Жұмыскер жасқа – жалдамалы пәтер
Жұмыскер жасқа –  жалдамалы пәтер

Елбасы жұмыс істейтін жастардың жағдайын жасау керегін бірнеше рет тілге тиек еткен еді. Болашақтың басты қозғаушы күші саналатын топты елеусіз қалдыруға болмайды. Осы мақсатта осы жыл «Жастар жылы» деп белгіленгенінен де бар­лығы дерлік хабар­дар. Жалпыға жақсы жаңалықтың бірі – жалға берілетін пәтерлердің салы­на­ты­ны. Қашан жүзеге асады, бағасы қанша, шарттары мен талаптары қандай? Осындай түрлі сауалға жауап іздеп көрелік.

Жастар жылының ашылуын­да Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істейтін жастар­ды қолдау мақсатында жылына бір мыңнан астам жал­да­малы пәтер салуға тапсыр­ма берген болатын. Осы мақсаттарға 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы аясында қанша қар­жы бөлінетіні есептелді. Нәти­жесінде шамамен 21,6 мил­лиард теңге керек екен. Оның ішінде республикалық бюджет­тен – қосымша 15 миллиард теңге, қарастырылған қаражат­тан 6,6 миллиард теңге бөлінбек.

Жалға берілетін пәтерлер еліміздің үш мегаполисі – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында салынады. Жоғары­да атап өткеніміздей, жоспар бойынша жыл сайын кемі 1 мың пәтердің құрылысы бітіп, кілті табысталып отырады. Жастар­дың баспанасыз, үй-күйсіз жүр­генін ескерген Елбасы, бұл бастаманы миллион тұрғыны бар ірі қалалардан бастауға тапсыр­ды. Мұның астарында кейін өзге облыстарда да осындай жақсы бастама қолға алынады деген сөз бар болар деп топшыладық. Сондай-ақ мега­по­листер санының артуына да стимул сыңайлы. Елбасы тағы бір сөзінде, алдағы уақытта екі қаланың мегаполис болатын күні жақындап қалғанын айтып қалды.

«Бұл пәтерлер жалдамалы сипатта болады. Бір есте ұстай­тын жайт – тек жұмыс істейтін жастарға арналған. Патернализм­ді өршітпеуіміз керек. Қайта жастар мемлекетке көмектесуі тиіс. Пәтер мемлекеттікі болып қала береді. Барлық әлемде мұндай тәжірибе бар. Үйді жалға ала аласыз. Қалаған кезде басқа жаққа жұмысқа ауысуға болады. Кеңес кезіндегі адамдар керісін­ше пәтерге «байланып» қалған болатын» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев жастарға бағыттап сөйлеген сөзінде.

Жастарды қолдау үшін мынадай төрт нәрсеге баса назар аудару керек: қолжетімді әрі сапалы білім, жұмысы мен баспанасының болуы және отбасы құруға мүмкіндігі бар болғаны. Міне, осы маңызды бағыттың бірі ретінде баспана­ның таңдалуы бекер емес. Өйтке­ні қалалық жерде пәтер жалдап тұруға екінің бірінің қаражаты жете бермейді. Әсіресе, мегапо­лис­терде пәтердің айлық ақысы аспандап тұратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жастарға ар­налған жалдамалы пәтерлер – жақсы мүмкіндік. Алаңсыз жұмыс істеп, қаражатты тиімді басқаруға болады.

Енді осы бастаманың іске асырылуы қалай жүріп жатыр? Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жастар­дың жағдайын жасаудың қандай амалдары жасалып жатқаны жайлы айтып берді. Біздің тақырып – пәтер туралы сала министрі Абаев жалға берілетін пәтерлерді беруге байланысты тиісті ережелер бекітіліп жатқа­нын айтты. Осылайша осы жыл­дың 1 тамызына дейін ережелер бекітілетіні белгілі болып отыр. Сонымен бірге 89 іс-шараны қамти­тын жол карта­сы да қабыл­данған. Ол жас қазақстандық­тардың өзекті мәселелерін оң шешуге бағытталады.

Әу бастан бізге белгілі болға­ны – жалға берілетін пәтерлерді 29 жасқа дейінгі жастар ала алады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын және жұмыс істейтін болуы шарт. Мемлекеттік жалда­малы пәтерге ие болуға үміт­кер­лерге қойылатын талаптардың тағы бірнешеуін атап өтсек. Пәтерді беру балдық жүйемен жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек талаптар санаулы күндерден соң анықталады. Жалға алу құқығы­мен берілетін баспаналар үш жыл мерзімге беріледі. Осы уақыт аяқталған соң, арнайы құрылған комиссия жалдау мерзімін ұзарту туралы мәселені қарастырады. Тағы бір міндетті дүние – заңды жерде жұмыс істеп, салық төлеуі. Болмаса жеке кәсіпкерлікпен айналыса­тын құжаттарының түгел бол­ға­н­ы дұрыс. Осындай әр көр­сет­кішке ұпай беріледі. Қосымша балл беретін амалдардың ішінде отбасылық жағдайы, бала саны бар. Мегаполистердің әрқайсы­сын­да ең кемі 350 пәтерден бола­ды деп жоспарланып отыр. Шаршы метрінің бағасы – шама­мен 180 мың теңге. Пәтер­дің аумағы – 40 шаршы метр. Жалдамалы пәтер бағасы – 10-12 мың теңгеге жуық. Бір айта кетерлігі, мұның бәрі тиісті сала министрліктерінің қарауында. Өзгерістердің болуы да ықтимал. Мәселен, Мәжіліс депутаты Гүлнар Иқсанова жас шамасын 35-ке дейін көтеру керек деп бастама көтерген еді.

 

Айша ЕРСҰЛТАН