Әлсізді қорғау міндет
Әлсізді қорғау міндет
165
оқылды
Шымкент қаласында тұрғын­дарға әлеуметтік көмек көрсету үшін биыл 16,1 млрд теңге бөлініпті. Оның 15 131,6 млн теңгесі республикалық бюджеттен болса, 955 млн теңгесі жергілікті қазынадан қаралған. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері атап өтті. Жыл басынан бері 19 519 отбасы, яғни 98 003 адам 4,5 млрд теңге көлемінде көмек алған. Оның 15 501-не қаржы шартты түрде берілсе, қалғанына шартсыз ақшалай көмек көрсетілген. АӘК-тің 2002 жылдан бері көмекке мұқтаж жандарға төленіп келе жатқаны белгілі. Ол соңғы өзгерістерге дейін әр тоқсан сайын тағайындалып, тиісті көлемде берілетін. Ағымдағы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек әр тоқсан сайын қайта тағайындалады. Сондай-ақ негізгі өзгерістің бірі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Бұл әлеуметтік топтама тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Демек, 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде табысы аз отбасылардың мек­теп жасына дейінгі (1-6 жас) балаларын әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету енгізілген. Осы орайда, Шымкент қаласы бойынша  республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге қаржы бөлініп,   бүгінгі таңға оның 552,4 млн теңгесі төленіп отыр. Халыққа әлеуметтік топтаманы беру «Магнум» сауда желісі арқылы қамтамасыз етіліп келеді. Ай сайын бір балаға 4 710 теңгенің азық-түлік жиынтығы мен тоқсан сайын бір балаға1 776 теңгенің тұрмыстық химия жиынтығы берілуде. Сонымен бірге басқарма мамандары елімізде енгізілген төтенше жағдай кезінде халықтың жекелеген санаттарына екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде қолдау көрсетілгенін атап өтті. Мәселен, 74 мың адамға 995,9 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілсе, азық-түлік тұр­мыстық жиынтығы үшін тағы да 5 556 тең­геден қаржылай жеке есепшоттарына ақша аударылған. Олардың қата­рында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балалары, 1, 2, 3-топтағы мүгедек жандар, мүгедек балалар, мүгедек бала күтімімен айналысып отырған ата-аналар және жұмыссыздар мен жұмыссыз мәртебесін жо­ғалтпаған жұмыспен қамту шара­ларына тартылған жандар бар. Статистикалық мәліметтерге сүйен­сек, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 432 933 адамды құ­райды. Бүгінде оның жұмыспен қамтылғаны  411 107 жан. Яғни,  жұмысқа жарамды жандардың 95 пайызы екі қолға бір күрек алып, нәпақасын тауып жүр. Ал 5 пайызды құрайтын жұмыссыздар саны 21 826 адам деп белгіленген. Жұмыспен қамтылған 411 107 адамның 284 581 – жалдамалы қызметкер, 126 526 адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандары үшінші мегаполисте төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтар ретінде 535 633 адамның арнайы портал, сайттарға 42 500 теңге, яғни  әлеуметтік төлем алуға өтініш бергенін айтады. Өтінім тастаушылардың 285 676-на әлеуметтік төлем тағайындалып, қалғанының өтініштері қабылданбапты. Себебі азаматтар өтінішті бірнеше рет қайталап сайттарға салған, сондай-ақ жұмыс жасайтын азаматтар, зейнеткерлер, ішкі бөлімде оқитын студенттер де өтініш берген. Тіпті, қайтыс болған азаматтар мен  басқа да себептермен әлеуметтік төлем тағайындауға жатпайтын азаматтар атынан өтініштер берілген. Мәселен, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына eGov порталы арқылы 9 145 өтініш берілсе, сол азаматтар enbek 42500 gov.kz, телеграмм-бот сайттарына қайта өтінім беріп отырған. Төтенше жағдайдың енгізілуімен байланысты табысынан айырылған азаматтарға 42 500 тең­геден екі айға төлену белгіленген. Шымкентте әлеуметтік төлем төленген  285 551 адамның ішінде екінші айында бұл қаржыға  183 010 адам қол жеткізіпті. Төтенше жағдай кезінде шымкенттік аз қамтылған отба­сыларға елімізде құрылған  Birgemiz қоғамдық қоры арқылы да бірқатар көмектің көрсетілгенін атап өту керек. Мүгедектер, көпбалалы аналар, АӘК алушылар, ең аз мөлшерінде зейнетақы алатын зейнеткерлер жалпы 41 630 мұқтаж азаматқа 50 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 20 мың отбасыға 50 данадан өңірдегі «Nur Otan» партиясының еріктілерімен және «Jаs Оtаn» Жастар қанатының ерікті топ мүшелерінің қолдауымен 1 млн бетперде жеткізілген. Одан бөлек, төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтердің шығындарын өтеу қағидасына сәйкес, ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік көмек алатын 7 санатқа жататын азаматтар өтінімдерін тапсыруда. Бүгінге дейін 33 104 азаматтан өтінім қабылданып, олардың 21 121-іне жеке шот­тарының  сәйкестігі деректер арқылы тексеріліп, оң шешімін тапқан. Басқарма өкілдері коммуналды қызметтерді жеткізуші мекемелерге мамыр айына 8 333 тұтынушының  жеке шоттарына 250 млн теңге, ал маусым айына 9 233 азаматтың есепшоттары бойынша 277 млн теңге аударылғанын айтады.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы