Ал «Nur Otan» – Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырушы партия екені мұқым елге белгілі. Жалпы, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы әрбір жетістігі, құнды шешімдер мен заңдардың қабылдануы «Nur Otan» партиясының қатысуымен өткенін қазақстандықтар жақсы біледі. Партия Төрағасының бастамасымен жетекші партия уақыт талабына сай жаңару жолына түсіп, жаңа белестерді бетке алып келеді. Нақтырақ айтқанда, бүгінге дейін «Nur Otan» партиясының бастамасымен көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да бұл шаралар жалғасын таба берері сөзсіз. Басқасын айтпағанда, өткен 2019 жылдың өзінде партияның екі съезі өтті. Сондай-ақ «Nur Otan»-ның 20 жылдығы тойланды. Ал маусым айында Президент сайлауында «Nur Otan» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп, Президент атанғаны көпшілікке белгілі. Мұның өзі партияның ел алдындағы беделін көрсетеді. Партияның Саяси кеңесінде сөйлеген сөзінде Елбасы партия жұмысын жаңғырту жөнінде айтып, «Nur Otan»-ның халықты алға жетелеуші ұйым екеніне ерекше тоқталған болатын.
– Партиямыздың дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын бәріміз түсініп отырмыз. «Nur Otan» еліміздің жетекші күші ретінде саяси басшылықты бекемдеп, стратегиялық бағыттан ауытқымауы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс. Бұл бос айтылған сөз емес. Біз – Қазақстанның, халықтың ортасындағы елді алға жетелейтін ұйымбыз. Егер ондай маңызды міндеттің үдесінен шыға алмасақ, орнымызды басқа партия басады. Сондықтан жауапкершілікті барынша сезінуіміз керек. 2050 жылға дейін қабылданған бағдарламада Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуын мақсат етіп қойдық. Барлық бағдарламалар осы меженің төңірегінде тоқайласады, – деді Елбасы.Партия Көшбасшысы сондай-ақ «Nur Otan» партиясының әркез проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керегін сөз етті. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев алдағы сайлаулардың алдында партияның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, оны «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» деп атады. Тұңғыш Президент бірінші кезекте партияның белсенді мүшелерін топтастыруға мән берді. Яғни, қоғамдық мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, оны шешудің жолдарын ұсына білетін, өз сөзін дәлелдей алатын азаматтарды партияға тартудың жайын қозғады. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде белсенділік танытпағандар партияның мүшелігіне лайық еместігі айтылды. Соның арқасында партия мүшелерінің қоғамда болып жатқан жағдайларға немқұрайды қарамай, дер кезінде үн қатуы, нақты шара қолдануы назарға алынды. Партия жұмысындағы ашықтықты қалаған, жетекші ұйымның әлеуетін барлық жерде арттыруды көздеген Елбасы Мәжілістегі фракцияның жұмысын күшейтуді қолға алды. Бұл – партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі екені анық. Ал фракция өз деңгейінде жұмыс істесе, оның беделі де жоғарылайтыны түсінікті. Партия Төрағасы сонымен қатар халықпен жұмыс істеудің нақты бағытталған ұстанымын енгізуге баса мән берді. Соның арқасында егде жастағы адамдарға арналған орталықтар құруға жол ашқан «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы, көпбалалы аналарға қолдау көрсеткен «Бақытты отбасы» орталықтары сияқты бастамалар көптеп іске асырылып жатыр. Одан бөлек Елбасы партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынған болатын. Ауыл жастарымен жұмыс істеуді де негізгі міндеттердің бірі санады. Бұл ретте «Ауыл – ел бесігі» жобасын әзірленді. Жалпы, бұл жобаның мақсаты – ауыл жастары үшін жұмыс орындарын ашу, оларды ауылда тұрақтандыру болды. Қазіргі кезде Үкімет осы мәселелермен айналысып, тиісті шаралар қолға алынуда. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде де Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Birgemiz қоры арқылы еліміздің шағын қалалары мен ауылдарындағы мұқтаж адамдарға қолдау көрсету туралы тапсырма берді. Бүгінгі таңда Елбасы тапсырмасына сәйкес аталған жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы мен праймеризге дайындық шаралары да жіті бақылауға алынып отыр. Мұның бәрі халықтың партияға деген сенімін нығайту үшін жасалып отырған ауқымды жұмыстарының қатарына кіреді. Қорыта айтқанда, Елбасы «Nur Otan» партиясының алдына кез келген уақыт сынағына сай жедел және сапалы жауап беру міндетін қойды. Сол арқылы партия әрқашан күрделі мәселелердің оңтайлы жолын тауып, тиімді шешімдер қабылдап келеді. Осы орайда, Елбасының «Біздің басты міндетіміз – тұрақтылық, Қазақстанның өсіп-өркендеуі және қарапайым азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Сондықтан уәделерімізді орындау үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет», – деген сөзі ойға оралады. Халқымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға, елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға, қоғамның тұрақтылығын сақтауға бағытталған партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдеміз.
Әбілмансұр ЖАСАН