Алғашқы ойын Алматыдағы орталық стадионда өтті. Жергілікті «Қайрат» пен талдықорғандық «Жетісу» командалары арасындағы ойын алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. «Қайрат» футболшылары Алмат Бекбаев қорғаған қақпаға жауапсыз үш гол соқты. Ойынның 11-минутында Камо Оганесян «Қайратты» алға шығарса, 56-минутта польшалық легионер Конрад Вжещиньский есепті еселеді. Ал ойын аяқталар тұста Артур Шушеначев қорытынды есепті 3-0-ге жеткізді. Осылайша, «Қайрат» командасы турнир кестесінде көш басына шықты. Петропавл қаласында өткен ойында «Қызылжар» көкшетаулық «Оқжетпес» клубымен кездесті. Ойын барысында қонақтар сапынан Жасұлан Молдақараев 28-минутта есеп ашты. Одан кейінгі үш голды алаң иелері соқты. Алдымен Габрьел Энаке таразы басын теңестірсе, 76-минутта көкшетаулық Пламен Димов өз қақпасына гол соғып алды. Кездесудің 87-минутында Тимур Мульдинов ойынның нүктесін қойды. «Қызылжар» өз алаңында 3 ұпайға қол жеткізіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты. Ал қостанайлық «Тобыл» осы жылы Премьер лигаға қосылған «Каспий» командасын 2:0 есебімен жеңді. Ойынның 84-минутында Азат Нұрғалиев, 89-минутында Оралхан Өміртаев көзге түсті. Стойчо Младенов жаттықтыратын қызылордалық «Қайсар» командасы «Тараз» командасымен тең түсті. Бұл кездесуде алаң иелері қатарынан 41-минутта Думан Нәрзілдаев есеп ашса, 49-минутта «Тараз» ойыншысы Тони Сильва таразы басын теңестірді. Ал Шымкентте «Ордабасы» командасы Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Бұл кездесуде қарағандылық клуб сапынан 64-минутта Жереми Манзорро соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті. «Шахтер» сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жетті. Енді 4-тур ойындары 5 шілде күні өтеді. Бұл турда «Жетісу» мен «Ордабасы», «Тараз» бен «Оқжетпес», «Шахтер» мен «Қайсар», «Тобыл» мен «Астана», «Каспий» мен «Қайрат» командалары кездеседі.
Абылайхан ЖҰМАШ