Қыстың қамын қашан ойлаймыз?
Қыстың қамын қашан ойлаймыз?
190
оқылды
Алда күзгі қарбалас күтіп тұр. «Пандемия деп  қарекетсіз отырсақ, қыста қысылып қалмаймыз ба?» деген сауал бәрімізді мазалайды. Осыған байланысты Алматы облысы экономикасының көшбасшы саласы – ауыл шаруашылығының  жағдайына үңіліп көрген едік. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы жауапты тұл­ғалардың айтуынша, қазіргі күрделі кезеңге қарамастан  Жетісу өңірінде агроөнеркәсіп кешенінің  жағдайы тұрақты. Көктемгі мал төлдету, егіс жұ­мыстары ойдағыдай жүзеге асырылыпты. Қазіргі кезде жыл сайынғы агротехникалық және тағы  басқа шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп жатқан көрінеді. Үкімет тарапынан көрсетіліп жақтан қолдаудың көмегі көп. Төрт  түлік  өз төлі есебінен көбейген. Ірі қара мал тұқымын асылдандыру да жалғасын тапқан.  Елді етпен, сүтпен қамтамасыз етуде іркіліс жоқ.  Малдың қысқы қамы да ойластырылуда. Биыл көктем мен жаздың алғашқы айында ауа райының құбылуына байланысты кейбір аудандарда су тапшылығы  туын­дағанын  жасырып қалуға  бол­майды. Былтырғыға қарағанда, биыл су мөлшері айтарлықтай төмендеген. Бұл проблеманың түйіні де біртіндеп тарқатылуда. Шаруалар бар суды үнемдеп, егістіктеріне жеткізуге тырысып, алқаптардағы жұмыс ретімен жалғасуда. Қызылша, жүгері, көкөніс және мал азығына ар­налған алқаптардың көлемі бір­шама артқан. Зиянкестермен күрес шаралары да талапқа сай жүріп жатыр. Балқаш ауданында суды егіс алқаптарына кедергісіз жет­кізетін арналар тазалануда. Бірлік, Береке, Бақбақты, Ақдала ауылдық округтері аумағында 7 481 гектар алқаптың арналары  ретке  келтіріледі. Жоба бойынша осы аумақта 135 шақырым арна, 139 шақырым коллектор және 6 720 дана гидротораптар жөн­деледі. Жұмысқа 12 экскаватор, 3 бульдозер, 7 басқадай техника мен жиырмадан астам адам жұмылдырылған. bidai Жыл өткен сайын қант қызылшасын өсіруге қызы­ғушылығы артқан Алакөл ау­данындағы тындырымды тірлікке диқандарға берілер субсидия оң ықпалын тигізіп отыр. Аудан бойынша  1 063 гектарға тәтті түбір себілді. Жыл басынан бері 18 шаруа қожалығы қант қызылшасын егу үшін 15 миллион теңгенің демеу қаржысына өтінім беріпті. – Қызылшашыларға жан-жақты көмек көрсетілуде, бұдан әрі де сол қолдау жалғастырылады. Заманауи техникалар, қосалқы бөлшектер, жоғары өнімді гибридті тұқым сатып алынды, субсидия, гербицидтер, жанармай бөліп отырмыз. Алдағы күз сол атқарылған игі істердің нәтижесін көрсетеді деп сенеміз. Мемлекет пен шаруалардың бірлесе атқарған жұмысының арқасында біз қант қызылшасын өңірдегі ең маңызды дақылдың біріне айналдырамыз. Қызылша жинау науқанында белгіленген межеден көрінеміз деген ойдамыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құмар Жұбаев. Ал Райымбек ауданының Қақпақ ауылдық округіндегі «Үш Қақпақ» өндірістік кооперативі биыл 60 гектардан аса жерге картоп, 400 гектарға арпа, 100  гектардан астам жерге көпжылдық  шөп егіп, қазіргі кезде күні-түні осы дақылдарды күтіп-баптауда. Негізі картоп өсіру бағытында құрылған кооператив болғандықтан, алдағы уақытта картоп алқабының көлемін арттырмақ. Аталған өндірістік кооперативтің құрамындағы шаруа қожалықтары «Жетісу» ӘКК АҚ арқылы «МТЗ-82,1» маркалы 12 тракторға, ауыл шаруашылығына аса қажет 32 агрегатқа қол жеткізіпті.  Жалпы құны 167 миллион теңге тұратын техникалар 1,5 пайызбен 10 жылға несиеге алынған. Осылайша, ең шалғай де­ген ауданның өзінде ел-жұрт ертеңгі күннің қамын ойлап нақты қадам жасауда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары  Каюмжан  Омаров:  «Биылды да жақсы нәтижемен қорытындылайтындығымызға сенімдімін. Шаруаларға қажетті қолдау  көрсетілуде. Туындай қалған мәселелер де кешіктірілмей шешілуде. Жаз артынан күздің, одан кейін қаһарлы қыстың келетінін ұмытқанымыз жоқ», – дейді.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы