«Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтеруде
«Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтеруде
226
оқылды
Бүгінде егеменді еліміз осы­нау биігі мен бірлігін танытуда өзгелерден көш ілгері келеді. Ұлт­тар мен ұлыстарды бір ту мен бір шаңырақ астына біріктіру оңай шаруа емес екені де белгілі. Десе де, Елбасының сарабдал саясаты отыз жылдың бедерінде өз өміршеңдігін дәлелдеу үстінде. Қазір де бұл биігінен төмендемеген. Одан бөлек, еліміз өзге ұлт өкілдерінің достығы мен ынтымағын айшықтайтын ескерткіш белгілер орнатып, біртұтастық үлгісін көрсетіп келуде. Сондай  нысанның бірі – құрылысы Тараз қаласындағы Төле би даңғылы бойынан  басталған  «Қазақ хал­қына мың алғыс» монументі. Аталған көше бойындағы «Дос-Нар» сауда орнының маңы­нан бой көтеріп жатқан нысанның құрылысын «Арыстан Сервис» ЖШС жуырда бастаған. Құрылыс басында бүгінде 70-ке жуық адам еңбек етуде. Сондай-ақ «Темір-Байлық» ЖШС  игі іске өзіндік үлесін қосып жатыр. – Құрылыс жұмыстары жос­парға сай басталды. Нысанға қажетті материалдардың барлығы отандық өндіріс орындарынан жеткізілуде. Негізі, жоспар бойы­нша нысан тамыз айына қарай пайдалануға берілуі керек. Алайда біз 6 шілдеге дейін құрылысты аяқтауға күш салып жатырмыз. Қазіргі таңда қолбайлау болып тұрғаны –  жұмысшыларымыздың бірі ауырып, екіншісі жұмысқа шыға алмай қалып жатыр. Содан тірліктің тұралап қалып жатқан тұстары бар. Бірақ қорқатын ешнәрсе жоқ. Құдай қаласа құрылыс жұмыстары дер кезінде аяқталатын болады, – дейді «Темір-Байлық» ЖШС директоры Сапарғали Абды­қайым­ов. Жалпы, «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің жобалық құны – 158 миллион теңге. Білуі­мізше, стелланың биіктігі 30 метр болады. Оның артына тіреуіш орнатылады. Сондай-ақ маңына қойылған дуалдарға қазақ хал­қының тарихы, қиын-қыстау кезеңде елге қоныс аударып, пана тапқан өзге ұлт өкілдерінің өмірі баяндалатын болады. Ал стелланың ең биігіне егемендігіміздің нақышы қыран бүркіт бейнеленеді. Міне, осылайша жоба құры­лысы жоспарға сай жүргізілуде. Ал құрылыс жұмыстары аяқтал­ғанда бұл нысан Тараз көркіне көрік қосып, өткен тарихымыз бен бүгінімізді айшықтайтыны анық. Сондай-ақ бұл мекен қала тұрғындары мен қонақтарының демалатын орнына айналатыны даусыз. Ең бастысы стелла өкені­мізді ұмытпай, барымызды бағалауға үндейді. Сондықтан нысан Тараз қаласы үшін теңдессіз тар­тулардың бірі болатыны хақ. Тағы бір айта кетерлігі, «Қазақ халқына мың алғыс» монументінен бөлек, облыс орталығынан «Бір біргеміз!» нысаны да  бой көтеретін болады. Аталған ескерткіш тақта коронавирус кеселімен күресіп жатқан азаматтардың ерлігіне арналмақ. Бүгінде нысанның жобасы мен орны нақтылану үстінде. Алайда жақын арада  жүзеге асатыны айдан анық. Ал 6 шілде – Нұр-Сұлтан қа­ласының туған күніне орай Жамбыл облысындағы 10 ауданнан әлеуметтік және өндірістік нысандар ашылады деп күтілуде. Олардың қатарында Ардагерлер аллеясы, мал бордақылау алаңы, көпір, балалар ойын-сауық орталығы, спорт алаңшалары, сүт өнімдерін өңдейтін  кәсіпорын  және балабақша бар. Аталған нысандар мерекеге орай тұрғындар үшін теңдессіз тарту болатыны анық.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы