«Ордабасы» екінші жеңісін олжалап, келесі кезеңге шықты (видео)
«Ордабасы» екінші жеңісін олжалап, келесі кезеңге шықты (видео)
149
оқылды

Еуропа лигасының тағы бір өкілі қостанайлық «Тобыл» келесі кезеңге шыға алған жоқ

Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында грузиялық «Торпедомен» кездескен шымкенттік «Ордабасы» 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Тбилисидегі Михаил Месхи атындағы стадионда өткен кездесуде қонақтардың десі басым болды.

82 минутта допты «Торпедо» қақпашысының басынан асыра тастай салған Мирзад Механович есеп ашса, Зиги Бадибанга қорытынды нүктені қойды. Бұл ретте гол соққан екі футболшының да алаңға қосалқы құрамнан алмасып шыққанын атап өту қажет.

Шымкентте өткен алғашқы кездесуде 1:0 есебімен алаң иелері жеңіске жеткен болатын. Ол кезде қорғаушы Темірлан Ерланов мергендігімен танылған.

Еуропа лигасының тағы бір өкілі қостанайлық «Тобыл» келесі кезеңге шыға алған жоқ. Газзаев командасы алғашқы ойында 0:0 есебімен тең ойнаса, өз алаңындағы жауапты кездесуді 1:1 есебімен аяқтады. Осылайша, сырт алаңда соғылған гол есебімен люксембургтік «Женнес» екінші раундқа аттанды.

Ал алматылық «Қайрат» босниялық «Широки Бриегті» жеңіп (2:1, 2:1) Еуропа лигасындағы жорығын әрі қарай жалғастырады.

Сонымен қатар Чемпиондар лигасында румыниялық ЧФР клубынан әрі аса алмаған елордалық «Астана» ендігі жорығын Еуропа лигасында жалғайды.

Енді «Ордабасы» екінші раундтағы кездесуін чехияның «Млада-Болеслав» командасымен өткізеді.

https://youtu.be/SFNNTlg7Yks