Жерлеу рәсімі тағы өзгерді
Жерлеу рәсімі тағы өзгерді
© коллаж: Қуаныш Аманғали
260
оқылды
Кейінгі мәліметтерге қарасақ, әлемде COVID-19 коронавирусы 10,6 миллион адамға жұққан. Қайтыс болғандар 500 мыңнан асты. Қазақстанда да осы вирустан көз жұмғандарды жерлеу үшін алғашында арнайы жерлер нақтыланды. Бірақ жақында рәсім өзгерді. Бұл қауіпті емес пе? Басқа елдерде қалай?   

Мұсылмандар үшін арнайы пәтуа бар

Айта кетейік, наурыз айының со­нына дейін Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымы COVID-19 ин­фек­циясын жұқтырып, қайтыс бол­ған­дарды жерлеудің нақты, әлем елдеріне ортақ ережесін ұсынбады. Сәйкесінше, түрлі мемлекет мар­құм­дарды жер қойнына тапсырудың өзін­дік ережесін бекітті. Ал Қазақстанда қауіпті жұқпалы індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пәтуа бекітті. Пәтуа бойынша тізімде COVID-19 инфекциясы да бар. Онда ай­тылғандай, өте қауіпті дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Жұқпалы дертке шалдығып, қайтыс болған кісіге кебіндеу ісі, санитарлық қағидаларды сақтайтын арнаулы қызметкердің тарапынан жасалады. Сондықтан мәйітханада кебінделген мәйіт шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу де шарт емес. Сонымен қатар жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту керек. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады. Марқұмды жерлеуге денсаулық сақтау мекемесінің мамандары арнайы көлікпен жеткізеді. Қабір эпидемиологиялық нормаға сай қазылуы тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қала, туған жеріне) апармау керек. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу. Егер санитариялық-эпидемиоло­гиялық мекеме тарапынан мәйітті ша­риғат жолымен жуындыруға, кебін­деуге рұқсат берілмесе, шари­ғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада оралған мата, арнайы қап немесе табыт ашылмастан жер­ленеді. Жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады.  

Арнайы полигон

Қазақстанның әр жерінде ін­дет­тен қайтқан марқұмдар бөлек жер­ленеді деп арнайы полигондар бой көтерді. Сол уақытта Алматының бас санитарлық дәрігері, «қайғылы жағдай бола қалса, жұқпалы дерт­­тен көз жұмғандар арнайы поли­гон­ға көміледі» деп мәлімдеді. «Коро­навирус инфекциясына қар­сы күрес жөніндегі аймақтық штаб бе­кіт­кен ереже бар. Соған сай мар­құм­дар қала сыртындағы арнайы по­ли­гонда жерленеді. Мәйітке па­тологоанатомиялық зерттеу жүр­гіз­бейміз, бірден дезин­фекцияланып жерленеді. Қабірге қорғаныш зат­тары себіледі. Жаназаға аз адам қатыс­тырылады», – деді ол. Алматылық бас санитардың ай­туынша, марқұмды ақтық сапарға ар­найы қорғау киімдерін киген адам­дар, жұқпалы аурудың алдын алу ере­желерін сақтай отырып аттандырады. Жерлеу рәсімін эпидемиолог дәрі­гер­лер басқарады. Ал жаназасы бейіт басында оқылады.  

Жаңа ереже

Қазақстанда коронавирус ин­фекциясынан қайтыс болған­дарды жерлеу ережесі өзгерді. Бұл туралы 30 маусымда Денсаулық сақтау ми­нистрі Алексей Цой: – Өлгендерді жерлеу тәр­тібі ма­ңыз­ды болып қала береді. Қол­да­ныстағы тәртіпке өзгерістер ен­гізілді. Санитарлық-эпидемиология­лық және гигиеналық нормаларды қатаң сақтай отырып, кез келген зираттарда көмуге рұқсат етіледі. 30 маусымдағы жағдай бойынша ауру жұқтырған 40 мыңға жуық адам тіркелген, қайтыс болғандары да бар. Медициналық мекемелердің барлығы күшейтілген жұмыс режиміне көшкен, – деді.  

Шетелде қалай жерленеді?

Италия. Коронавирустан қай­тыс болғандардың жақын­дарына мәйітті ақтық сапарға шығарып салуға тыйым салды. Жерлеуді ұйым­дастыратын компаниялар каран­тинге алынған отбасыларға діни қызметкердің марқұмға бата беріп жатқан сәтін бейнеқоңырау шалып көрсетеді. Израиль. Мәйіттерді екіқа­бат­ты герметикалық полиэтилен қап­тамаға орап көмеді. Онда марқұмның денесін жуу мен салттық рәсімдер то­лық қорғаныш киімін киген соң жүр­гізіледі. Содан кейін мәйітті қай­тадан полиэтилен пакетке орап, жер қойнына тапсыру қажет. Сондай-ақ қазаға келген адамдар арасында 2 метр қашықтық сақталады. Бұл мем­лекеттегі кейбір зираттарда коро­навирустан қайтыс болғандарды жер­леуге арнайы орындар қарас­тырылған. Иран. Иран коронавирустан адам шығыны көп мемлекеттер тізімінде. Вирус құрбандарының көптігі сонша, олардың денелері жүк көліктеріне тиеліп, күн-түн демей жерленіп жатыр. Алайда марқұмдарды ислам белгілеген салт-дәстүрлерді сақтамай жер қойнына тапсыруда. Ел билігі коронавирус құрбандарын көму үшін 90 метрлік тереңдікте қазылған қабірлер дайындаған. АҚШ. Америка Құрама Штат­тары да індеттің таралу қаупінен сескеніп, кеселдің кесірінен өмірден өткендерді жерлеу рәсімдерін өт­кізу­дің жаңа тәртібін енгізді. Ол жақ­та коронавирус пандемиясына байланысты марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бейнекамераға жазылады. Ал шараға қайтыс болған адамның тек ең жақын туыстары ғана қатыстырылады. Дәл осындай қашықтықтан жерлеу рәсімін жасау ережесін Ұлыбританияда да қолдана бастады. Оңтүстік Корея. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға арналған аза тұту дәстүрлі түрде 3 күндік дұ­ғадан тұрады. Бірақ карантин жағ­да­йында мұндай мүмкіндік жоқ. Үкімет құрбандардың отбасыларына алдымен кремация жасап, содан кейін жерлеуді өткізуге шақырды. Қазір онда жерлеу мәдениеті айтарлықтай өзгерген. Марқұмның отбасына ақшаны дәстүрлі таратудың орнына банк аударымы арқылы қайырымдылық жасалады. Ресей. Денсаулық сақтау минис­тр­­лігі коронавирус инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу туралы берген ұсынымдарында COVID-19 індетінен қаза тап­қан­дарды жабық табыттарда көму қажеті туралы қаулы енгізді. Осы рет­те құжатта қайтыс болғандар­дың мәйітіне міндетті түрде пато­ло­гоанатомиялық зерттеу жүргізілуі тиіс екені көрсетілген.   ТҮЙІН:

«Әр елдің салты басқа...» деге­ні­мізбен, бұл індет барлы­ғымызды бір шарт­ты орындауға шақырады. Ол – сақ­тық. Елімізде корона­ви­рустан қайтыс болған марқұмды са­нитарлық-эпидемиологиялық және гиг­иеналық нормаларды қа­таң сақтай отырып, кез келген зират­тарда көмуге рұқсат етті екен деп сақтықты ұмытып кетпейік.

 

АдебиетӘдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