Кенттегі кешен керемет
Кенттегі кешен керемет
5,150
оқылды

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракция мүшесі Нұржан Әлтаев Continental Logistics Shymkent көлік-логистикалық орталығына барып, ондағы қызметкерлермен кездесу өткізіп, компанияның тыныс-тіршілігімен жете танысты.

2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылған А+ санатындағы Continental Logistics Shymkent кешенінің бүгінгі жұмысы қарқынды. Мұнда құрғақ және климаттық қоймалардан бөлек контейнерлік терминал, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құры­лымдар бар. Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік магистраліне және әуе­жайға жақын орналасқан Continental Logitics Shymkent көлік-логистикалық орталығында тікелей теміржол желісі де қарастырылған. Мұндағы мамандар маркетинг пен менеджментті кеңінен қолдана отырып, кешеннің мүм­кіндіктерін толық пайдалануға кіріскен.

Орталық жұмысымен танысқан депутат Нұржан Бауыржанұлы Шым­кенттегі алып кешенге келудегі басты мақсатын айтты:

– Көлік-логистикалық орталығы – ауыл шаруашылығының көптеген мә­се­лелерін шешетін маңызды жобаның бірі. Фермерлерге өнімдерін қалаларға шығару үшін логистикалық орталық, қоймалар қажет. Қазіргі таңда ауыл­шаруашылық өнімдерінің бағасының өсіп жатқаны осындай қоймалардың жоқтығынан болып отыр. Бұл үлкен жо­баның осы аймақта іске асып жатқа­нына өте қуаныштымын. 93 гектар ау­мақта орналасқан нысан тауарды жинау және сақтауға бағытталған орталықтың негізгі артықшылығы – нысанның қолайлы жерде орналасуы. Осында сақталатын отандық өнімдер жергілікті сауда орталықтарына жеткізіледі. Таяуда тағы бір жоба логистикалық ор­талықтың жанынан агро-индустриалды орталық салынбақшы. Ол жерде фер­мер­лердің келген тауарлары өңделіп, қоймаларда сақталады. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ары қарай да жұмыс­ты атқара беретін боламыз, – деді ол.

Орталықта Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жат­қан транзиттік жүктер сақталады және кедендік рәсімдеуден өтеді. Әрқай­сысының аумағы 10 мың 300 шаршы метр болатын екі қойма жұмыс істейді. Қоймалар халықаралық деңгейдегі «А» санатының талаптарына сай. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-эко­номикалық қарым-қатынасты жақ­сарту үшін енді екі ел арасында логисти­калық бірлескен кәсіпорын құру жоспарда бар.