Карантин: Бірқатар жолаушылар пойызының жүру кестесі өзгерді
Карантин: Бірқатар жолаушылар пойызының жүру кестесі өзгерді
Қазақстан аумағында 5 шілдеден бастап карантин шараларының күшейтілуіне байланысты бірқатар жолаушылар пойызының жүру кестесі өзгерді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. Бұған дейін 1 шілдеден бастап 3 коммерциялық пойыздың қатынауы уақытша тоқтаған болатын. Олар: - №19/20 «Нұр-Сұлтан-Атырау»; - №95/96 « Нұр-Сұлтан-Орал»; - №701/702 «Нұр-Сұлтан-Алматы». Еске сала кетсек, бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында 5 шілдеден бастап елімізде 14 күнге қатаң шектеу шараларын енгізу шешімі қабылданды. Олардың арасында теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау бойынша да шектеулер бар. Осыған орай, 5 шілдеден бастап әлеуметтік маңызы бар бірқатар бағыттарға өзгеріс енгізіледі: 1. №321/322 «Алматы – Сарыағаш» жолаушылар пойызы тоқтатылады. 2. Келесі бағыттардың қатынау жиілігі қысқарады: - №3/4 «Алматы-Нұр-Сұлтан» күнара (күн сайынның орнына); - № 31/32 «Алматы-Павлодар» күнара (күн сайынның орнына) - № 67/68 «Нұр-Сұлтан-Өскемен» күнара (күн сайынның орнына) - №257/258 «Нұр-Сұлтан-Достық» аптасына 1 рет (аптасына 2 реттің орнына). Айта кетейік, Қазақстан аумағында төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін, пойыз қатынасы кезең-кезеңімен қалпына келтіріле бастаған болатын. Бүгінгі таңда жалпы алғанда 93 пойыз рейстерді орындауда.