Айбынымды астанамнан таны!
Айбынымды астанамнан таны!
254
оқылды
Бұл – Қазақстан-ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі­нен кейінгі барлық қазақ Президенттеріне тапсырған ең асыл мирасы­ның бірі де­сек, артық айтпас­пыз. Әйт­пе­се, ұлан-байтақ жердің бір шетінде отырып, Ұлы дала­ны басқаруға тырысу – күрделі проблемаға ғана емес, қауіп-қатерге айналып кетуі ықти­мал. Қарапайым ғана мысал: 90-жыл­дары Қазақ­стан азаматтары Аты­раудан сол кездегі астана Ал­ма­тыға дейін жету үшін 2 700 ша­қырым жол жүруі керек болып­ты. Бұған еліміздің орталық және сол­түстік өңірлерінде мемлекет құраушы ұлттың үлесі төтенше азайып, ондағы тұрғын­дардың қалпымен орыстілді болып кетуі – Тәуелсіздікке төнген тәуекел, сын болатын. Ол кезде Қазақстан аза­мат­тары­ның басым көпшілігі КСРО төлқұжаты­мен жүрген. Астана көшіріліп, жаңа бас қала бой көтермегенде қазақ елінің жаңа тарихы қалай қалыптасарын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Елба­сы­ның кемеңгерлігі де осын­да: к­е­ле­шек көкжие­гіне көз жүгіртіп, бола­шақты болжай біліп, өз қолы­мен жасаған мемлекеттілік пен азат­тыққа залал келтірер стра­тегиялық түйт­кілдерді жоя білді, алапат қауіп-қатерлерге тос­қауыл қойды. Қазақстанның жаңа елорда­сы­ның негізін қалау идеясы Елбасы Нұ­рсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені мәлім. Тұңғыш Президент бұл бастамасын 1994 жылы 6 шіл­деде сол кездегі ел Парла­ментінің қарауына шығар­ды: тиісінше, астананы Алматы­дан Ақмолаға ауыс­тыру туралы шешімді Қазақ­станның Жоғарғы Кеңесі қабыл­дады. Дегенмен астананы ресми кө­шіру тек 1997 жылғы 10 желтоқ­сан­да жүзеге асты. Тұңғыш Прези­­дент Н.Назарбаевтың 1998 жылғы 6 мамыр­дағы Жарлығымен Ақмо­ла­­ның атауы «Астана» бо­лып өз­гер­тілді. Оның халықа­ралық тұсау­кесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 2019 жылғы 23 нау­­рыз­­да жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың №6 Жар­лығымен қала атауын­да Елбасы­ның есімі ұлық­талды.  

