«Бюджетке триллион теңге құятын саланы құтқармасақ, бәрі бекер» – Мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов
«Бюджетке триллион теңге құятын саланы құтқармасақ, бәрі бекер» – Мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов
– Рашид Хасенұлы, төтенше жағдай мен карантин кезінде мұ­най-сервис компанияларының тығырыққа тірелгенін айтып, жиі мәселе көтердіңіз. Бұл саланы сақтап қалудың жолын да ұсын­дыңыз. Үкімет ұсынысыңызды қабылдады ма? – Өкінішке қарай, қабылдаған жоқ. Егер мемлекеттік бюджет 12-13 трлн теңге десек, біздің са­ла соңғы екі жылда бюджетке 1 трлн теңге салық құяды. Біздің саланың бюджетке құятын салығы банк секторының салығымен салыстырғанда 2,6 есе көп! Бүгінгі таңда халықтың басым бөлігі банктен несие алып, күнін көріп отыр, халыққа алған несиенің үстемеақысына күн көріп отыр­ған банктерге жиі ақша беріп қолдамай, экономикаға қаржы құйып отырған мұнай-сервис саласын қолдап, сақтап қалу амалдарын қарастыру қажет. Егер мұнай-сервис компаниялары банкротқа ұшырап, жұмысшылар жұмыссыз қалса, онда банктен алынған несиелер де төленбей қалуы  мүмкін. Осылайша, біздің сала ғана емес, еліміздің банк секторы да проблемаға тап болады. Біз болуы мүмкін қатерді ескеріп, тараптарға тиімді ұсыныс жасадық, бірақ Үкімет әзірге ұсыныстарымыздың біріне де көңіл бөлген жоқ. – Нақты қандай ұсыныс жаса­дыңыздар? – Біз мемлекетке нақты үш ұсыныс бердік. Егер  ұсынысымызды орындаса, Үкі­мет көрсетіп отырған салық және басқа да жеңілдіктерден  бас тартуға  дайынбыз, тіпті несиені кейін шегеруге де өтініш бермес ек. Салығымызды көтерсе көнеміз дедік. Мұнай-сервис компаниялары ірі мұнай компанияларынан тапсырыс алып жұмыс істейді. Ол тапсырысты орындаған соң басқа жобалар, келісімшарттар іздейді, егер жаңа жоба, мұнай өндіруші алпауыттардан тапсырыс болмаса, компания банкротқа ұшырайды. Бұл – бизнес модель. Сондықтан біз тапсырысты орындап, тапсы­руға алты ай қалғанда жаңа жұ­мыс іздей бастаймыз. Әлгінде айтқанымдай, жұмысымыз ірі үш мұнай өндіруші компаниялардың тапсырысына тәуелді, олар – ТШО, НСОС, КПО. Сол  себепті жер қойнауын игеріп жатқан ірі инвесторлардың шарттарын қайта қарап, шетелдік компанияларға  әділетсіз берілген шарттарды қазақстандық компанияларға беруді ұсынамыз. Мұны келісім­шарттарды ұлттандыру деп те атауға болды, ал бұл өз кезегінде экономиканы ұлттандыруға жол ашады. Құрылыс жұмыстарындағы 100 млн долларға дейін келі­сімшарттарды Қазақстан ком­панияларына беру керек деп санаймын. Қазақстандық ком­паниялар өсіп жетілді. Ол міндеттемені сапалы, үнемді, уақытылы  орындай алатын деңгейде. Ал 100 млн доллардан жоғары келісімшарттарды біріккен кәсіпорындарға 50/50 пайыз бөлінісімен беру қажет. Бұл жерде 50% Қазақстан аза­матына тиесілі болуы керек. Сонда біздің жұмыс тоқтамайды, жұмыссыздық көбеймейді. Ең бастысы, табысымызды шетелге сыртқа шығарып алып кетпейміз, керісінше ол ақша Қазақстан экономикасын көтеруге ат­салысады. Екінші ұсынысымыз несиеге қатысты болды. Себебі біз жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай келеміз. Соның салдарынан инвесторлар да, алыпсатарлар да Қазақстанның мұнай-сервис компанияларының ұсынысы шет­елдік компаниялардан қымбат деген айып тағады. – Расында, неге қымбат? – Ол үшін осы қымбат­шылықтың қайдан туындап отырғанын айтайын.  