«Жәрдемнен» жәрдем көп
«Жәрдемнен» жәрдем көп
166
оқылды

Тігіншілік – ісмерлікке, ептілікке, дәлдікке баулитын өнер ғана емес, істің көзін таба білген адамға жақсы кәсіп көзі. Бүгін елордалық жиырма көпбалалы ана осы тігін шеберлігін меңгергенін айғақтай­тын арнайы сертификат пен алғашқы кәсіптерін ашуға мүмкін­дік беретін тігін машинасын алды.

Көпбалалы және өмірде қиын жағ­дайға тап болған отбасында бала тәрбие­леп отырған аналарға мұндай мүмкіндікті Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес пен Қазақстан Іскер әйелдер қауым­дастығы және «Ютария» тігін фабрикасы жасап отыр.

«Бақытты отбасы» партиялық жоба­сының аясында Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп, «Жәрдем» бағдарламасын іске асырды. Осыған орай, сәбиі бар аналар баласын қараусыз қалдырмайтындай етіп олардың үйде жұмыс істеуіне, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылардың қаржылық жағдайын жақсарту үшін мүмкіндіктер жасау көзделген.

Іс-шараға қатысқан Nur Otan партия­сының хатшысы Әлібек Әлденей аналар­дың қоғамдағы рөліне, ұлттық болмыс пен ерекшелігімізді сақтап қалу жолында­ғы олардың ерен еңбегіне ерекше тоқталды.

– Соғыс өрті мен талай қуғын-сүргінді басынан өткерген ұлт рухының қайта тірілуіне бірден-бір себепкер болған ақ­жаулықты аналарымыз. Ер азаматы май­дан­ға аттанғанда басқа түскен ауыртпа­лыққа мойымай, балаларын асырап, ел қатарына қосқан аналар болды. Сон­дықтан анаға деген құрметіміз шексіз. Сіздердің көпбалалы ана ретінде қолға алған кәсіптің отбасыларыңызға табыс әкелетініне сенімдіміз. Әрине, әр кәсіптің өз қиындығы бар. Бірақ ынта мен жігер болса, кез келген қиындықты жеңуге болады, – деді партия хатшысы.

Сондай-ақ Әлібек Әлденей мұндай игі бастамалардың жалғасатынын және партияның көпбалалы аналармен тікелей байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.


«Ютария» тігін фабрикасының өн­дірістік базасында екі апта бойы қайта даярлаудан өткен аналарға Тұңғыш Президент – Елбасы қоры демеушілік жасап, тігін машиналарын тарту етті. Осы орайда Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева «Жәрдемді» жүзеге асыруға қолдау білдірген Тұңғыш Президент – Елбасы қоры мен «Ютария» фабрикасына алғысын білдірді.

– Ананың бала тәрбиесінен қол үзбей-ақ, үйде отырып жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін тігіншілік және аспаздық курстар аштық. Бүгін осы курстың ал­ғашқы легі оқуды тамамдады. Курс барысында аналарға тігіншіліктің қыр-сырынан бөлек, қазіргі таңда елімізде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Сонымен қатар аналардың алғашқы тапсырыстар алып, дайын өнімдерін сатуға қол ұшын беру үшін нарықта қалыптасқан кәсіпкерлер де осы жұмысқа жұмылдырылды. Сондықтан аталған бағдарламаны өте тиімді, кешенді әрі пайдалы болды деуге негіз бар, – деді Динара Закиева.

Осы курсты тамамдаған төрт баланың анасы Индира Миықбаева балалары кішкентай болғандықтан, бұған дейін мамандығы бойынша жұмыс істемегенін, енді тегін қайта даярлықтан өту арқылы жаңа кәсіпті меңгергенін қуана жеткізді.

– Негізгі мақсатым – үйде отырып-ақ жеке бизнес ашу. Ол үшін мемлекеттің жасаған барлық мүмкіндігін пайдаланғым келеді. Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» жобасы туралы естіп-білдім. «Жәрдем» бағдарламасының игілігін өзім көріп отырмын. «Атамекен» ҰКП-ның мамандары осында келіп, бізге қазір қандай мемлекеттік гранттар бар, оларды қалай алуға болады, шағын кәсіпорынды қалай ашады, жеке кәсіпкерлікті қалай тіркейді деген сауалдар төңірегінде се­минар-тренинг өткізді. Сондықтан өз кәсібімді бастауға дайынмын, – деді көпбалалы ана Индира Миықбаева.

Айта кетейік, «Ютария» тігін фаб­рикасы аналарды тігін шеберлігіне үйретіп қана қоймай, балаларын балабақшаға орналастырып үлгергенін жұмысқа қабыл­дауға да дайын. Сондай-ақ тігін­шілікті меңгергісі келетін өзге де көп­балалы аналарды курстың екінші легіне қабылдау басталды.


Клара НАҚЫП