Түнерген қала орнында тамаша мегаполис

Кезінде саясаттанушылар мен өзге қайрат­кер­лердің айтуымен «Астана – әлемдегі ең жас астана» деп мақтандық. Артынша мұның жа­ңылыс екені анықтал­ды. Себебі ХХІ ғасыр басталғалы төрт­күл дүниедегі он шақты басқа мемлекет бас қала­сын ауыстырып үлгеріпті. Бірақ олар­дың бәрі осы істе жетістікке жетпеген. Жұрт­шылығы жерсінбей, бос қалғаны да бар. Бұл ретте біз шынымен мақтаныш тұта аламыз: елорда елдің азаттығын айшық­та­ған жаңа астана ретінде қалыптасып, өркендей алды. Әрине, жаңа астана тақырдан тұрғы­зыл­­ған жоқ. Бұл жерде әр жыл­дары Ақ­мо­ла, Целиноград атал­­ған облыс орта­лы­ғы мәрте­бе­сін­­дегі қала болды. Онда 300 мың­­дай адам тұратын. Олар Есіл­дің оң жаға­лауында қараң-құраң тіршілік кешті. Ойын-сауық орталығы жоқ­тың қасы еді. Ара-тұра концерт не жиналыс өтуі үшін «Тың көтеру­ші­­лер сарайы» (қазіргі «Аста­на» кон­церт залы) есігін ашатын. Жал­пы, кешкі 19.00-ден кейін қала тын­­шып, ұй­қыға ден қоятын. Бар­лық дүкен, дәріхана, емхана атаулы жабылады. «Тәулік бойы» не «24/7» деген ұғым ол кезде жоқ. Кеңестік үлгідегі шаһар негізінен көпқабатты «ленинградтық» па­нель­ді үйлерден және жерге сіңіп бара жатқан жатаған баспа­на­­лардан құралды. Ақмола жерінде бапалағы бұр­қырай ұшатын теректен басқа ағаш өспейді деген сенім болды. Қазақы мақам мұнда естіл­мей­тін. Отбасында өзара тілдес­ке­ні болмаса, үлесі аз қазақтар сыртта, не ресми мекемелерде орыс­ша сөй­лесетін едік. Жасыра­ты­ны жоқ, жергілікті қоғамда қазақ тілін жат­сыну, адамды қазақ болғаны үшін ұялту құбы­лысы белең алған-тын. Әлі жеткенше қарсы­ласып бағатын жастар бол­маса, ересектер онжыл­дықтар бойы мұндай тәртіпке мойын­сұн­ған. Екі қазақ кө­ше­де ке­нет мем­лекеттік тілде шүйіркелесе қал­са, бар­шасы оған бағжаң етіп жалт қа­рап, сұсты кейіп­пен қабақ түйетін. «Әй, мәм­­беттер, әдейі түсі­ніксіз тілде сөй­леп, бізге қар­сы тағы не ойлас­ты­рып жа­тыр­­­сың­дар?» дейтін на­құрыс­тары табыл­ды. Әлде­қалай елі­міздің оңтүс­тігінен келе қал­ған қан­­дас­тарымыз Ақмолада өзін бөгде мем­лекет­ке кіріп кеткендей се­зі­не­­тін, бойын қорқы­ныш би­леп, кетуге асығатын. Елбасының бастамасы көңіл тұнжыратар осы көріністің бәрін өзгертіп сала берді. Қалада аспанға бой созған заңғар ғимараттар, «Гиннесс рекордтар кітабына» енген «Хан шатыр», мұхитариум және басқа да қазақ елінде бұрын-соңды болмаған ойын-сауық және сауда орталықтары ел игілігіне берілді. Қоғам айтарлықтай қазақыланды. Бұрын орыстілді санаулы балабақша ғана болса, бүгінде олардың саны 370-тен асты (90-ы – мемлекеттік, 3-еуі – ведомстволық, 43-і – мини-орталық, қалған 215-тен астамы – жеке­меншік). Олардың барлығында дерлік қазақ топтары бар.   Astana Целиноградта бірде-бір қазақтілді мектеп қалмаған кез болды. Ал елордада қазіргі уақытта 84 мектеп бар, оның 31-і – тек мемле­кет­тік тілде, тағы 43-і – аралас, 10-ы – орыс тілінде оқытады. Қалай болғанда, артта қалған шаһар ор­нын­да заманауи зәулім мегаполис бой көтер­ді. Оның келбетіне шетелдік қонақтар­дың да қайран қала, тіпті сүйсіне қара­ға­нынан көп рет куә болдық. Рас, ғимараттары көбіне бетон мен шыны­­дан тұрғызылған, көшесі тар елорда­ның кемшілігі де жетерлік. Оны ертеректе Астана­ның дамуына арналған кеңестерде Елбасы атап көрсетті. Орнында бар оңалар.  

Әлемдегі ең жас астана қайсы?

Қазнет пен рунеттегі іздеу жүйелеріне «әлемдегі ең жас астана қайсы?» деп сұрау сал­саңыз, «Астана» деп көрсетеді. Шын мәнін­де, ең жасы – Палау Республикасының астанасы Нгерулмуд, Малайзияның Путрад­жая­сы және Мьянманың Нейпьидосы. Палаулықтар бұрынғы астанасы Корор­ды үнемі «уақытша» деп санайтын. Бұл ел 1979 жылғы Конституциясына сәйкес, 10 жыл ішінде жаңа астананы анықтауы керек болатын. Содан 1986 жылы бұл мәртебеге Мелекеок штатындағы Нгерулмуд қаласы лайық деп танылды. Әйтсе де, Палаудың елор­дасы бертінде, ХХІ ғасырда, 2006 жылы ғана ресми түрде көшті. Себебі ел басшылығы оты­ратын Капитолий ғимаратының құры­лы­сы сол жылы аяқталған. Мьянма 2005 жылы астанасын Нейпьидо («Патшаның елі») қаласына ауыстырды. Жаңа шаһар Чепьи деревнясының орнында бой көтерді. Кейбір болжам бойынша бас қаланы алмастыруға астрологтердің кеңесі себеп болыпты. Мұндай жағдай осы ел тарихында бұрын кездескен деседі. Кеңес кезінен бері қазақстандықтарға Бирма атауымен белгілі Мьянманың бұған дейінгі астанасы Янгон (Рангун) болған. Малайзия 2005 жылы астанасы Куала-Лумпурден 20 шақырым қашықтықта Үкімет­ке арнап жаңа әкімшілік орталығын салды. «Путраджая» деп аталатын ресми жаңа астана­сының аты даңқты ханзада деп аудары­лады (putra – ханзада, jaya – даңқты). Өйткені жаңа елор­да салуды елдің тұңғыш премьер-минист­рі Абдула Рахман ұсынып­ты, ал ол шығу тегі бойынша ханзада болып есеп­теледі.  

