Қазақстан азаматтарына алдағы екі аптада Түркияға кіруге тыйым салынды. Бұл туралы Air Astana компаниясының Facebook-тегі парақшасында хабарланды.
«Түрік билігі Қазақстан азаматтарына екі апта бойы Түркияға кіруге уақытша тыйым салынғаны жөнінде Air Astana әуе компаниясын хабардар етті. Бұған 2 шілдеде жарияланған Қазақстанда карантиннің күшейтілуі себеп болып отыр. Алматыдан және Нұр-Сұлтаннан Анталья мен Ыстанбұлға рейстер Түркияда демалысы аяқталып, елге оралатын қазақстандықтарды алып келу үшін жалғаса береді. Түрік билігінің ақпаратына сәйкес, бұл шаралар – уақытша. Шектеулер екі аптадан кейін алынып тасталмақ», - делінген хабарламада.Авиакомпаниядан мәлім еткендей, Түркияға жасалатын рейстердің кестесіне өзгеріс енгізіледі. Олар туралы жолаушылар электрондық пошта және sms арқылы хабардар етіледі. Еске салайық, Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң шектеу шаралары енгізіледі.