық округтің ертеңіне сеніммен қарайды. Жиі жарық сөніп, су жетпей қалса да, кейде қоғамдық көлік қалаға қатынамаса да болашаққа үміт­пен көз тастайды.  

Көлік жүйесі төңіректегі елді мекенді қамтыса

Елорда төңірегінде тұрғындар тығыз қоныстанған төрт-бес ба­ғыт бар екені анық. Қосшыдан бөлек, Қорғалжын тасжолы бо­йындағы Қараөткел, Атбасар бағытындағы Талапкер мен Қа­жымұқан ауылдары, Павлодар тасжолы бағытындағы Қоянды, Қарағанды жақтағы Жібек жолы елді мекендері астанамызды қоршай орналасқан. Егер қаланы жүйелі дамытар болсақ, аталған бағыттар елордаға серіктес қа­лашықтарға айналуы бек мүмкін. Дегенмен дәл қазіргі таңда бұл елді мекендерге қатысты дер кезінде шешетін бір мәселе бар. Ол – көлік инфрақұрылымы. Елордада салынып жатқан LRT жүйесі әуежайдан жаңа теміржол вокзалы бағытына емес, қаланың сыртқы айналма тасжолы тәрізді төңіректегі елді мекендерді жал­ғастырар болса, экономикалық тұрғыда да, халыққа қолай­лы­лығы жағынан да пайдалы болар еді. Оның үстіне, қала экология­сына да оң әсер етері анық. Егер LRT жүйесі іргедегі ауылдарды қамтыса, қалаға ағылатын жеңіл көліктер саны да азайып, кепте­лістен бастап, жолдың тозуына дейін азайтуға мүмкіндік бар. Әрине, бұл біздің пайымымыз. Нұр-Сұлтанға серіктес елді ме­кендерге LRT жүйесін тартудың техникалық-экономикалық не­гіздемесін жасаған мамандар жайлы естіген жоқпыз. Бәлкім, есеп-қисап жасағандар LRT тек әуежайдан вокзалға дейін тиімді деген болуы мүмкін. Егер оны біз сөз еткен Қосшыға дейін созып, келесі тізбегін кемі Жібек жолы ауылына жеткізсе, аталған кө­лікті пайдаланатындар саны күрт өсері анық. Демек, елордаға се­ріктес қалаларды қалыптасты­руда алдымен жан-жақты зерт­теу, есеп-қисап керек болып тұр. Әйтпесе, серіктес қала қалып­тастыру сәндік үшін жасалатын тірлік емес.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