Интенсивті дегенді «қарқынды» деп түсіндіріп жүрміз. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінгі заман талабына сай, тың технологиялық тәсілдермен өсірілетін бақтар. Ойға алған жоспарлар орындалса, алдағы бірер жылда мұндай бақтар көлемін 2 600 гектарға жеткізу көзделген. Сонымен бірге бағбандардың биыл күзге артып отырған үміттері де үлкен. Қарқынды алма бақтарынан өзінен ғана 18,9 мың тонна өнім жинаймыз деп алақандарын ысқылап отыр. Ал 2022 жылы осыдай заманауи тәсілмен өсірілетін бақтардан 31,5 мың тонна алма жинау жоспарланған. Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бақ отырғызу жұмыстары алға жылжыған жылдармен бірге жалғасып келеді. 2012-2018 жылдар аралығында 728,8 гектар жерге апорт сортын отырғызған 214 шаруашылық субъектісіне көпжылдық көшеттерді отырғызу және өсіру шығындарының құнын ішінара субсидиялау мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 670,4 млн теңге демеу қаржы беріліпті. Қолдау шаралардың арқасында «Апорт» алмасы бағының көлемі 2 000 гектарға жетті. Жалпы, алма өнімділігін арттыру үшін қарапайым ескі бақтардың орнына заманауи жаңа технология бойынша қарқынды бақтар отырғызылуда. Интенсивті бақтың басты ерекшелігі – аласа бойлы алма ағаштары екінші жылдың өзінде-ақ 30%, ал үшінші жылы 80-85% өнім береді. Сонымен бірге мұндай жеміс ағаштарынан өнім жинау жеңіл, қол күшін көп қажет етпейді. Қарқынды алма бақтарында «Фуджи», «Голден Делишес», «Гала», «Гренни Смит», «Старкримсон», «Айдаред», «Золотой превосходный» және тағы да басқа алма түрлері өсіріледі. Италия, Германия, Сербия, Польша, Голландия, Түркия мемлекеттерімен алма өсіру технологияларын қолдану, отырғызу материалдары бойынша орнатылған тәжірибе алмасу да өңірде алма өндірісін өркендетуге оң ықпал етіп отыр. Былтыр өңірде жеміс-жидек, жүзім және жаңғақ ағаштары егілетін жер көлемі 23,7 мың гектарға, оның ішінде жеміс беретіндері 18,7 мың гектарға жеткізіліп, одан алынған жалпы өнім көлемі 129,6 мың тонна болса, оның ішінде 86,8 мың тонна алма жиналды. Ал биыл алма бақтарынан 91,8 мың тонна жеміс жиналады деп болжам жасалған. Бұл Алматы облысының алма мен одан жасалатын өнімдерге деген сұранысын 100%, Алматы қаласының қажеттілігін 72,4%, ал еліміздің қажеттілігін 19,6% қамтамасыз етеді. Жиналған өнім Алматы облысы және Алматы қаласының сауда орындарына өткізіледі, ал 7 мыңға жуық тоннасы алма шырынын жасауға жөнелтіледі. 2022 жылға дейін алманың өнімділігін 170 мың тоннаға дейін немесе 1,4 есеге арттыру жоспарланған. Осы орайда Іле Алатауы ұлттық саябағы орналасқан Аюсай тау шатқалында жер бетіндегі барлық алмаың түп атасы болып саналатын Сиверс алма ағашының көшеттері отырғызылғанын да айта кеткен жөн. Көшеттерді отырғызу акциясы «Ұлттық саябақтарды қолдау» қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Спицынның бастамасымен ұйымдастырылыпты. Ол бұған дейін де Іле Алатауы ұлттық саябағының көрікті шатқалдарында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көпірер және туристік инфрақұрылым нысандарын өз күшімен орнатқан болатын. Сиверс алма ағашы Іле Алатауында, Қазақстанның оңтүстігінде және шығысында ежелден өседі. «Қызыл кітапқа» енген. Экологтардың айтуынша, оны әлемде аса сирек кездесетін түр ретінде, еліміздің символы ретінде сақтау, одан әрі жандандыру және қорғау үшін көп жұмыс атқару қажет. – Бүгінде көбіміз Ұлттық саябақты кәуап жеп, сусын ішіп, демалатын жер деп қана түсінетінімізді мойындауымыз керек. Мұндай демалыстан соң үнемі тау боп үйілген қоқыс пен кесілген томарлардың ғана қалатынын бәріміз білеміз. Осыған байланысты өздері тұратын өңірдің табиғатын аялайтын, қорғайтын шетелдіктерден үйренеріміз көп, – дейді мамандар
Болат АБАҒАН, Алматы облысы