Jastar keryeni жолға шықты
Jastar keryeni жолға шықты
Кез келген елдің болашағы – білімді, талантты жастар.

Бойдағы бар жалыны мен жігерін ел игілігіне жұмсайтын саналы ұрпақтың жетілуіне күш салу мақсатында елімізде түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Жастар жылы аясында жаңадан тұсауы кесілген JASTAR KERYENI жобасы – соның айқын бір көрінісі.

Елімізде көрікті әрі тарихи мекендер көп. Алайда оны барлығымыз біле бермейміз. Ауқымды жобаның мақсаты ішкі туризмді дамытуға бағытталған.

JASTAR KERYENI республикалық жобасына еліміздің барлық аймағынан 16-29 жас аралығындағы белсенді, білімді және дарынды жастар қатыса алады. Қазақстанның рухани-мәдени мұрасымен танысу үшін керуен 7 бағыт бойынша жолға шықпақшы. Олар: Нұр-Сұлтан – Орал, Нұр-Сұлтан – Шымкент, Нұр-Сұлтан – Алматы, Нұр-Сұлтан – Өскемен, Нұр-Сұлтан – Ақмола облысы, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Нұр-Сұлтан – Қарағанды.

– Жастар жылы аясында Үкімет тарапынан жол картасы әзірленді. Оның ішінде ірі жобалар да бар. Соның бірі – JASTAR KERYENI жобасы. Жол картасы аясында 89 тармақтан тұратын тұрғын үй, жұмыспен қамту, азаматтық бастамаларды қолдау мәселелері іске асырылатын болады.

Түрлі материал, бейнероликтер түсіру арқылы жастар өзінің өмірі туралы қысқаша баяндап, көрсетеді. Әлеуметтік желі дамыған заманда бұл жобаның ерекшелігі бар. Нәтиже жақсы болса, келер жылы да жүзеге асыру туралы ұсыныс енгіземіз. Мақсат – ауқымды. Жастарды жинап алып, қалаларға апару ғана емес, Олардың Қазақстанның тарихын терең білуіне жол ашу. Өзіміздің көрікті, тарихи жерлеріміз көп. Соны насихаттауымыз керек. Инфрақұрылым мәселесіне де көңіл бөлінеді. Инфрақұрылым мәселесіне де көңіл бөлінеді. Адамды белгілі бір жерге келтіру үшін жағдай болу керек. Жол, су, жарық болу керек деген сияқты. Жоба аясында ұсыныстарды жинақтауды көздеп отырмыз, – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов.

Белсенді жастар 4 күн бойы жеті өңірдің киелі орындарын аралап, туристік нысандармен танысып, алған әсерлерін әлеуметтік желіге жариялайды.

– Әлеуметтік желіде белсенді жастар туризм саласында тренд қалыптастырып отыр. Сондықтан әр бағытқа жастармен бірге блогерлер барады. Жастар солар бөліскен ақпарат арқылы еліміздің туристік әлеуеті жоғары өңірлер туралы толыққанды ақпарат алатын болады», – дейді Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов.

JASTAR KERYENI жобасына қатысушылар республикалық конкурс арқылы іріктелетін болады. Конкурс нәтижесі 25 шілдеде жарияланбақ. Қатысушылар уақытын тиімді өткізуі үшін интеллектуалды ойындар, TEDx форматындағы диалог алаңы және спорттық, мәдени шаралар өткізу жоспарда бар.

Жобаға «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау білдіріп отыр.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