Елін сүйген, елі сүйген Елбасы
Елін сүйген, елі сүйген Елбасы
275
оқылды
Ел тарихын тұлғалар жасайды демекші, елдің абыройы мен беделі тұлғалар арқылы қалыптасады. Халық тағдырын өз тағдырынан биік қойып, аса жауапты тарихи шешімдерді қабылдап, мемлекеттің тұтастығы мен дамуы жолында еңбегі ерен азаматтар әрдайым халықтың кемеңгер тұлғасына айналады. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы сондай біртуар тұлғалардың бірі әрі бірегейі – егемен еліміздің негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз зор үлес қосқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, сан түрлі қиындықтарға қарамастан, елімізді қуатты мемлекетке айналдырып, тарих төрінен өзінің мәртебелі орнын ала білді. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан-ақ Елбасы мәдениет пен өнер саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. «Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты», – деп атап өткен Елбасы бұл сала бойынша көптеген ауқымды шараларды жүзеге асырды. Олардың қатарында Мәдениетті қолдау жылының жариялануы, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды ел тарихында айрықша орын алатын стратегиялық маңызы бар жобалар бар. Бұл тың бастамалар жаңа замандағы қазақ мәдениеті мен өнерін әлемдік биікке көтеріп, одан әрі дамуына себепші болды. Бірақ, бұл Елбасының өз халқы үшін жасаған толымды еңбегінің бір қыры ғана. Өнер мен мәдениет саласының дамуына тың серпін беріп, ұлт жадының жаңаша жаңғыруына зор үлес қосқан басты жетістіктердің бірі, әрине, бұл - астанамыздың Сарыарқа төріне көшірілуі. Бүгінде Нұр-Сұлтан шаһары әлемге танылған әсем қалалардың біріне айналып, қарыштап даму мен өркендеудің керемет үлгісі болып отыр. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды деп білемін. Қазір еліміздің бас қаласы Еуразия орталығындағы ірі саяси және экономикалық маңызы бар өңірге, сондай-ақ Ұлы дала елінің мәдени жетістіктерін әйгілі еткен, ұлттық рухымызды асқақтатар рухани орталыққа айналғанын көріп отырмыз. Мәдени қазынамыз мен құндылықтарымызды дәріптейтін, ұлықтайтын көптеген ірі халықаралық және республикалық деңгейдегі жобалар жүзеге асырылуда. Аз уақыттың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында Елбасының бастамасымен ірі мәдениет ошақтары мен өнер ордалары бой көтерді. Елордадағы сәулеті мен әсемдігі келіскен көптеген ғимараттардың ашылуына Елбасының өзі қатысқан. Солардың бірі – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы орналасқан «Қазақстан» орталық концерт залы. ТМД елдерінде теңдесі жоқ өнер ошағына айналған «Қазақстан» орталық концерт залы 2009 жылы Тәуелсіздік тойы қарсаңында Елбасының қатысуымен ашылған еді. Осы уақыт аралығында «Қазақстан» концерт залы көптеген мемлекеттік маңызы бар жиындар, сан түрлі жанрдағы концерттер өткізілетін құтты өнер ошағына айналды. 2016 жылы бұл ғимаратқа 60 жылдық тарихы бар «Қазақконцерт» мекемесі көшірілгеннен кейін, бұл мәдени кешен отандық музыкалық мәдениеттің көш басындағы ірі ұйымдардың біріне айналып үлгерді. Қазір бұл мәдениет ошағы артистер мен жас таланттар үшін таптырмас өнер мектебі болса, өнер сүйер қауым үшін рухани бай дүниелер ұсынылатын басты мәдениет орталығы болып табылады. Көркімен де, ерекше келбетімен де төрткүл дүниені тамсандырған елордамызда Елбасының бастамасы арқасында тұрғызылған өзге де көптеген мәдени нысандар бүгінде әрбір қазақстандықтың мақтанышына айналды. Егемендігіміздің алғашқы күрделі жылдарында ешбір кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, ел игілігі үшін астананы Алатау баурайынан Сарыарқа төріне ауыстыру көрегендік пен табандылықты қажет еткен батыл қадам екендігі уақыт өте келе айқын болды. Тұңғыш Президентіміз осындай тарихи шешімді қабылдап, жас елдің мүмкіндігі мен әлеуетін әлемге паш етті. Кезінде ел тәуелсіздігін аманат етіп, Елбасыға сенім артқан халқымыз үшін елорда жаңа бағытта жаңару мен өркендеудің болмысына айналды. Сондықтан халқымыз Елбасы және елорда ұғымдарын егіз санап, жыл сайын астана күні мерекесін Елбасының туған күнімен бірге атап өтеді. Тәуелсіздіктің тұғыры – елорда биыл өзінің 22 жылдығын атап өтсе, осы елорданың негізін қалап, оны  ұлттық идеяның ұйытқысына айналдырған кемеңгер тұлға – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сексен жастың белесін бағындырады. Саналы ғұмырын халқымызға арнаған Елбасының жасаған әр еңбегі – тұнған тарих, биік белес. Сол үшін Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымыз шексіз. Тағдыр жолы өнеге-тағылымға толы Тұңғыш Президенттің  есімі ел шежіресіне алтын әріппен жазылары анық. Елін сүйген, елі сүйген Елбасыға мерейлі мерекеде шын жүректен зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін. Халықтың алғысқа толы ыстық ықыласы, ақ тілектері мен жылы лебіздері толастамасын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, Елбасы жігерінің айқын жеңісі болған Елордамыз одан әрі көркейіп, Ұлы дала елінің абыройын асқақтата берсін!

Жеңіс Сейдуллаұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттiк ұйымының директоры