Біріншіден, шетелдік инвесторлар Қазақстан нарығына кірген кезде өзінің әріптес компанияларына да жеңіл­дік алған. Олар мұнай-сервис саласына қатысты кез келген затты шетелден алып келсе, қо­сымша құн салығын төлемейді. Екіншіден, олар несиені өз еліндегі банктерден өте төмен пайызбен, тұрақты валюта – доллармен алады. Ал біз құрал-сайман сатып алу үшін банктен алатын несиенің пайыздық ставкасы 30 пайыздан кем емес. Оған теңгенің өте жиі инфляцияға ұшырайтынын қосыңыз. Баж салығы мен ҚҚС тағы бар. Бұдан кейін кімнің ұсынысы қымбат болады? Әрине, қазақстандық компанияның. Сондықтан біз жеңілдетілген несие беруді сұрап отырмыз. Мұнай өндіруші алпауыттармен жасалған келісімшартты кепілдікке алып, Ұлттық банк  5-6 пайызбен несие беру механизмін ойлап тапсын. Себебі мұнайдан түсетін ақша Ұлттық қорды ұлғайтуға және банктерді дамытуға жұмсалып отыр. – Бизнесті қаржыландыратын басқа да институттар бар ғой? –  Олардың беретін ақшасы біздің сұранысқа мүлдем сай келмейді. Олар көп дегенде 7 млн-10 млн теңге ұсынады, ал бізге 50 млн-100 млн доллар несие қажет. Сондықтан ол институттардың ойын тәртібі де, беретін қаржы мөлшері де бізге сай емес. Егер біз Ұлттық банкті бірінші қаржыландыру көзі ретінде қарасақ, екінші қаржыландыру көзі – Ұлттық қор. Ұлттық қордың ақшасын шетел банктеріне салып, депозитінен пайыз алып отыр. Ал Ұлттық қордағы ақшаны шетелге салу – елді шетелге тәуелді ету. Егер сол шетелдің айтқанына көнбесек, айдауына жүрмесек, біздің ақшаны бұғаттап тастайды.  Ендеше неге сол ақшаны эко­номикамызға қызмет етуге жұм­самасқа? Егер Ұлттық қордың  ақшасы экономикамызға нақты пайда әкелмесе, оның ұрпаққа мирас деген атын қайтеміз? Біз компанияларымызды мемлекетке тіркеуге дайынбыз. Егер Ұлттық қордағы ақшаны алып, кейін қайтара алмасақ, компаниямызды басы бүтін мемлекетке өткізіп береміз. Бізсіз де  экономиканың 70 пайызын квазимемлекеттік сектор ретінде ұстап отыр ғой.  

200 мың адам жұмыс істейтін біздің саланың квалификациясы жоқ

– Үкімет негізінен шағын және орта бизнеске көмектесіп жатыр. Ал мұнай-сервис компаниялары бизнестің қай түріне жатады?   – Осы жерде бір қызық айта­йын, бізді (мұнай-сервис саласын – ред.) экономиканың бірде-бір саласына жатқызбаған, себебі бізде квалификация жоқ. – Қалайша, мыңдаған адам еңбек ететін саланың квалификациясы жоқ деу – нонсенс емес пе? – Солай, экономикада кез келген саланың квалификациясы бар, мысалы жеңіл өнеркәсіп деген квалификация бар, Ұлттық экономика министрлігінен тізімін алуға болады. Бұл біздің заң шығарушы орган – Парламенттің мұнай-газ саласынан алыс жатқанын көрсетеді. Мысалы, Норвегияда мұнайға қызмет көрсету саласының  жоғары квалификациясы бар. Бүгінгі таңда сол елдің  Ұлттық қорына (Зейнетақы қоры – ред.) мұнай өндірушілерге қарағанда мұнайға қызмет көрсету саласы көбірек ақша құяды.  