Алыстағы Алакөл... саған жетер жол қайда?
Алыстағы Алакөл... саған жетер жол қайда?
217
оқылды

Алакөлге арып-ашып әрең жеттік. Мінгеніміз – «Спринтер». Жүрісіміз – есек-арбаға отырған қалпы шоқырақтап бара жатқан жанның кейпі. Талдықорғаннан әрі асып, Үшаралды көктей өтіп, Мақаншыға апарып, одан ары Көктұма мен Жарбұлаққа жеткізер жолдың сықпыты адам шошырлық. Қаншалықты жылдам жүрген сайын, көз ұшында көк аспанмен тұтасқан Алакөл де соншалықты алыстай берді. Енді бір 40 шақырым шыдайық дей бергенде көлігіміздің дөңгелегі жарылды. Аңқамызды күн кептіріп, сабырымызды жол тоздырған он бес адам ошарылдық та қалдық...

Біз тұрақтаған Қабанбай ауылында демалушыларға жағ­дай жасалған екен. Бірнеше демалыс үйі салынып, олар за­манға сай жабдықталып, көлге дейінгі жол көркі көз тартар Ар­батқа айналдырылған. Өзен жағасы да біршама реттеліпті. Келушілер солай дейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын жағалаудың тасы табанға батып, инфра­құ­ры­лымның иісі де сезілмейтін дейді демалушылар. Соңғы жылдары облыстық әкімдік бұл өңірге біршама көңіл бөліп, Алакөл ай­мағын туристер мекеніне ай­нал­дыруға тырысып баққан. Биыл Алакөлден сая іздеп келген адам­дардың да қарасы көп. Бірақ сөз басында айтқан жол мәселесі, тағы да басқа түйткілдер алдан шыға береді. Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбековтің айтуынша, Алакөл жағалауын абаттандыру 2017 жылдан бастап қолға алы­нып, сол үшін 2 млрд теңге қара­жат бөлінген.

– Ол ақша Арбатқа, балалар саябағына, Алакөл жағалауының 10 шақырымдық жолына асфальт төсеуге, жарық жүргізуге, жаға­лау­ды бекітуге жұмсалды. Қазір Алакөл жағалауында 290 нысан қызмет атқаруда. Оның ішінде – дүкен, тамақтану орындары, ас­хана, жатын орындары бар. Былтырмен салыстырғанда ны­сан саны 14-ке артты. Инвес­ти­ция көлемі 33 пайызға жоғары­лады. Салық түсімі былтыр 67 миллион болса, биыл 100 мил­лионға дейін жете ме деп жоспар­лап отырмыз, – дейді әкім орынбасары.

Сондай-ақ Алакөл жағала­уында велосипед жол­дары қолға алынбақ. Ол жол Ала­көлден Қабанбай ауылына дейін тар­тылады. Балалар сая­бағының іші де веложолдармен жабдық­талады. «Үлкен жолдарға келетін болсақ, Үржар-Таскес­кен ай­мағында жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. 20 шақырым­дық жолға 4 млрд теңге қаражат бө­лінген болатын. Осы жылдың аяғына дейін ол жұмыстар ат­қарылуы тиіс» дейді Біржан Тұрлыбеков.

Шендінің айтуынша, былтыр Алакөлге 600 мың адам келсе, биылғы меже 1 миллионға жетіп жығылуы тиіс. Күніне шамамен 25-30 мың адам Алакөлдің ай­дынына сүңгиді. Бірақ осынша адамға 4 құтқарушы ғана қарас­тырылған. Терең аймақтарға ты­йым салатын шекараларды да елең қылмай жатқандар қан­шама. Жағалаудың ұзындығы – шамамен 5 шақырымдай. Был­тыр төрт адам көз жұмған. Биыл бір бала Алакөлге ағып кеткен. Әкім орынбасарының айтуын­ша, бала ата-анасының жауап­сыздығынан қайтыс болыпты. Толқыны сәт сайын жағаға ұрған көл жыл сайын ауылға қарай жақындап келе жатыр. Тұр­ғындардың айтуынша, соңғы 20 жылда бір жарым-екі шақы­рымдай жақындапты.

Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбековтің айтуынша, Алакөл жағалауын абаттандыру 2017 жылдан бастап қолға алы­нып, сол үшін 2 млрд теңге қара­жат бөлінген.

