Электр қуаты неге қымбаттай береді?
Электр қуаты неге қымбаттай береді?
342
оқылды
Елдегі 44 энергия өндіруші ұйымының 34-інде тариф көтерілген. Шенеуніктерге сенсек, элек­тр қуатының құнын өсіру ша­мамен 27 мың жұмыс орнын сақтауға жағдай жасайды. Ал карантинде бар ақшасы тақыл-тұқыл таусылуға айналған тұрғындардың тұрмысымен кім санасады? Жыл сайын халықтың қалтасына қол сала бергеннен мәселе шешіле ме? «2020 жылы энергия өндіруші ұйымдардың шығыны (отын сатып алу, ЖЭК сатып алу көлемі, бюджетке төлемдер және жүйелік оператордың қызметтеріне бай­ла­нысты) ұлғайды. Сонымен қатар стансалар жылдан-жылға тозып жа­тыр. Қазіргі таңда шамамен 60 пайызы ескірген. Сондықтан элек­тр­мен жабдықтау сапасына қауіп төніп тұр» деп хабарлайды Энер­гетика министрлігінің өкіл­дері. Әрине, Үкімет мұндай қадам­­ға же­тіскеннен барып отырма­ғаны белгілі. Шынында да, қон­дыр­ғылардың тозығы жеткен. Тұ­тыну­шылардың жарық пен жы­луды үнемдеуге салғырт қарауы да кәсіп­орын­дарға орасан салмақ түсіреді. Елімізде электр қуатын пайдалану жылына 3-5 пайыз артып келеді. Ал сағат 18.00 мен 22.00 аралығында бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін бір-ақ шарықтайды екен. Оның орнын толтыру өндірушілерге оңай емес. Мойындау керек, Қазақстанда салыстырмалы түрде электр қуа­тының тарифі төмен. Арзан болған­дықтан, тұрғындар көп ретте энер­гияны үнемдеуге тырыспай, оңды-солды пайдаланады. Соның ке­сірінен соңғы жылдары қуат кө­зіне тап­шылық сезіле бастаған. «Жағдай өзгермесе, 90-жылдардың күйін кешуіміз әбден мүмкін. Ен­деше ықтимал қауіп-қатерді халықтың құлағына құю қажет», – дейді мамандар. Еліміздегі электр жүйесінің көбі солтүстікте орналасқан. Оңтүстікте «Мойнақ» су электр стансасы іске қосылған. «Балқаш» стансасы орталық өңірді қамтамасыз етсе, батыс аймақ, негізінен энергия көзін Ресейден алады. Шығыста электр энергиясы жеткілікті. Онда үш бірдей су электр стансасы бар. Қалай десек те, республика аумағы бойынша энергия қорын бөлуде біркелкілік жоқ. Электр қуаты бас­тапқы нүктеден тұтынушыға жету үшін жүздеген шақырымдық ұзын желілер арқылы өтеді. Жол-жөнекей қаншама энергия ысырап болады. Тіпті, технологияның ең озық түрін қолданса да, стансадан шыққан энергияның 10 пайызы далаға кетеді екен. Осындай проблеманың салда­рынан кәсіпорындар тариф баға­сын өсіруге мәжбүрміз деп ақ­талады. Бұл дұрыс па? Қарапайым тілмен түсіндірейік. Қазақстанда коммуналдық қызмет бағасы былай қалыптасады: монополист өз шығынын есептеп, белгілі бір соманы Ұлттық экономика министр­лігінің Табиғи монопо­лия­ларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігіне өтініш ретінде жібереді. Агенттік өтінішті қа­рап, шешім қабылдайды. Әл­бетте, көбінесе мақұлдайды. Сарапшы­лардың пайымынша, бұл процеске монополистер мен мемлекеттен бөлек үшінші тарап – тұтынушылар да араласуы керек. Заңнамаға сәйкес, тариф өзгертілмес бұрын қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. Бізде мұның бірі де жоқ. Жалпы, электр стансалары жылу электр стансасы (ЖЭС), су электр стансасы (СЭС), атом электр стансасы (АЭС) деп бөлінеді. Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 90 пайызы ЖЭС-терге тиесілі. Өйткені республика аумағында көмір, мұнай, газ тәрізді отын түрлері мол. 2024 және 2027 жылдары Екібастұзда тағы екі ГРЭС-ті іске қосу жоспарланған. Алайда дамыған әлем электр қуатын өндірудің дәстүрлі әдісінен баяғыда бас тартып, басқа тәсілдерге кө­шуде. Неге? Біріншіден, қазба бай­лық күндердің күнінде бітеді. Екін­шіден, ондай отынды пайдаланатын стансалардың тиімділігі төмен. Үшкіншіден, көмірсутегін пайда­ланатын стансалар құрылысының құны геотермал, күн, жел және су электр стансаларына қарағанда анағұрлым қымбат. Қайтпек керек? «Электр стан­салары орналасқан ірі қалалардан жүздеген шақырым шалғайда жат­қан шағын кенттер мен ауылдар үшін ең оңтайлысы – жасыл энер­гия», – дейді мамандар. Рас, елді мекендердің дәл жанындағы күн және жел электр стансалары тек жарықпен, жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, шағын фабрика, дүкен сияқты сауда-саттық, өнер­кәсіп орындарын ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік туғызар еді. Бұл қуат көздері әрі арзан, әрі таза. Қазақстанда «жасыл эконо­микаға» ауысу тұжырымдамасы сонау 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген. Тұжырымдама 2050 жылға дейінгі уақытты қамтитын үш кезеңнен тұрады. Оның ішінде «жасыл» инфрақұрылымды құ­ру, су ресурстарын орнықты пай­далану, өнімділігі жоғары ауыл ша­руашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын жетілдіру, қалдықтарды басқару жүйесін енгізу; ауаның ластануын азайту; экожүйені сақтап қалу секілді бірнеше бағыт бар. Міне, болашақтың экономикасы қайда бағдар ұстайтынын осыдан-ақ аңғарамыз. Елордада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месінің тақырыбы, онда қойылған отандық өнертабыстар – өз алдына бір төбе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жө­нін­дегі мемлекеттік комиссияның қоры­тынды жиынында еліміздегі энергетика секторы түбегейлі реформаға мұқтаж екенін ескертті. Үкімет 2030 жылға дейін «жасыл энергияның» үлесін 10 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бірақ мұнда да бір үлкен кіл­типан бар. Ол – қазба отын нарығы. Қазақстанда мұнай, газ, кө­мір өнеркәсібін басқаратын адам­дардың дені – Үкіметке жа­қын адамдар немесе сол Үкімет мүше­лерінің өздері деседі. Яғни, «жасыл экономикаға» қарай бет бұрсақ, ірі энергия компаниялары мүлде кірістен қағылады. Айтпақшы, біреулер тығырық­тан шығатын тура жол ретінде атом электр стансасын салуды ұсы­нады. Қазақ қоғамында қатты талқыланатын тақырыпқа біз тереңдемей-ақ қояйық. Ал жағдай осы қалпында қала берсе, жарық пен жылудың бағасы әлі де аспандай түсетіні анық.  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