Олар бұл жетістікке қалай жетті? Норвегияда  өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мұнай табылады, 1970 жылы мұнай өндіруге келетін инвесторлардың жұмысын реттейтін заң қа­былданады. Міне, осы заңда Норвегия шетелдік инвесторларға бір-ақ талап қояды –  ішкі құжаттың барлығы норвег тілінде жүреді және қарым-қатынас тек норвег тілінде болады. Болды. Инвесторлар амалсыз норвегтерді жұмысқа алады. Норвегтер жұмыс істей жүріп, саланы меңгеріп, өздері мұнайға қызмет көрсететін компания құра бастайды. Ол компанияларға Норвегия Ұлттық қорынан 2-3 пайызбен  ірі көлемде несие береді. Нәтижесінде, мұнай өндірушілерге қарағанда мұнайға қызмет көрсету саласы Ұлттық қорға көбірек ақша түсіріп, Норвегия бүкіл дүниежүзін жаулап алады. Бізге де осы саланы дамыту үшін жаңалық ашпай, норвегтердің  жолымен неге жүрмеске?  Егер осы жолды таңдасақ, біздің елдегі мемлекеттік тіл мәселесі де шешімін табады. Қазақ тілін үйренуге ұмтылыс артады. Мұнай-сервис компаниясын құру үшін шет тілін білу шарт болып қалмас еді. Әр қазақ өзін өз елінде азат сезінер еді. mynai servis2 Біздің елде бас мердігердің бәрі шетелдік компаниялар. Ал біз неге бас мердігер бола алмай жатырмыз?  Ең бірінші себеп – әлгінде айтып өткен несие. Өйткені шетелдік компаниялар үлкен оператормен жасалған келісімшарт арқылы Еуропаның кез келген банкіне шартты кепілге қойып, несие алады. Ал бізде баяғыда бақилық болған жетінші атаңа дейін кепілге саласың. Теңіз жобасында Даму зауытын салып жатырмыз, жоба құны – 45 млрд доллар. Сол Теңіз кенішіндегі құрылыс жұмыстарының ең арзаны – 560 млн доллар. Сіз енді маған Қазақстанда 560 млн доллардың 30 пайызына кепілдік беретін компания тауып беріңізші. Жоқ қой? Сондықтан біз келісімшарт кепілдік бола алатын жағдай жасалса дейміз. – Мемлекет кепіл бола алмай ма? Мысалы, ірі компаниялар шет­елден қарыз алғанда мемлекет кепіл болады ғой. – Мемлекет экономиканың бір саласы ретінде тіркелмеген, квалификациясы жоқ саладағы компанияларға қалай кепіл болады? – Мұнай-сервис саласын экономиканың бір саласы етіп тіркеуге не кедергі? – Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз, ұсыныс та жасадық. Бірақ дау-дамайы көп, себебі мемлекеттік қызметте өндірісте бір күн жұмыс істеп көрмеген адамдар отыр. Олардың арасында күрек сұрасаң, балға әкеп беретіндер бар. Пандемия басталғанда Энергетика министрлігі шырылдап кө­мектескісі келді, нәтиже шық­пады. Бірінші вице-министр қоңырау шалып, сіздер үшін түк істей алмадық деп кешірім сұрады. Жиналыстарына қатыстым,  өз ұсынысымызды айтып жатсақ, Экономика министрлігінің өкілі олай болмайды, салық жинай алмай қаламыз дейді, Қаржы министрлігі теңге құлап кетеді дейді. Олардың әрқайсысы өзінің міндетін ғана орындайды, ал оларға капуста сатылмай  қалды ма, диқаншы шығынға батты ма, мұнай-сервис саласындағы он мыңдаған адам жұмыссыз қала ма, ертең олар шеруге шыға ма, бәрібір, басы ауырмайды. Ұлттық қорға сеніп алған. Ұлттық қордың түбі де көріне бастайды, сол кезде бюджетті толтыру керек болады. Ал бюджетке жылына 1 трлн кіріс кіргізетін саланың мәселесін шешуге кешенді түрде атсалысуға тырыспайды. Түрлі бағдарлама жасалды, ананың айлығын, мынаның стипендиясын көтереміз, пәленбай млн шаршы метр үй, пәленбай шақырым автожол саламыз деп жатыр, оның бәрі айтуға ғана оңай. Себебі ол жобаның бәріне қаржы керек.  

Экономиканы мұнай бағасы 50 доллардан асса ғана құтқара аламыз

– Үкіметке жасаған  үшінші ұсынысты ұмытып кетпедік пе? – Үшінші ұсынысқа кел­сек,  қазіргі таңда Қазақстан компанияларының шетелдік компаниялардан бәсекеде ұтылып отыруының  тағы бір себебі –негізгі шешім қабылдайтын ірі оператор компанияларда шетелдік азаматтар отыр. Міне, осы жерде мамандарды ұлттандыру мәселесі шығады. Бұл мәселені дәл қазір реттеп алмасақ, кейін кеш қаламыз. Себебі қазір  шетелдік азаматтар Қазақстанға кіре алмай отыр, шекара жабық. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Ал 30 жылдың ішінде осы жұмысты істеп, үйреніп қалған отандық маман көп. Сол мамандар шетелдік кадрлардың орнын алмастыра алады. Бір ғана мысал айтайын, 2017 жылы Англияға барғанымда Exxon Mobil, Chevron,  Texaco компанияларында Қазақстанның 2 600-ден астам   азаматы жұмыс істейтінін білдім. Олар елге оралуға дайын, біз неге шетелдік маманды жұмысқа алып, оған 20 мың доллар жалақы төлеп, пәтерін жалдап беріп, жол шығынын көтереміз?  Үкімет кадрларды ұлттандыру мәселесіне  атсалысуы керек. Менің көтеріп жүрген мәселемді АҚШ-тың ақпарат құралдары жазып жатыр. Еуропа БАҚ-тары бұрыннан жазады, арнайы келіп сұхбат та алады. Сонда да өзіміздің Үкіметке жетпей жатыр. Соның бір мысалын айтайын, әлгі өндірісте өмірі істеп көрмеген шенділер коронавируспен күрес аясында 55 жастан асқан Қазақстан азаматтарына кен қойнауына келуге тыйым салыпты. Дәл осы қауіпсіздік шарасы шетелдік жұмысшыларға 65 жастан жоғары адамдарға ғана қолданылады екен. Негізгі тәжірибелі мамандар 55 жастан жоғары азаматтардың қатарында. Мұны өндірісте жүргендер жақсы біледі. Әйтеуір, шулатып жүріп қазақстандық мамандарға қойылған шектеуді алғызып тастадым. Тоқаевтың Twitter парақшасына жазуға тура келді. Бастысы, бұл мәселе шешілді. –  Мұнай-сервис саласында 100 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген болжамыңызды оқыдым... – Бұл салада 2 мыңға жуық отандық компания бар, 200 мыңдай адам жұмыс істейді.  Қызмет көрсету саласы ауқымды. Бір мұнайшыға бес қызметшіден келеді. Бес қызметші болмаса,  мұнайшы мұнайын дұрыс өндіре алмайды. Бірақ сол қызметшілер жұмыссыз қалуы мүмкін екені рас. Мұнай бағасы құлаған соң  ОПЕК+ келісімі бойынша мұнай өндіру қысқартылып жатыр. Тәуелсіздік алған жылы 25 млн тонна мұнай өндірсек, қазіргі таңда 90 млн тоннаға жетті. Жыл басындағы меже –125 млн тонна, сонда 35 млн тоннаға өндірісті күшейту керек деп отыр едік. Пандемияға байланысты жоспар өзгерді. Оның үстіне, қазіргі уақытта мұнай бағасы да тиімді емес. neft1 Мұнай саласының дамуына инвестордың ақшасы ықпал етеді. Ал инвесторлар әліптің артын бағып, салаға қаржы құймай отыр. Себебі әлемдік нарықта  ұсыныс пен сұраныстың арасында баланс жоқ. Ертең жағдай ушықса тағы да ұшақ ұшпай қалса, шекара жабылса, тағы да жұмыс тоқтайды. Сарапшылар 2021 жылға дейін мұнай өндіру қолға алынбайды деп болжайды. Бұл бұрғылау жұмысы  басы бүтін тоқтайды,  бұрғылау компанияларының жұмысшылары жұмыссыз қалады дегенді білдіреді. Теңіз жер қойнауында жұмыс істеп жатқан 48 мың адамның 30 мыңын үйіне қайтардық. Вахта ауысарда 10-11 мың адамды ғана кіргіземіз. Маңызды жұмыстарды  ғана істейміз,  аса маңызды емес жұмыстарды жағдай түзелгенге дейін тоқтаттық. Сон­дықтан жұмысшыларды үйіне жібердік, аман-есен ауырмай жеткеніне қуандық. ТШО жолын  төледі, айлығын төледі. Егер олар жұмысқа қайтып келмесе, 30 мың адам жұмыссыз қалды деуге болады. Мұнай өндіру жақсы жүру үшін жылда күрделі жөндеу жүргізетінбіз, ондай жұмыстың бәрі 2021 жылдың үшінші тоқсанына, кейбірі 2022 жылға қалды. Оператор да, инвестор да үнемдеу режиміне кірді. Ал олар үнемдеуді мұнай өндіру саласынан емес, қызмет көрсету саласынан бастайды. Мысалы, осы уақытқа дейін 5 уақыт тамақ  берсе, енді 4 уақыт тамақ береді. Осы уақытқа дейін кеңсенің алдына гүл егетін болса, осы жолы қоя тұрайық дейді. Осындай шешімдерден кейін сервис саласындағы 200 мың адамның 80-90 мыңы жұмыссыз қалады. – Мұнай бағасына болжамыңыз қандай? Өткен айда баррелі 40 доллардың айналасында құбылды...  – Коронавирустың екінші толқыны экономикамызға қалай әсер етеді,  ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан мұнай бағасына қатысты да болжам жасау қиын. Сарапшылар 2022 жылы ғана жағдай реттеледі дейді, сонда ғана біздің салаға сұраныс пайда болады. 2020-2021 жылдары істелмеген жұмыстарды қолға аламыз. Экономикада «жіберіп алған пайда» деген ұғымы бар. Сол жіберіп алған пайданы  қуып жету процесі басталады. Ал оған дейін біздің кәсіпорындардың көбі банкрот болады, білікті кадрларды жоғалтады. Мұнай-сервис саласында күресе жү­ріп қол жеткізген 55 пайыз отандық үлесті төмендетіп ал­сақ, ол нарыққа  Ресей мен Қытай кәсіпорындары келеді де,  отандық кәсіпорындар тағы да сорлайды. Себебі аталған екі ел де мұнай-сервис компанияларына қолдау білдіріп отыр. АҚШ президенті Трамптың өзі «Ұлы мұнай өндіруші және мұнайға қызмет көрсетуші Америка ком­панияларына мынадай қиын жағдайда біз тек  тіреу боламыз», – деді. Біз, өкінішке қарай  осы екі саланы сақтап қалу туралы ұсынысымызды өткізе алмай жатырмыз. Бізді мұнай бағасының 50 доллардан асуы ғана құтқарып қалады. Сонда ғана  мұнай өндірушілерге де, қызмет көр­сетушілерге де, инвесторға да тиімді бола бастайды. Ал биыл мұнай бағасы 50 доллардан асады деп ойламаймын. –  Жуырда ОПЕК+ жиыны өтті. Сонда Қазақстан күнделікті мұнай өндіруді 23 пайызға қысқартамыз деген уәдесінің  70 пайызын орындамай отырғаны айтылды. Ал Энергетика министрлігі ОПЕК+ талабын орындаймыз деуден танбай келеді... – ОПЕК-пен кез келген шартқа қол қоя бересің, бірақ оны орындатудың механизмі жоқ. Ал біздің ел мұнай кен орындарының табиғи түрде жабылуын күтіп отыр.  Мысалы,  2014-2015 жылдары Қызылорда 9 млн тонна мұнай берсе, бүгіндері 4-5 млн тонна ғана өндіреді. Себебі табиғи жер қойнаулары тозды, ескірді. Ал тозған жерден мұнай өндіру үшін  түрлі технология пайдаланасың, химия қосасың, жөндейсің, қысқасы шығыны көп. Сондай табиғи жолмен жабылған мұнай орындарының есебінен мұнай өндіруді қысқарттық деп жаза салады. Осылайша, жыл аяғына дейін  міндетімізді жедел орындаған боламыз. Уәде етілгендей, 90 млн тонна мұнайдың орнына 84 млн тонна мұнай өндірдік деп есеп береміз. – Бірқатар экономистер Қазақ­стан мұнайсыз өмір сүруді үйренуі керек деп санайды. Олар мұнай бағасы тұрақтала бастаса, Үкімет жалқау боп кетеді деп алаңдайды. Бұл гипотезаға сіздің пікіріңізді білсек...  – Бұл нағыз сепаратистік көзқарас. Сол экономистер ақылды болса, дәл қазіргі кезде экономиканы көтерудің нақты бағдарламасын жасап берсінші, қолдау көрсетейік. Олар мықты болса ауыл диқаншысы әупірімдеп өндірген капустаны сатып бермеді ме? Олардың айтып отырғаны қораңда 5 сиыр тұр, екеуі сүт береді, үшеуі қысыр, яғни сүт бермейді, бірақ сүт беретін екі сиырды сойып жейік дегенге саяды.  Басқа саланы мұнайға тиіспей дамытуға не кедергі? Басқа саланы дамыту үшін міндетті түрде табыс әкеп тұрған мұнайдан бас тартуымыз керек пе? Ақпараттық технология мен ауыл шаруашылығы саласын дамыта берсін, ал әлеуметтік бағдарламаларға ақша салып отырған мұнай саласында несі бар? –    Сұхбатыңызға рақмет.    

 Әңгімелескен Халима БҰҚАРҚЫЗЫ