Қазақстандықтарға алдағы екі аптада Түркияға кіруге тыйым салынды
Қазақстандықтарға алдағы екі аптада Түркияға кіруге тыйым салынды
© сурет интернеттен алынды
137
оқылды
Қазақстан азаматтарына алдағы екі аптада Түркияға кіруге тыйым салынды. Бұл туралы Air Astana компаниясының Facebook-тегі парақшасында хабарланды.
«Түрік билігі Қазақстан азаматтарына екі апта бойы Түркияға кіруге уақытша тыйым салынғаны жөнінде Air Astana әуе компаниясын хабардар етті. Бұған 2 шілдеде жарияланған Қазақстанда карантиннің күшейтілуі себеп болып отыр. Алматыдан және Нұр-Сұлтаннан Анталья мен Ыстанбұлға рейстер Түркияда демалысы аяқталып, елге оралатын қазақстандықтарды алып келу үшін жалғаса береді. Түрік билігінің ақпаратына сәйкес, бұл шаралар – уақытша. Шектеулер екі аптадан кейін алынып тасталмақ», - делінген хабарламада.
Авиакомпаниядан мәлім еткендей, Түркияға жасалатын рейстердің кестесіне өзгеріс енгізіледі. Олар туралы жолаушылар электрондық пошта және sms арқылы хабардар етіледі. Еске салайық, Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң шектеу шаралары енгізіледі.