Halyk Arena госпитальге айналады
Halyk Arena госпитальге айналады
161
оқылды
Әйтсе де, «Ұрыста тұрыс жоқ» демекші, түрлі ұйымдарда, кәсіпорындарда, кәсіпкерлік нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық талап­тардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар өмір сүру мен денсаулықты сақтаудың орта жедел кезеңіне арналған қалалық жоспар әзірленбек. Алматыда бүгінде КВИ-ден емдеу үшін 19 медициналық ұйым жұмыс істеуде. Оның ішінде төсектік қуаттылығы 2 125 орындық 12 стационар, 985 орынды үш провизорлық орталық және 1 299 орынды төрт қарантин ұйымдары бар. Инфекциялық стационарлардың жүктемесі шамамен 80 пайызды кұрайды. Инфекциялық, провизорлық, қарантин ұйымдарында орындардың жалпы санын алты мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Бұған дейін қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров Алматыда коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал күрт нашарласа, Halyk Arena және Аlmaty Arena спорт кешен­дері базасында инфекциялық стационар ашылатынын хабарлаған болатын. Қазір Halyk Arena спорт сарайында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Halyk Arena базасында инфекциялық стационар орындарын ашу мәжбүрліктен туған шешім. Ауруханаларда орын жетпегендіктен, осындай қадамға барып отырмыз. Осындай қиын уақытта қала қызметтеріне көмек көрсетуіміз керек. Бұл шара көптеген аза­маттардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп сенеміз», – дейді спорт сарайының M-Line Property Management басқарушы компаниясының өкілі. Спорт сарайында жұмыс істеп тұрған спорт секциялары, Halyk Arena кешенін жалға алушылар уақытша Аlmaty Arena кешеніне көшеді. Қазіргі таңда компания өкілдері спорт кешенін өзгертуге мұқият кірісіп кеткен. Өйткені спорт кешенін госпитальге айналдыру тек орын босату емес, сондай-ақ қажетті микроклимат жасау, санитарлық аймақтар түзу, бөлмелердің желдетілуін, тазалығын қамтамасыз ету. Спорт кешенін шұғыл госпитальге айнал­дыруға дайындалудың өзі Алматының бүгінгі ахуалынан анық хабар беріп тұрғандай. Өйткені індетке шалдыққандар қатары азаймай тұр. COVID-19 Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннен де анықталды. Бұл туралы қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау де­партаменті хабарлады. Коронавирусқа тест оң нәтиже көрсеткен соң Жандарбек Мұхтарұлы үй ка­рантиніне оқшауланды. «Мен ауырып қалдым. Бірақ денсаулығым қалыпты, ауру белгілері байқалмайды. Бұл COVID-19, бірақ оның симптомсыз өтетін формасы. Ауырып жатуға уақыт жоқ, мен қашықтан жұмысымды жалғастырудамын», – деді ол. Өкінішке қарай, ауру белгілері дәрігерлер арасында да көптеп анықталуда. Бұл өз кезегінде медицина мекемелерінде қызмет көрсететін дәрігерлер тапшылығын тудыруда. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров та өз Facebook парақшасында ашық жазды. «Өкінішке қарай, пандемия өршіп барады. 4 ай қатарынан қалалық барша медициналық қызметкерлер індетті жоюды көздеп, пан­демиямен күресіп келеді. Қолданылған барлық тиісті шараларға қарамастан, қосымша күштердің бірігуін, стационар жағдайын қосымша ұйымдастыруын, АМСК қызметінің күшеюін бүгінгі жағдай қажетті деңгейде талап етіп отыр. Бүгінде медициналық қызметкерлердің санын арттыру, кадрлық құрамды көбейту сұрақтары бірінші орында. Қазіргі уақытта дәрігерлерге, провизорлық және жұқпалы аурулар ауруханасында қызмет жасайтын орта және кіші медициналық қызметкерлерге, зертхана мамандары мен еріктілерге зәру болып отырмыз. Барша ақ халатты абзал жандарды пандемияны жеңіп шығуға атсалысуға, індетке қарсы тұруға шақырамыз», – деді ол. Бұл жазбадан қазіргі таңда медициналық білімі бар кез келген маман тапшы болып тұрғаны анық аңғарылады. Кейінгі күндері Алматы дәріханаларында бірқатар дәрілердің тапшылығы сезіліп, елді біраз әбігерге түсіргені рас. Коронавирус инфекциясы мен жедел респираторлық аурулардың таралуын ескерту, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин кезінде фармацевтикалық қызметті жүзеге асыру аясында қаланың дәріхана ұйымдарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мониторингтік топ құрылды. Аталған топтарды Алматы қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаменті мен Алматы қаласының және облысының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасымен, соны­мен бірге Фармацевтика қызметін қолдау және дамыту қауымдастығымен бірлесіп құрмақ. Мониторингтік топтар қаладағы дәріханаларды күн сайын аралайтын болады. Тексеру барысында саудадағы дәрілік құралдардың 41 атауына ерекше көңіл бө­лінбек. Сонымен бірге бірқатар дәріхана ұйымдары күн сайын белгіленген тізімге сәйкес, дәрілік құралдардың бар-жоғы жайлы ақпарат беріп отырады. Осылайша, аталған шаралар халықты медикаменттермен үздіксіз қамтуға және үйде емделетін науқастарға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Дәрілік препараттардың бағасын қада­ғалау мақсатында дәріхана ұйымдарының басшыларына Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің өткен жылдың 15 шілдедегі «Дәрілік құралдың бөлшек және көтерме саудада сатылатын атауының шекті бағаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрлігінің №104 бұй­рығына сәйкес бөлшек саудада шекті бағаны сақтау қажеттігі қатаң ескертіледі. Қалалық дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қадағалайтын арнайы бақылау тобы дәрілердің уақытылы жет­кізілуі мен халыққа қолжетімді бағада са­тылуын қадағалау жұмыстарын бастап кет­кен. Мониторингтік топ мүшелері шаһар дәріханаларына қызу түсіретін 200 мыңға жуық парацетамол мен вирусқа қарсы дәрілер толығымен жеткізілетінін айтты. Демек, алып шаһарда дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін шешуде бірқатар шаралар қолға алынды. Бұл таяу күндері қалыптасқан ахуалды реттейді деп сенейік.  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