Жұмабек Мұқиятұлы: Елге баруға, білім алуға отбасылық жағдайым жар бермей тұр
Жұмабек Мұқиятұлы: Елге баруға, білім алуға отбасылық жағдайым жар бермей тұр
234
оқылды

Оған білім грантын ұсынуға Қазақ ұлттық өнер академиясы қатты қызығушылық танытып отыр

«Ша ла ла» әнімен қалың көпшілікке лезде танылған Жұмабек Мұқиятұлы және оның отбасымен байланысу біраз қиынға түсті. Десек те талантты әншіні танитын бірқатар адамдармен хабарласып, қазір Шыңжан өлкесінде тұратын қазақ баласы жайлы біраз деректерге қаныққан едік.

Бұл турасында кеше арнайы мақала да жазып, Жұмабектің Қазақстанға келгісі келетінін жеткізген едік. Ал бүгін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының техникалық қолдауымен Жұмабектің өзімен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. Алайда екі ел арасындағы техникалық байланыстың тым нашар болғандығынан көкейдегі көп сауалды қоя алмадық және емен-жарқын әңгімелесудің де орайы келе қоймады.

«Бала кезімнен өнерге әуес болып өстім. Қазақтан шыққан атақты Құрманғазы, Тәттімбет, Дина және Төлеген Момбеков, Әбікен Хасенов сияқты күйшілердің тартқан күйлерін естіп есейдім. Өзіміз жақтан айтар болсақ, Қожекен Азарұлы, Әшім Дүңшеұлы, Қайрақбай Шалекенұлы, Бейсенбек Дөненбайұлы деген ағаларымыздың күйлерін қатты тыңдадым» дейді Жұмабек.

Қазіргі таңда талантты баланы елге алып келіп, оған білім грантын ұсынуға Қазақ ұлттық өнер академиясы қатты қызығушылық танытып отыр. Оқу ордасының ректоры Асхат Маемировтың басшылығымен академия әкімшілігі Жұмабектің отбасымен байланысқа шығып, заңдық тұрғыда оның шаруаларын реттеуге тырысуда. Жұмабектің айтуынша, қазір өз қолында төлқұжаты бар екен. Ал заңгерлердің сөзінше, оның елге келуі үшін тек туристік виза жасату керек. Сол арқылы келіп оқуға тапсырып, түскен соң, арнайы оқу визасын иеленуге болады екен. Жұмабектің өзі де кәсіби білім игеруге қарсы емес. Тек екі көзі көрмегендіктен бұл жақта жүріп-тұру мәселесі мен қаржылық қолдау қалай шешімін табар екен деп алаңдайды.

«Музыка мектебінде оқып, кәсіби білім алған емеспін. Күйлерді, әндерді радио арқылы тыңдап, санама сіңіре бердім. Қазақ еліндегі Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев ағаларымды сүйіп тыңдаймын. Одан бөлек дәстүрлі ән-күйлерге де ерекше құмармын. Өзім Үрімжі қалалық зағиптар мектебінде оқыдым. 8 сыныптан кейін орта білім беретін техникумда массаж мамандығын меңгергенмін. Оған үш жыл уақыт кетті. Енді музыкалық білім алып, шеберлігімді жетілдіргім келеді. Әкемнің де, шешемнің де денсаулығы онша болмай, қолымыз қысқалау болып, елге баруға, үлкен білім игеруге жағдайымыз жар бермей жатыр. Негізгі қолдаушым – әкем мен шешем. Әкеме сүйеніп жүремін. Егер Қазақстанда білім алатын болсам, онда маған көмектесетін, тұрмыстық тұрғыда қарайласатын адамдар болуы керек. Өзім дәстүрлі ән бағыты бойынша білім толықтыруды армандаймын» дейді Жұмабек.

Өнер академиясы Жұмабектің тиісті құжаттарын әзірлеп, оны тамыз айының орта шеніне дейін Қазақстанға әкелуді мақсат етуде. Өйткені оқу орнында құжат қабылдау 20 тамызда аяқталады. Бірақ келгеннен кейін де оның елде тұру мәселесі, жағдайы мен бабының келісуі де өз алдына бір мәселе. Қазір Жұмабек осы жәйттердің барлығын алдымен әкесінің інісі – Манат ағасымен ақылдаспақ. Содан кейін ғана бір жауабын айтады.