Жамбылда екі әйелді өлтірген өзбекстандық күдіктінің мәйіті табылды
Жамбылда екі әйелді өлтірген өзбекстандық күдіктінің мәйіті табылды
Фото: Интернеттен алынды
144
оқылды
54 жастағы Өзбекстан азаматын бір айдан аса іздеген полицейлер жуырда оның ағашқа асылып тұрған мәйітін тапқан, – деп хабарлайды КТК.
Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова: «Жедел-іздестіру шарасында 27 маусымда Тұрар Рысқұлов ауданынан өзіне-өзі қол жұмсау белгілері бар мәйіт табылды. Жеке заттарын қарай келе, оның қожалықтағы қылмысты жасаған күдікті екені анықталды. Марқұмның нақты неден қаза тапқанын анықтау үшін бірқатар сараптамалар тағайындалды», – дейді.
Қылмыс мамыр айында Тұрар Рысқұлов ауданы Мамай ауылында болған. Таудағы қожалықта бірнеше ай малшы болған өзбекстандық ер адам екі әйелді бауыздап өлтіріп, мәйіттерін тапшанның астына жасырған. Марқұмдардың бірі – 50, екіншісі – 38 жаста. Қанды қылмыс болған қожалық жергілікті учаскелік полицей мен оның анасына тиесілі екені белгілі. Бірақ бұл оқиғадан соң тәртіп сақшысы іле-шала өз еркімен жұмыстан шығыпты. Жұрттың жағасын ұстатқан оқиға болған жерден бүкіл малын алып кеткен. Айуандықпен өлтірілген екі әйелдің жақындары қылмысты жалғыз адамның істеуі мүмкін емес деп болжап отыр. Телеарнаның хабарлауынша, күдікті асылып қалған оқиғаның мән-жайын полиция ашып айтпай отыр.