Жолы болмаған жаңа астаналар

Бұған дейін дүниежүзіндегі ең жас астана ретінде сарапшылар Оңтүстік Суданның бас қаласы Джубаны таныған болатын. 2011 жылғы 9 шілдеде  8,5 миллион халқы, 589 745 шаршы шақырым жері бар осы африка­лық ел Суданнан тәуелсіздік алып, БҰҰ-ға мүше болды. Жас мемлекет Ніл өзенінің жағасында орналасқан, елдегі соғыстан қираған, жолдарынан сау-тамтық қалмаған, 300 мыңдай тұрғын тұрып жатқан Джуба атты елді мекенді өз орталығы ретінде жа­рия­лады. Сыртқы бейнесінің ұсқынсыз­ды­ғына қарамастан оңтүстіксудандықтар оны мақтан тұтты. Мұны жаһандық картада пай­да болған жаңа мемлекетке әлемнің әр елі­нен ағылған телеарналар жергілікті тұр­ғын­­дардан сұхбат алып, жарыса жеткізіп жатты. «Біз Вашингтон, Лондон, тіпті Хартум, Кампала немесе Найроби секілді көрнек­тілеу көрінісімізді паш ете алмаймыз. Алайда бұл біздің жаңа астанамыз және ол – біздің мақтанышымыз! Біз – сәби мемлекетпіз. Қадамымыз да, талпынысымыз да жаңа. Демек, бәрін жаңадан салып шығамыз!»  деген тұрғын Уильям Денгтің жарқын үні экраннан әр елді аралап кетті. Қуаныштың жөні бар: ондаған жылға созылған соғыс Оңтүстік Суданның азаттығымен аяқталды. Оның жерінің асты мұнайға толы. «Қара алтыннан» түсетін доллар тасқыны астананы тақыр жерден тұрғызуға мүмкіндік беретін. Нәтижесінде, Ливаннан – бизнесмендер, Қытай­дан – құрылыс компаниялары, АҚШ-тан  кү­зет фирмалары осы елді бетке алды. Бірақ 2011 жылдың 5 қыркүйегінде Оңтүстік Суданның Министрлер кеңесі елдің астанасы Джубадан 240 шақырым жердегі Рамсельге қоныс аударатынын мәлім­деп, тиісті шешім қабылдады. Жер-жаһандағы ең жас мемлекет үкіметінің Бас хатшысы Абдона Агавының түсіндіруінше, Джуба қаласы Орталық Экватория штаты­ның аумағында орналасқан, ал әлгі штаттың билігі орталық үкіметке жаңа мемлекеттік ғимараттар салу үшін қажетті көлемде жер беруден бас тартыпты. Бүгінге дейін Оңтүстік Суданның астанасы көшіп болған жоқ. Сондықтан халықаралық қоғамдастық оның орталығы ретінде әзірше Джубаны қабылдауда. Әлемдегі ең жас астананың бірі ретінде жалпы мойындаған Малайзияның жаңа орталығы – Путраджаяға бірер жыл бұрын посткеңестік кеңістіктегі елдерден бір топ блогер барып қайтты. Олардың әңгімесі таң­ғалдырады. Тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйіні мына сөйлемге сыйып кеткен­дей: «Егер Путраджая көшесінде жолға шығып, шалқа­ңыздан түсе кесе-көлденең жатып алсаңыз, ... сіз ешкімге де кедергі келтір­­мей­сіз!» Неге? Қала коронавирус инфекциясы тарап, адамзат карантинге жабылардан көп жыл бұрын бос қалған. «Путраджаяға сапарымыздан алған әсер – көл-көсір болды. Бұрын ол жерде тақырдан басқа ештеңе болмапты. Оның орнында тұр­ғызыл­ған қала бәрімізді айрықша толға­нысқа түсірді. Болашақ қаласы өзен жаға­сында бірнеше шақырымға созылып жатыр. Сәулет туындысы саналатын әртүрлі үлгідегі 8 көпір салынған. Бірақ қалада адам жоқ. Арагідік қаланы күтіп ұстайтын бірлі-жарым жұмысшы ғана ұшырасады. Көшелерге бағдаршам орнатылған, бірақ ол ешкімнің қажетіне жарамайды: көлік жоқ. Керемет қымбат кинофильм түсіру үшін жасалған шаһар сияқты. Онда қаптаған әкімшілік мекеме салынған. Оған кіріп-шығып жатқан ше­неу­ніктер де кездеспейді. Ұшар басында тама­шалау алаңқайы жабдықталған Perbadanan Putrajaya кешені, Istana Kehakiman әділет сарайы, шопинг орталықтар, конфе­ренц-залдар – бәрі-бәрі бос. Айналада құ­лақ­қа ұрған танадай тыныштық. Бос жатқан көшелермен серуендеу көңілде үрей туды­рады», – дейді интернетте Verytruth және «Ангел кайфа» атымен танымал блогер Ольга Дворецкая. Ақыр соңында блогерлер жергілікті «фестива­льға» тап болады: малайзиялық әйгілі әнші 15-20 шақты көрермен алдында өнер көрсетіп жатыпты... Олай болса, астананы жариялау – ірі істің ба­сы ғана. Ең бастысы, оның әрі қарай өр­кен­­деп, халықтың игілігіне айна­луы болса керек.  

АйханАйхан ШӘРІП