Жемқорлықтың тасқа біткен тамырын талқандасақ...
Жемқорлықтың тасқа біткен тамырын талқандасақ...

Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заң қабылданды. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде біздің елімізде әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді.

Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және жетілдірілу үстінде. 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия бекітілді.

Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлық бір күнде жойылатын іс емес. Ол еліміздің әр азаматы жұмыла күрескен сәтте ғана нәтижелі болмақ. Еліміздің дамуына бармақ басты, көз қыстылықтың тигізер кесірін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді.

Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Жемқорлықпен атүсті айналыспай, тереңнен қозғап, түбінен қазып тазартқан абзал. Реті келсе тасқа біткен тамырын да тас-талқан ету керек.

Кез келген өркениетті қоғам үшін – жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу – тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл індетке қарсы тұруға болады.

 

С.Джолдыханов,
Алматы облысы,
Ақсу ауданы,
Көшкентал мәдениет үйінің директоры