Әрине, әкім айтқан әдемі цифрлар мен мәліметтерге еш күмән келтірмей-ақ қоялық. Бірақ Алакөлге жетемін дегенше діңкелетіп тастайтын жол мәсе­лесі бар қызықты жуып-шайып кетердей. Осыдан тура екі жыл бұын сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қа­сымбек Алакөлге тура апарар жол құрылысының бастала­тынын жария еткен. Шындап кіріскенде Үшарал-Достық жо­лының екі жыл ішінде бітіп қалатындай уақыты өтті. Бірақ сол баяғы ой-шұңқыр, сол бұ­рынғы ақшаңдақ жол әлі жатыр. Осы мәселеге биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей назарын аударған болатын.

– Бұл аймақ бүкіл елдің ту­ризм орталығына айналуы тиіс. Басты нысан – өзінің емдік суы­мен танылған Алакөл. Былтыр туристердің саны 20 пайызға артып, 2 миллион адамды құра­ған. Алайда сервис деңгейі, транспорт жолы, тіпті қонақүй инфрақұрылымы әлі қаншама жұмысты тілеп тұр. Әсіресе, туристер тікелей басып өтетін жолдардың жайы өте нашар. Осы мәселені реттеу үшін Үкі­меттің әкімдермен бірлесіп жұмыс істеп, курортты аймақ­та­ғы инфрақұрылымды күшейту бағытында тиісті шаралар қа­былдауын талап етемін, – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Талдықорған – Өскемен тас­жолына соңғы рет күрделі жөн­деу 20 жыл бұрын жүргізілген. Ал жаңа жолдың құрылысы былтыр ғана басталған. Оның өзі тым шабан жүріп жатыр. Жоба қы­тайлық инвестиция есебінен жүзеге асып жатқан көрінеді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания басқарма төрағасы Ұлан Әліпов­тың айтуынша, жолды үш бірдей мердігер компанияның кон­со­рциумы салып жатыр екен. «Олар – қытайлық, италиялық және өзіміздің компания. Онда 21 жасанды нысан, 100-ден ас­там құбыр, әртүрлі деңгейдегі 2 айналма жол қарастырылған. Жоба 3 жыл ішінде мәресіне жетуі тиіс. Бірақ Мемлекет бас­шысының сынына іліккен соң процесс біршама жылдамдайды» дейді ол. «ҚазАвтоЖол» басшы­сының сөзінше, жаңа жолдың үстін басып өтетін алғашқы көліктер легі келер жылдың со­ңында жолға шығып қалуы мүм­кін. Ал 2021 жылы жолдың басқа да игіліктері толық тәмам бол­мақ. Жолдың 454 шақырымы – Шығыс Қазақстан, ал 313 ша­қырымы Алматы облысына тиесілі екен.

Алакөл жағалауындағы тағы бір проблема – көлеңкелі биз­нес­тің кең етек алуы. Дәл қазіргі сәтте көл жағалауында 328 кә­сіпкерлік нысан бар болса, соның 175-і – демалыс үйі. «Биыл тіркелмей, заңсыз жұмыс істеген кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәти­жесінде 28 адам заңды кәсіп иесі ретінде тіркелді. Сонымен қатар әрбір дүкен мен дәмханаларда онлайн касса құрылғыларының қойылуын да қатаң қадаға­лай­мыз. 2019 жылғы салық түсімі былтырмен салыстырғанда 115 пайызға артты. Былтыр ау­дан қазынасына 27,3 миллион теңге түссе, биыл бұл көрсет­кіш 33,1 миллион теңге ақша (2019 жылдың 1 шілдесіне дейінгі дерек) түсіп отыр» дейді ау­дан­дық мемлекеттік кірістер бас­қармасы басшысының орын­басары Нұргүл Жақманова.

Алакөлдегі демалыс ойда­ғыдай өтті. Жанға жайлы қо­нақүй, уақытымен берілетін үш мезгіл тамағы, аттап бассаң сам­сап тұрған түрлі кафе мен асхана, көңіл көтеретін орындар, серуен құрып, әңгіме айтар алаңқайлар адам жанын рахатқа бөлейді. Күннің ыстығы шекеден өтсе, суға сүңгіп «сазайын бересің». Бірақ көңілімізді бір-ақ нәрсе – қайтар жол алаңдата берді. Өт­кенде кешкен «азапты» тағы бір мәрте бастан өткереміз-ау деген ой еңсемізді басты. Алматыға дейін тұп-тура 16 сағат 24 минут жүріппіз. Оның 4 сағаты ғана – түзу жолдың еншісінде. «Енді барар болсақ, тек ұшаққа ғана билет алармыз» дедік іштей. Әл­гінде айтқан, 2021 жылы бітуі тиіс жол құрылысы жүріп жатты. Әр жерде бір экскаватор, бір­лі-екілі техника қараң-құраң етеді. Тым шабан көрінді бізге. Ендігі екі жылда біте қояр ма екен деген күмән көлбең-көлбең етеді...