Ақтөбеде 5 мыңға жуық мұқтаж отбасы 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек алып жатыр. Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Birgemiz қоры арқылы мұқтаж жандарға көмек көрсетудің төртінші кезеңі басталды. Бұған дейін Ақтөбе қаласының 18 451 тұрғыны көмек алды. Ал үшінші кезеңде республика бойынша 110 мыңдай отбасына көмек көрсетілсе, облыста Алға, Қандыағаш, Жем, Ембі, Темір, Шалқар, Хромтау қалаларындағы 5880 отбасы қолдауға ие болды. Оның ішінде аз қамтылған көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар бар. Темір ауданының тұрғыны Самал Мамешова: «Телефоныма келген хабарламаны көргенде көзіме жас алдым. Жүгіріп партия филиалына бардым. Елбасыға мың алғыс. Әрқашан аман болсын. Әрқашан халқына көмек көрсетуде», – дейді. Ал Қарғалы ауданының тұрғыны Мадина Таджиева мүмкіндігі шектеулі балаларға қордан көмек көрсетіліп жатқанына риза. Nur Otan партиясы Елбасының тапсырмасымен кезекті қаржылай көмектің аса мұқтаж 80 мың отбасыға берілетінін хабарлаған болатын. Елбасының бастамасымен атымтай жомарт кәсіпкерлер Birgemiz қорына 28 миллиардтан астам қаражат жинаған еді.