«Дипломмен – ауылға» барған хирург жыртық қолғап үшін жұмыстан қуылды – видео
«Дипломмен – ауылға» барған хирург жыртық қолғап үшін жұмыстан қуылды – видео
Фото: Видеодан алынған скриншот
Оның жұмыстан кетуіне әлеуметтік желіде қолдануға жарамсыз медициналық қолғаптар туралы ролик түсіргені себеп болған, – деп жазады Otyrar.kz. Хирург Қайрат Сейуалиев видеода науқас пен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заттардың барлығы киетін кезде жыртылып қалатынын айтқан. Дәрігердің бұл видеоның алдында ауруханаға әкімшілігіне барғаны туралы, бірақ сонда да сапалы қолғап ала алмағаны айтылады. Дереккөздің мәліметінше, ролик әлеуметтік желілерде қызу талқыланған соң дәрігердің жұмыстан шыққаны белгілі болды. 33 жастағы хирургтың айтуынша, ол бұл ауруханаға 8 жыл бұрын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан. 7 жыл бойы хирургия бөлімінің меңгерушісі болды. Алайда 2020 жылдың ақпан айында өзгерістер болды. Дәрігердің айтуынша, ауруханаға жаңа басшылық келгеннен кейін мамандарды негізсіз қудалау басталған, - деп жазады Tengrinews.kz.
«Сапасы өте төмен стерильденбеген қолғаптарды көрсеткенім үшін әкімшілік, бас дәрігер, оның орынбасарлары, кадр бөлімінің басшысы, заңгер, аурухана кәсіподағының төрағасы сияқты шамамен 10 адам маған хаттама жасады. Ал кейін үш минуттан соң маған жұмыстан қуылғаным туралы қағазды әкелді. Мен әкімшіліктен жоқ нәрсені сұрағаным жоқ, материалдық көмек сұрағаным жоқ, тек пандемия кезінде бізді қорғай алатын қолғаптар беруін сұрадым. Әділдік қайда?!», – деді Қайрат Сейдуалиев.
Өз кезегінде аурухананың бас дәрігері хирургты жұмыстан босату үшін бірнеше себеп болғанын айтады. Бұл жалған мәліметтер мен пациенттерден түскен шағым дейді.
«Ауруханада қолғап мөлшерібойынша беріледі және ол оны жақсы біледі. Аға медбикеге жүгінудің орнына видео түсіріп, оны жариялады. 30 маусымда ол екінші видеоны жариялады. Сонымен қатар, Қайрат Сейдуалиев ақпан айында тәртіптік жаза – сөгіс алды. 30 наурызда науқасқа үш сағат ішінде ешқандай көмек көрсетпегені үшін оған шағым түсті», – деді Келес аудандық аурухананың бас дәрігері Аида Бексұлтанова.
Бірақ хирург комиссия шешімімен келіспейді. Енді ол облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аурухана әкімшілігі жұмыстан заңсыз босатып, жала жапқаны үшін Президентке хат жазуға бекініп отыр.   https://youtu.be/X4DTiRrDMmo