Бүгінде аталған ұйымның кез келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарна арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Көптеген мықты кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтатыны жасырын емес. Асқақ арманын ақиқатқа айналдырған 23 жастағы жігерлі қыз Лас-Вегас қаласында көрерменсіз өткен турнирде америкалық Ханна Сайферсті 3 минуттың ішінде тізе бүктірді. Осылайша, Мария спорт жолындағы тоғызыншы, UFC алаңындағы бірінші жеңісін тойлады. Ал АҚШ өкілі үшін бұл әйгілі спорттық ұйымдағы алтыншы кездесу. Аталған промоушн аясында ол төртінші рет октагонда жеңіліске ұшырап отыр. Бұл жекпе-жек әу баста бастапқы кардта өтеді деп жоспарланды. Алайда кейін оны негізгі кардқа ауыстыру туралы шешім қабылданды. Жекпе-жектен кейін ұйымдастырушылар мұндай шешім шығарғанына еш өкінбейтінін айтты. Өйткені қос файтер кездесу барысында тамаша өнер көрсетті. Әлемдегі атақты промоушен аясында алғаш рет өнер көрсетіп жатқанына қарамастан, қазақстандық спортшы өзін жақсы қырынан таныта білді. Ол қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңді. Мария Агапова бұл жеңісінің арқасында 20 мың доллар пайда тапты. Оның қарсыласы Cайферс 35 мың доллар алды. Ал ең көп гонорарды кештің басты жекпе-жегінде америкалық Джессика Айды жеңген Синтия Кальвильо иеленді (110 мың доллар). Айта кетейік, негізінде Агапова бразилиялық спортшы Мелисса Гаттомен кездесуі керек болған. Бірақ қарсыласы АҚШ-қа уақытында виза ала алмаған соң күтпеген жерден Cайферспен жолы түйісті. Тартысты кездесуде жеңіске жеткен Мария өзінің командасына ерекше алғысын білдірді. Одан бөлек, UFC-дегі алғашқы қазақстандық қыз америкалық Шэна Добсонды жекпе-жекке шақырды.
Абылайхан ЖҰМАШ