«Nur Otan» партиясының көшбасшысы қол қойған алғысхаттар 13 еріктіге тапсырылды. Олардың арасында бизнес, қоғамдық бірлестік өкілдері, журналистер, спортшылар, мәдениет қайраткерлері бар. Барлығы облыс бойынша 87 адам марапатқа ие болды. – Вирус жұқтыру қаупіне, ауа райы жағдайына және басқа да қиындықтарға қарамастан, еріктілер мұқтаж азаматтардың үйлерін аралап, оларды азық-түлікпен, антисептикалық құралдармен қамтамасыз етті. Оларға құрмет көрсету керек. Өйткені еріктілер үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істеді, күн сайын 6-7 мекенжайды аралап шықты, өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін, мұқтаж адамдарға көмек көрсету ниетін білдірді. Біздің волонтерлеріміз 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп олардың құрметіне бекер жарияламағанын іспен дәлелдеді. Риясыз және адал еңбектеріңіз үшін біз сіздерге алғыс білдіреміз, – деді партияның аймақтық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов. Елбасы атынан алғыс алғандардың арасында «Моржи Petropavlovsk 15» бірлестігінің жетекшісі Ерік Мағамбетов те бар. Ол карантин кезінде аталған бірлестік мүшелерімен бірлесіп Петропавлда тұратын 70 отбасыға көмек көрсетті. – Елбасының алғысхатымен марапатталғаныма қуаныштымын. Бізге көмектесіп, азық-түлік жинауды жүзеге асырған адамдарға рақмет айтқым келеді. Біз Instagram әлеуметтік желісінде үндеуін жарияладық, көптеген адам біздің үндеуімізге үн қосты, бізге көп қаражатты сеніп тапсырды. Барлық ақша мұқтаж жандарға жеткізілді. Нұротандықтарға қайырымдылық жұмыстарын ұйымдастыра білгені үшін алғыс білдіремін. Қиын кезеңде де біз бірге екенімізді дәлелдедік, – деп атап өтті Ерік Мағамбетов. Естеріңізге сала кетейік, BizBirgemiz акциясы Солтүстік Қазақстан облысында 18 наурызда басталған болатын. Ол мұқтаж азаматтарға азық-түлік, бірінші қажеттілік тауарлары, антисептикалық және қорғаныс құралдары түрінде көмек көрсетуге бағытталған. Өңірдің 2,5 мыңнан астам тұрғынына көмек көрсетілді. Сонымен қатар Birgemiz қоғамдық қорынан өңірдің мұқтаж тұрғындарына 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Төртінші кезең барысында да Петропавл және облыс аудандарының 18 800-ден астам тұрғыны 944 млн теңге сомасында қолдау алды.
Әбілмансұр ЖАСАН