Жаңа оқулықтар таныстырылды

Жаңа оқулықтар таныстырылды

Елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы табысты іске асуда.

Шымкент қаласындағы М.Әуе­зов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінде аталған жоба аясында мемлекеттік тілге аударылған 30 оқулықтың таныстырылымы өтті.

Аталған мақсатта үкіметтік және коммерциялық емес «Ұлт­тық аударма бюросы» қоғамдық қоры аударып ұсынған 30 оқулық­тың 11 мыңнан астам данасы жоғары оқу орнына жеткізілген.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ Қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Жанысбекова жаңа 30 оқулық­тың мазмұны жайлы таныстырды.

Ал кеңсе жетекшісі Гүлнар Әмірбайқызының айтуынша, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситеті елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа оқулықтарды оқу үдерісіне енгізудің нақты алго­ритмін әзірлеген. Нәтижесінде, өткен оқу жылында университет студенттері қазақ тіліне ауда­рыл­ған 18 оқулықты оқу барысында толыққанды қолданған. Оқу­лық­тарды таныстыруға арналған жиынға қатысқан университет оқытушылары жаңа кітаптарды алдағы оқу жылының оқу проце­сіне енгізу жайлы пікір алмасып, тың дүниелердің жас буынға пай­далы тұстары туралы ой бөлісті.  


Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы