Зейнетке шыққан дәрігерлерді қайта жұмысқа шақыру керек – Б.Сапарбаев
Зейнетке шыққан дәрігерлерді қайта жұмысқа шақыру керек – Б.Сапарбаев
149
оқылды
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлы өңірде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігіне баса көңіл аударып, аурудың алдын алуға резидентурада оқитын студенттерді және зейнет жасындағы дәрігерлерді тарту мәселесін көтерді. Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.

Жамбыл облысындағы жағдай күн санап күрделеніп барады. 29 маусымдағы жағдай бойынша індет жұқтырғандардың саны 693 адамды құрап отыр. Бүгінгі күнге инфекциялық стационарда 272 науқас ем қабылдауда.

Көрсеткіштің көңіл көншітпей тұрғанын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев штаб отырысында баса айтып, бірқатар тапсырмаларын берді. – Қазіргі таңда дәріханаларда вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрілердің жетіспеушілігі өзекті болып тұр. Мұндай жағдай бүкіл облыс бойынша байқалуда. Бұл мәселені шешу үшін жауапты ведомстволар салалық министрлікпен, «СК-Фармация» компаниясының өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жоқ препараттардың аналогтары туралы хабардар ету керек. Маскамен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Мойынқұм, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында маскалардың белгіленген бағадан қымбатқа сатылып жатқандығы анықталған. Әкімдерге бұл секілді мәселелерді жедел шешуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы