Білім орталығы ашылды
Білім орталығы  ашылды
Nur Otan партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» партиялық жобасы аясында білім орталығы ашылды.

Мәжіліс депутаты Ирина Аронованың Қостанай облысындағы Қарабалық ауда­нына жұмыс сапары аясында жаңа орталық­тың тұсауы кесілді.

– Бастысы, жастардың жаңаша білім алып, оны дұрыс пайдалана білуде. Техноло­гия­лардың келешегі зор. Сондықтан ин­но­ва­циялық білім алуға мүмкіндік жасау – мем­лекет саясатының маңызды ба­ғыт­­та­рының бірі. «Қазақстан кітапха­налары – заманауи білім орталықтары» жобасының шең­берінде қазір елімізде кітапханалар осындай уақыт талабына сай білім орталықтарына айнал­дырылып, тиісінше жабдықталып, элек­тронды үлгіге көшірілуде, – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Аронова.

Мұнда түрлі әдебиеттермен, оқу құрал­дарымен қатар, кез келген ақпаратты онлайн режимде алуға мүмкіндік жасалған. Орталық интернет желісімен, цифрлы тех­нологиялармен, қажетті жиһаздармен толық­тай қамтамасыз етілген. Орталыққа келу­шілер қажетті ақпарат алып қана қоймай, өзара ой-пікір, тәжірибе алмасуға, шығармашылық еңбекпен айналысуға мүмкіндік алады.

– Кітапхана жүйесі қайта жаңғыртылуда. Халықпен жұмыс істеуге басымдық беріледі. Тіпті оқырманның өзі өзгеріп, білімді адам­дар саны арта түседі. Осындай коуоркинг орталықтардың кітапханада ашылып, түрлі қызметтерді жаңа жүйеде ұсыну цифрлан­дыруға қарай жасаған кезекті қадам деп білуіміз керек, – дейді кітапхана қызметкері Үміт Ғалеева.

Орталық кітаптың, түрлі әдебиеттердің де қадірін арттырып, көпшіліктің уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізеді. Айта кету керек, бұл – өңірдегі осымен алтыншы білім орталығы. Енді аудан тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбей-ақ, бірқатар қызмет түрлерін ала алады.