Янис Кайсиди, Әділхан Макиннің ұстазы: Әділханнан Гран-При күткен жоқпын

Янис Кайсиди, Әділхан Макиннің ұстазы: Әділханнан Гран-При күткен жоқпын

"Әділхан мен Димаш бір-бірімен жиі хабарласып тұрады"

Кеше ғана халықаралық «Славян базары» ән байқауында қазақ әншісі Әділхан Макин өнер көрсетіп, бас жүлдені олжалады. Әншінің кең дауысы, ерекше мәнері мен сыртқы бітім-болмысы да оны өзгелерден даралап тұрғандай еді. 2015 жылы дәл осы конкурста Димаш жеңіске жеткен. Сондықтан Әділханның да бұл жеңісін жақсы ырымға баладық. Жеңімпаз әншіміз ертең елге оралмақ. Осы орайда оның ұстазы, белгілі вокалист, PhD докторы, эстрада өнері факультеті эстрадалық вокал кафедрасының аға оқытушысы Янис Кайсидиге хабарласып, бірер ауыз сұхбаттасқан едік.

– Янис Георгийұлы, «Славян базары» байқауы алдында Әділханнан Гран-При күттіңіз бе?

 – Шынын айтсақ, осы сәтке өте ұзақ уақыт әрі үлкен еңбек етіп дайындалдық. Әрине, біз бас жүлде алатынымызға сенімді болған жоқпыз. Дегенмен барлық мүмкіндігімізді көрсетуге тырыстық. Сол жолда үлкен жұмыс істедік. Әділханның потенциалын 100 пайыздық деңгейде ашу үшін еңбектендік. Сондықтан жүлделі орыннан үміт болды. Оның дауысы өте кең, ашық. Өте жағымды естіледі. Дауысы – тенор. Үш октаваға дейін дауысын көтере алады. Дауыс тембрі өте бай деп айтар едім. Өйткені, төменгі ноталары да, жоғарғы ноталары да өте әдемі әрі анық естіледі. Оған қоса ешкімге ұқсамайтын, өзіндік әнді орындау мәнері де бар. Бұл оның стилін ерекше ете түседі. Оның сан түрлі бағыттағы вокалды да шебер меңгергені жеңіске жетуіне үлес қосқан сияқты. Поп музыка, поп-рок, академиялық вокал бағыттары бойынша да Әділхан ән шырқай алады. Вокалист ретінде, ұстазы ретінде ол керемет мүмкіндіктерімен мені жиі таңғалдырады. Осы жолы ол өзін өте кәсіби түрде көрсетті. Ән конкурсы да спорт сияқты. Жарыс кезінде өз бабыңда, формаңда болып, сапалы өнер көрсету қажет. Әділхан сол үдеден шықты. Екеуміз алдын ала жоспарлаған дүниенің бәрін ол сахнада еркін көрсетіп шықты. Ризамын.


– Осыған дейін бұл байқауда біздің Димаш топ жарған еді. Әділхан да оның ізін сәтті жалғастыра білді. Жалпы, Димаш пен Әділхан арасында ұқсастық бар ма?

– Ол екеуі бір-бірімен жақсы таныс. Шығармашылықтарын да жақсы біледі. Бірінің бірінен үйренері де баршылық. Әділханның өзі де Димашқа жиі барғанын, одан өнерге қатысты, ән айту техникасына қатысты түрлі дүниелерді сұрағанын маған жиі айтады. Бұл өз кезегінде екі мықты әнші арасында бәсекелестікті тудырады. Бір-бірінің сапасының биіктей түсуіне жол ашады. Бәсеке деген аты болмаса, олардың бір-біріне жанашыр бола алатынына, бір-бірінің тілеуін тілейтініне титтей де күмәнім жоқ. Ең бастысы еліміздің атын танытатын осындай талантты жастардың шығып жатқаны қуантады. Әрине, бірді-екілі ұқсастық бар шығар. Бірақ әр вокалист өзінше ерекше. Өнерде әркімнің өз жолы бар.


– Сіздің ойыңызша, Әділхан келешекте қандай әндер айтуы керек?

– Болашақта ән таңдау мәселесіне өте қатты көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Себебі, бұл – әншінің келешек карьерасы үшін өте маңызды болмақ. Ең бастысы, оның кең диапазонын, бай тембрін паш ететін әндер таңдай алса әлдеқайда пайдалы болар еді.

– Рахмет!

https://youtu.be/s0cnHYjEr2A