Жастар жылындағы жеңіс легі
Жастар жылындағы жеңіс легі
223
оқылды

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Славян базары – 2019» байқауының Гран-при иегері Әділхан Макинмен кездесіп, жеңісімен құттықтады.

Сондай-ақ кездесуге халықаралық «Молодая Галичина» ән байқауының жеңімпаздары да қатысты.

Министр әлемдік сахнада топ жарып, құлақ құрышын қандыратын ерекше дауысымен дүйім жұртты тәнті еткен Әділхан Макинді жеңісімен құттықтап, шығармашылық өрлеу тіледі.

«Бұл жеңіс – үлкен жетістік. Қазақ елінің болашағы жастардың қолында. Осы ретте сіздер үмітті ақтап, күллі әлемге қазақ өнерін паш етіп жүрсіндер. Қазақ елін жеңіспен құттықтаймын. 2015 жылы «Славян базары» байқауына Димаш Құдайберген қатысып, топ жарып шықты. Ал қазір оның есімі күллі әлемге танымал. Әділхан, саған да өнерде Әміре Қашаубаевтың, Димаш Құдайбергеннің жолын берсін», – деді министр.

Естеріңізге сала кетсек, Әділхан Макин Витебск қаласында өткен халықаралық «Славян базары» ән фестивалінің бірінші күнінде ресей композиторы Игорь Николаевтың «Озеро надежды» әнін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әділхан бұл әнді орындау барысында қазақы иірімдерді қосып, өзінің дауыс ырғағына сай келетіндей түрлі ерекшелік қосқан екен. Оның орындаушылық қабілетін қазылар алқасының төраймы Тамара Гвердцители ерекше атап өтті. – Әділхан Макин ұпай бойынша да, қабылдау бойынша да айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қазақстанда жас таланттарды қолдай біледі. Менің ойымша, Әділханның болашағы жарқын. Бастысы, артист тыңдарманға ұнады, – деді ол.

Айта кетерлігі, Әділханның диапазоны 3 октаваны құрайды. Ол – әмбебап әнші. Себебі, жас әнші түрлі жанрда ән айтып, оларды тоғыстырып, өз стиліне сай орындайды. Оның бұл қыры байқау барысында да байқалған. Әділхан бұл байқауға тыңғылықты дайындалып, өзіңе артылған жүкті сезген. Бұл жөнінде оның ұстазы Янис Кайсиди атап өтті.

«Қолдау білдірген барша қазақстандыққа алғыс айтамын. Біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұрды. Витебскіге ұшпас бұрын Әділханға жеңіспен оралуымыз керек дедім. Әділхан да, оны түсінді. Байқауға тыңғылықты дайындалдық. Ол дайындықтан шаршамайды. Керісінше мен болды десем, маған бой бермей «Янис, әлі де дайындық керек» деп айтатын. Репертуарды да жіті таңдадық. Негізі, екеуміз ақылдаса отырып, екі композицияны таңдап алдық. Оның диапазоны шамамен 3 октава. Ән айту мәнері ерекше», – деді ол.

Ал Әділхан Макиннің айтуынша, Димаш Құдайбергеннің ізін жалғап, аталған байқаудан жүлдегер атану ол үшін үлкен мәрте. Ол сондай-ақ Димашпен дос екенін әрі оның өнерін құрметтейтінін атап өтті.

«Димаш – бізге үлгі. Ол барлық талантты жасты жігерлендірді. Мені қазір көбі Димашпен салыстырып жатыр. Мен оған қуанамын. Өйткені ол – әлемдік жұлдыз. Онымен салыстырып жатса, мен үшін бұл – үлкен мәртебе. » деп қуанышын жеткізді Әділхан.

Шараға қатысқан халықаралық «Молодая Галичина» ән байқауының жеңімпаздары да байқаудан алған әсерлерімен бөлісті. Олардың қатарында І орын иегері – Мереке Кенжеғұл, Гран-при иегері – Қуаныш Ерзатұлы және «Қазақ қыздары» тобы бар.