Аталған туынды еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерейтойына және Астана күні мерекесіне орай жарыққа шықты. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.
Кітапта Елбасының Қазақстанның құқықтық тәртіп әскерінің қалыптасуы мен дамуына қосқан ерекше рөлі туралы айтылады. Тұсаукесер эпидемиологиялық талаптарды сақтау арқылы әскер басшылығы, ардагерлері және жас әскерилердің қатысуымен өтті. «Тұңғыш Президент Жарлығымен Ішкі әскерлер Қазақстан тәуелсіздік алған соң күштік құрылымдардың арасында алғашқылардың бірі болып құрылды. Әскер елімізбен бірге қатайып, айбыны асқақтады және құқық тәртібі әскерлерінің жауынгерлері өздерінің әскери антқа адалдығын, әрқашан азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға дайын екендігін талай мәрте дәлелдеді. Бүгінгі кітаптың тұсаукесері елордалық жедел бригада – 5573 әскери бөлімінде өткізілуі де кездейсоқтық емес. Өйткені, 2014 жылы Елбасы осы әскери қалашықты өзі келіп ашып, жеке құрамға Жауынгерлік туды табыс еткен болатын. Елбасының ұдайы қамқорлығының арқасында әскердің кадрлық және техникалық әлеуеті артып, жақсы жарақтандырылған және мобильді бөліністердің біріне айналды», - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов.
Аталған шараға әскер ардагері генерал-майор Дәулет Салханов та қатысып, өзінің естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіргенде ең алғашқылардың бірі болып кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан әскерінің Бас қолбасшылығы қоныс аударған. Сол жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас қолбасшылыққа келіп, астаналық екі бірдей әскери бөлімге Жауынгерлік туды табыс еткен. Сондай-ақ, Петропавл қаласындағы Әскери институттың да Тұңғыш Президенттің арқасында ашылғаны әскер тарихында ерекше маңызға ие. «Мен әскерде қырық жылдан астам уақыт қызмет еткен адаммын. Құқықтық тәртіп әскерінің Бас штаб бастығы ретінде Елбасының алдына шығып, Ішкі әскердің қызметі туралы баяндаған кездерім де болды. Тәуелсіз ел атанғаннан бері Тұңғыш Президентіміз еліміздің қорғаныс саласына жіті назар аударып, оның дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Бүгін әскер ардагерлері атынан Елбасын туған күнімен және ел тұрғындарын елорда күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», - деді генерал-майор Дәулет Салханов.
Кітапта сондай-ақ өзінің әскери міндеттері мен адам өмірлерін құтқару кезінде жанкештілік танытып, Елбасының қолынан мемлекеттік наградалар алған Ұлттық ұлан батырлары туралы да айтылады.
Туынды қалың оқырмандар қауымға, Ұлттық ұлан әскерилері мен басқа да күш құрылымдарының қызметкерлеріне арналған. Кітап Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің кітапханалары мен ведомствоның ресми сайтында қол жетімді болмақ.