«Дәрі де, дәрігер де тапшы»
«Дәрі де, дәрігер де тапшы»
348
оқылды
Ден­с­аулық министрі дабыл қағып, терапиямен қамтамасыз ететінін айтты. Дәріханадағы ұзын-сонар кезекті көргенде-ақ халықтың халі мүшкіл еке­нін ұғасыз. Ал Алматы қала­лық Қоғамдық денсаулық сақ­тау басқармасы басшысы Камалжан Надыров медицина қызметкерлерінің жетіспейтінін хабарлады. Демек, қосымша шара қолданып, алдын алмаса, Италияның күйін кешуіміз мүм­кін. Бұған дәрігерлер мен ме­дицина факультеті студенттері не дейді? Алматының бас дәрігері кіші жұқпалы және провизорлық ста­ционарларда жұмыс істеу үшін дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, зертханалардағы жұмысқа арнайы мамандар мен волонтерлер қажет екенін айтты. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Facebook парақшасында жазды. «Бүгінде медициналық қызмет­керлердің санын арттыру, кадрлық құрамды көбейту мәселелері бірін­ші орында тұр. Қазіргі уақытта дәрі­герлерге, провизорлы және жұқ­палы аурулар ауруханасында қыз­мет істейтін орта және кіші меди­ци­на­лық қызметкерлерге, зертхана ма­мандары мен еріктілерге зәру бо­лып отырмыз. Барша ақ халатты абзал жан­дарды пандемияны жеңіп шығуға ат­салысуға, індетке қарсы тұруға ша­қырамыз» деп жазды Камал­жан Надыров Facebook парақшасында. Бұдан бұрын ол қаладағы про­визорлық төсек-орындар 90%-ға, инфекциялық төсек-орындар 95%-ға толып кеткенін айтқан. Бұл мәселені шешу үшін қосымша 3 700 орын ашылмақ. Атап айтқанда, «Халық арена» базасында 800 орын, теміржол ауруханасы госпиталі базасында 150 орын әзірлеу жос­парланып жатыр. Науқас саны тым көп болса, 10 мың көрерменге арналған «Алматы аренаны» емдеу орнына айналдыруы мүмкін. Төсек-орын, емдейтін жер табылар. Дәрігер жетіспеушілігін қалай шешеміз? Жұрт қазір са­тып алған укол-системасын са­лып беретін маман таппай жүр. Ста­диондарды емдеу орталығына айналдырар болсақ, медицина қызметкерлері мәселесін бірінші кезекте шешуіміз қажет сыңайлы. Осындайда көбі медицина факульте­тінде оқитын 6-7-курс студенттерін жұмысқа шақыру жағын айтады. Коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлер мұндай ұсынысқа қалай қарар екен. «Медициналық университет студенттері жұмысқа шығуына болады. Оларға толық айлық тө­ленеді. Министрліктің өзі рұқ­сат беріп отыр. Бұрындары хи­рург болып жұмыс істеген бол­сын, мамандығына қарамай бәрін жұ­мысқа тарту көзделген. Бәріміз коро­навируспен күреске жұдырықтай болып жұмылуымыз қажет. Бірақ студенттердің жұмысқа келуі басталған жоқ. Көбі жазғы демалыста жүр. Мәселен, бір қыз бізге жұмысқа келмекші болды. Өкінішке қарай, өзі ауырып қалды», – дейді елордадағы теміржол аруханасының дәрігері Ғабит Нұрханұлы. Осы орайда, індетпен күрестің бел ортасында жүрген бірнеше сту­дентпен сұхбаттастық. Соның бірі – Шалқар Аятұлы. Ол – Қара­ғанды медицина университетінің 4-курс студенті. Облыстық балалар клиникалық ауруханасында санитар болған Шалқар Құрмет екі апта провизорда жұмыс істеген. Оның айтуынша, қазір пнев­мониямен ауырып жатқандар көп. Әрі негізгі проблема – дәріханада дәрі-дәрмектің жоғы. «Көбі өз үйінен емделіп жатыр. Осыдан бір-екі бұрын туысым пневмониямен ауырып, жедел жәрдеммен ау­руханаға бардық. КТ түсіру керек болды. Сол кездегі кезекті көрсеңіз. Түнгі 12-де барып, таңғы 7-ге дейін кезекте тұрдық. Ауырып жатқан адамдар, үлкен кісілер өте көп», – дейді ол. Шалқар Аятұлы шамасы келсе, тағы да жұмыс істеуге дайын. Мұны студентке берілген мүмкіндік деп отыр. Жұқтырып алу қаупі зор, мұны ешкім жоққа шығара алмайтынын айтады. Бірақ барлық шараны сақтай білсе, бұл студент үшін тәжірибе мен таным екенін атап өтті. Иә, қарап тұрсақ, студенттердің құлшынысы жаман емес. Келер қауіп пен қазіргі жағдайды түсініп отыр. Жоғарыда Камалжан Надыровтың волонтер мәселесін қозғағанын да білеміз. Ол негізінен, волонтерлерді Call-орталық жұ­мысына міндеттеу қажетін айтты. Президенттің іс басқармасы меди­циналық орталық клиникалық ауру­ханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Сайлауұлы да осыған қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, стадиондар провизорлық орталыққа айналса, волонтерлердің көмегі керек. «Волонтерлерді тартар бол­сақ, тамақ пен жатын орын жағ­дайын шешу керек. Медицина факуль­тетіндегі 6-7-курс студенттеріне ақша төлеп, көмекке шақыруға болады. Ең дұрыс шешім – жеке клиникаларға ақша төлеп, жұмысқа тарту», – дейді Мыңжылқы Сайлауұлы. Ал студенттердің арасында волонтер-медик болып, халыққа көмек көрсетіп жүргендер бар. Соның бірі – Жәнібек Солтанай. С.Асфендияров атындағы ҚазМУ-дың 6-курс студенті қатарлас­та­рының жұмыс істеуге құлшынысы барын жеткізді. «Медицина факультетінде оқи­тын 6-7-курс студенттері онсыз да жұмыс істейді. Сабақтан тыс уақытта жедел жәрдемде, лабора­торияда жүреді. Өзім карантиндік аймақта волонтер-медик болып қызмет істеймін. Өзім үшін жұмыс істеп жатырмын. 12 жылдан бері волонтермін. Өзімнің жүрек қалауыммен жүрмін. Оқшаулануға жатын орын сұраған жоқпын. От­басымда анам екеуміз ғана тұрамыз. Сондықтан үйде оқшауланамын. Жұмыс кезінде тамақпен, қорғаныс заттарымен қамтамасыз етеді», – дейді ол. Демек, медицина факультеті студенттері жағдайын жасар болса, көмек қолын созуға қарсы емес. Әрі бұл келешек ақ халатты маманға үлкен тәжірибе болмақ. Егер ста­дион­дарды емдеу орындарына ай­нал­дыру қажет болса, жас маман­мен қатар студенттің де үлесі қажет. Зейнеттегі, декреттік демалыстағы, шетелде жүрген дәрігерлер де жұмысқа тартылса құба-құп. Бастысы, дәріханада дәрі тапшы кезде халыққа жәрдем берер дәрігер таппай қалмайық. Өйткені дертіне шипа іздегендердің дәріхана кезегінде тұрып-ақ жүйкесі жұқарды.  

АйзатАЙЗАТ АЙДАРҚЫЗЫ